Қоғам

Теледидарды неге құрттым?

Түс әуелетінде әлде бір танысым қоңыраулатып қалды.

Салған жерден:
– Телевизорыңды қосшы, бүгін «Қалаулым» қызық болады, – деді.
– Үйде теледидар жоқ, – дегеніме қарқылдап күліп алды.
– Шын айтып тұрсың ба, теледидар жоғы несі? Техниканың дамыған заманында теледидар қарамайтының қызық екен.
Танысыммен теледидар туралы әңгімелесіп тұрғанымды естіген отағасы өзімен-өзі күбірлей кетті.
– Бар нәрсені құрттың ғой. Шынында да, балаларға обал жасадың. Иә, бар теледидарды құртқан өзім едім. Өйтпегенде қайте­йін? Адамға тәлім-тәрбие беретін бағдарламалар жоқтың қасы. Не дұрыстап кино көре алмайсың. Бес минут сайын көрсететін жарнамаларының өзі балаларымды бұзып бітті. «Олбейс» дейсіз бе, «еркектің қуатын арттыратын таблеткалар» дейсіз бе, ашық жарнамалайды. Баланың ойлау жүйесі ақ парақтай аппақ болады емес пе? Нені көрсе, нені оқыса санасына сол жазылады. Олбейс пен әлгіндей арсыз жарнамаларды көре бергесін шығар, солардың сөзін қайталап айтып жүргенін көріп жүрегім ауырған. «Олай айтпа, ол жаман сөз, ұят болады» деуін дедік қой.
– Жаман сөз болса, бүкіл ел көретін теледидарға неге шығарады? – деп, қарсы сұрақ қойғанда не дерімізді білмей қалдық.
Көрсететіні анайы жарнамалар, одан қалса, шет елдің соның ішінде біздің салт-дәстүрімізге ұлттық құндылығымызға мүлдем жуыспайтын шет елдің сериалдарын көрсететін еліміздегі арналарға кейінгі кезде қапаланғаным рас еді. Шет елдің қаңсығына өкпелеп, «біздің қазақтар неге осы дұрыс бағдарлама бермейді» деп жүргенімізде, біздің біләрмандар да біршама шоу бағдарламаларды ойлап тауып, көрермендердің назарына ұсына бастады. «Қалау­лым» дейсіз бе, «Кел, келінім», «Өз ойым» сияқты адамға берері жоқ бағдарламаларды қарап отырып, өкпем қара қазандай болды. Бой жетіп отырған қыз­дың жұрт алдында ешкімнен қымсынбай күйеу іздегені немесе жасы келген әйелдердің бүкіл ел алдында ұлына келін іздегені қай бабамыздан қалған салт еді? Жүзінде жылылық, жүрегінде имандылық, бойында қызға тән қасиеті жоқ Зәмира сынды шөпжелкелер көгілдір экран алдында бар мінезін көрсетіп дөрекі сөйлегені, күйеуімен қайтіп-қалай ажырасып кеткенін айтуы, ер адамға «айырамын» деп айқайлағаны, қанша еркекті көргенін айтуы кімге опа, кімге тәрбие? Бетіне бес батпан бояуды жағып алып болашақ енем мен болашақ күйеуіме осындай деп шарт қоямын деп, екіленіп тұрып сөйлеген жалбыршаштарды көрсету арқылы біздің арналар не ұтты екен? Кеудесін пластикалық операция арқылы өзгерткен қыздар мен еркектен әйелге айналған көгілдір еркектерді ел алдына шығарғанда не тапты? Онысымен қоймай, «Қыздығымды сатамын» деп жаһанға жар салған қыз туралы түсірілім жасағаны не? Қазақтың қай қызы өз-өзін ашық жарнамалап еді? Қазақтың қай қызы үлкеннің бетінен алып, ер адамды жерден алып жерге салып еді? Бұл адамдар шынайы өмірде мұндай емес, бұлар жай әртістер, шоу ғой деулеріңіз мүмкін. Шоу болсын, әртістер болсын – көрермен оларды шынайы қабылдайды емес пе?
Өсіріп отырған балаларымның адамға берері жоқ сұрқия бағдарламалармен санасын улағым келмейді. Осы себепті үйдегі бар теледидардың шнурын қиып, сыртқа шығарып тас­тағанмын. Қазір әлеуметтік желіден телебағдарламалардың аңдатпасын көрген сайын сөйткенім дұрыс болыпты деп ойлаймын.

Салтанат АБЫЛБЕКОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button