ДенсаулықЖаңалықтар

ТЕМЕКІДЕН БАС ТАРТУҒА ШАҚЫРДЫ

IMG_9125

Астана қаласы денсаулық сақтау бас­қармасы мен «ZhaStar» Жастар сая­саты орталығы қоғамдық қорының ұйым­дас­тыруымен «Бәйтерек» халықаралық баспасөз орталығында «Астана – темекі түтінінен азат қала» тақырыбында брифинг өтті. Брифингтің мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, зиянды әдеттерден аулақ қылу.

Алғаш сөз алған Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Марат Құрманов: «Бұл ауыр әдеттен арылудың жолы да күрделі, оған кететін уақыт та біршама. Мәселен, Канада елінде осы жөнінде өткізілген шаралар сегіз жыл ішінде ғана оң нәтижелер берген. Ал, біз өз ресми сайтымыз арқылы жүргізген сауалнамаға сүйенер болсақ, «Сіз салауатты өмір салтын ұстанасыз ба?» деген сауалымызға 2010 жылы тұтынушылардың 47 пайызы «жоқ» десе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 37,5 пайызға түскен» деп, істің алға басып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол темекінің ғана емес, насыбайдың да зияндылығына тоқталып, осыған байланысты ауруханаларда болған 4 оқиғаны тілге тиек етті.

Өткен жылы елордамызда шылымқорлық әдеттің алдын алу жөнінде 1500-ге жуық шаралар атқарылған. Осыған орай астаналық медицина орталықтары белсенді әрекет етіп келеді. Дәрігерлер тарапынан 2013 жылы 88 419 адамды қамтыған 1402 іс-шара өткізіліп, оның төрт мыңы ірі ауқымдағы акцияларға қатысты болды. Ал, 33 мыңға жуық адам Ашық есік күндеріне атсалысқан. Медициналық-сауықтыру орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гау­хар Бектаева да бұл проблеманың бүгінгі қоғам алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі екенін айтты. «Жалпы, темекі, насыбай немесе өзге де психобелсенді заттарды тұтыну деңгейі қоғамда әлі төмендемей тұр. Әсіресе, жастар арасында 12 жастан бастап темекіге әуестік жиі байқалады. Темекіге тәуелділік – есірткі заттарына тәуелді болудан кем емес. Бүгінде жастардың есірткі заттарын тұтыну деңгейі ресми дерек бойынша 3,8 пайызға төмендегенімен, марихуана заттарын қолдануы 7,8 пайызға өскен. Бұған қоса, дәріханаларда дәрігер рецептісі бойынша берілетін дәрі-дәрмектер еш қадағалаусыз сатылуда. Өкініштісі, бұл дәрілердің құрамында есірткі тектес заттар да бар» деді.

Атап өту керек, елордалықтар осы мәселе бойынша өткізілетін семинар, тренинг, дөңгелек үстелдерге белсенді түрде қатысып келеді. Осы ретте зиянды әдеттің зардаптары жайында 51 200 дана ақпараттық материалдар таратылған.

Ал, медициналық ұйымдар темекі өнім­дерінен келетін зиян жайында бейне­ро­ликтер түсіріп, өз мекемелері ғимарат­тарында орналасқан теледидар арқылы пациенттердің назарына ұсынып келеді.

Баспасөз мәслихатынан кейін «Кон­гресс-холл» сарайы алдында астана­лық жастардың атсалысуымен салауатты өмір салтын насихаттаған флешмоб өткізілді. Онда елорда өрендері темекі тартудан бас тартуға шақырып, бұқараның назарын аударып, «Темекі шегу – сән емес, еркін тыныс ал» және «Никотинге – мандарин» акцияларын жүргізіп, қала тұрғындарына ой тастады.

Жайық НАҒЫМАШ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button