Қала мен Сала

Тілендиев даңғылы қалай түрленеді?

Қалалық Урбанистика орталығы мамандарының мәлімдеуінше, алдағы уақытта елордадағы Тілендиев – Ұлытау – Арқалық – Қайнар көшелерінің қиылысындағы қоғамдық кеңістік өзгеше күйге енеді. Игі шара «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы аясында Нұрғиса Тілендиев көшесі тұрғындарының сұранысы негізінде жүзеге асырылады.

[smartslider3 slider=3088]

Енді бұл жерде тағы бір жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады. Онда тұрғындардың бос кездерінде алаңсыз демалуына арналған тыныш аллея, воркаут-аймақ, футбол алаңы бой көтереді. Қалалық Урбанистика орталығының мамандары аудан әкімдігінің өкілдерімен талқылау нәтижесінде елорда тұрғындарының өтінішін ескере келе, Н.Тілендиев көшесінің бойына жайластырылатын жаңа қоғамдық кеңістік жобасының эскизін жасады.

– Бұл жердегі негізгі аллея әткеншек пен авторлық орындықтары бар демалыс аймағының аумағын қамтиды. Онда балаларға арналған балалар алаңы жас санаттары бойынша бөлінген. Мұнда кішкентай балалар үшін жеке аймақ және егде жастағы адамдардың демалуы үшін бөлек аймақ қарастырылған, – деді Нұр-Сұлтан қаласындағы Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.

Абаттандыру алаңы Нұрғиса Тілендиев даңғылындағы 44/1, 46, 48, 50 үйлердің жанындағы 7,5 гектар жерді қамтиды. Жобаланған учаске Тілендиев – Ұлытау – Арқалық – Қайнар көшелерінің төрттігінде орналасқан.

Орталық басшысының мәлім­деуінше, жаңадан құрылып жатқан қоғамдық кеңістіктің бойына діңі бар ірі ағаштар отырғызылатын болады. Түнде осы аумақтың айналасындағы көше жарығы қалаға ерекше көрік береді. Жалпы аумағы бір жарым гектар жерге 200-ге жуық ағаш пен 50 көпжылдық бұта отырғызу жоспарланып отыр.

– Аула кеңістігі аумағында футбол алаңы, воркаут-Аймақ, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған балалар алаңы және 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға арналған ойын алаңы пайда болады. Сонымен бірге, Н.Тілендиев даңғылында 160 жаңа тұрақ орны, Қайнар көшесінде – 50, Арқалық көшесінде – 130, Ұлытау көшесінде 40 жаңа тұрақ орны пайда болады, – деді Е.Базыкен.

Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы ұсынған эскиздер бойынша аудан әкімдігі жобаны іске асыруға кірісті. Қазіргі кезде бұл аумақта абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы, осы жылдың соңына дейін «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары бойынша елордада 200-ден астам қоғамдық кеңістік және аула абаттандырылады.

Сонымен қатар, қаланың барлық аудандарында экологияны жақсарту және қала тұрғындарына жайлы орындар құру үшін ауқымды көгалдандыру жұмыс­ы жалғасуда. Атап айтсақ, қала әкімдігі алдындағы алаңда абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда шамдар, орындықтар, көлеңкелі шатыр, амфитеатрдың дизайны орнатылған.

Өткен жылы елордада бір миллионнан астам ағаш, бұта және көшет отырғызылса, сәуір айынан бастап «Астаназеленстрой» ЖШС өкілдері бір ай ішінде бас қалада 13 мыңнан астам ірі ағаш пен бұта отыр­ғызды. Олардың арасында қылқан жапырақты ағаштар, соның ішінде кәдімгі қарағай, сібір шыршасы, балқарағай; сондай-ақ емен, жөке, тал, кең жапырақты шегіршін, мойыл секілді жапырақты ағаштар да бар. Осылайша, алдағы уақытта қаладағы барлық саябақтар мен алаңдарда және қоғамдық кеңістіктерде жаңа ағаштар пайда болады.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button