Мәдениет

Дүрілдеген дүлдүлдері

Елордада бес күн бойы дүрілдеген «Азия жаңғырығы» цирк өнерінің ХІІ халықаралық фестивалінің қорытындысы шығарылды. Айтулы шараға Ұлыбритания, Вьетнам, Мысыр, Израиль, Испания, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина және Қазақстан сынды әлемнің 13 мемлекетінен 60-қа жуық әртіс қатысты.

Қазылар алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен Қытайдың «Zhang Fan» (бос сым) нөмері гран-при мен «Цирк өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін» марапатына ие болды.
«Аса жоғары орындаушылық шеберлігі мен кәсібилігі үшін» аталымында бас жүлдені шымкенттік цирк әртісі Олег Касаткин жетекшілік еткен «Байқоңыр» нөмері, алматылық Әділет Тикановтың жетекшілігімен қойылған «Өтпелі баспалдақ» нөмері және ресейлік эквилибр Олеся Федотованың «Ай арманы» атты доппен көрсеткен нөмері өзара бөлісті. Алматы әртістерін аталған нөмермен Беларусь мемлекеттік циркінің директоры Владимир Шабан Минск қаласына өнер көрсетуге шақырды. Осы аталымда екінші және үшінші орын жүлдері иелерін тапты.
Бұған қоса, бірнеше арнайы сыйлық тапсырылды. «Пілдермен жер жүзін айналып шығу» аттракционының жетекшісі ресейлік Андрей Дементьев-Корнилов Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің сыйлығын, өзбекстандық Омурбек Молдокматов «Көгершіндермен иллюзиялық шоу» көрсеткені үшін және украиндық сайқымазақ Петр Городицкий «Petrucho Nero» номері үшін Астаналық цирктің сыйлығын иеленді.
Сол сияқты Қазақ мемлекеттік циркінің, Ереван мемлекеттік циркінің, Майамидің Фаербёрд продакшн компаниясының, «Цирк әртістері қауымдастығы» қоғамдық ұйымының, «Шымкент-Цирк» мекемесінің, Украина мемлекеттік циркінің, Үлкен Варшава циркінің, Өзбек мемлекеттік циркінің жүлделері берілді.
Alisa Shehter (Израиль) «Torn» нөмерімен «Латина» халықаралық цирк фестиваліне, Бридж Личнер (Испания) «Соло-трапеция» номерімен Ю. Никулин циркінің Мәскеу халықаралық жастар фестивалі-байқауына шақырту алды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button