Басты ақпаратМәдениет

Цирк өнерінің серкелері

Мереке күндері Астанада цирк өнерінің бірегей шарасына айналған дәстүрлі «Азия жаңғырығы»  фестивалінің жалауы желбіреді.

Биылғы байқауға 12 мемлекеттен, яғни Франция, Канада, Никарагуа, Эфиопия және Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Вьетнам, Ресей, Беларусьтен және отандық 60-тан аса цирк өнерінің серкелері елордалықтарды төрт күн бойы қызық думанға бөледі. Олардың өнерін осы саланың майын ішіп, жілігін шаққан қайраткерлері мен халықаралық төрешілер сараптайды.
Фестиваль барысында көрермендер цирк алыптарының таңғажайып өнерін тамашалады. Қолға үйретілген аю мен маймылдың ойындары балаларды қызыққа кенелтті. Акробаттардың ауада тартылған жіп үстіндегі көз ілеспес қимылдары әсерлі шықты. Мотоцикл мінген эквилибристер мен эфио­пиялық әрістердің икарийлік ойындары да керемет.
Сондай-ақ, айтулы шараға қонақ ретінде шақырылған венгриялық танымал піл үйретуші Ричард Такас пен Украинадан келген шоу-бағдарламалардың жетекшісі Виктория Гриценко өз өнерлерімен жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Айта кетейік, байқау 8 шілде күні аяқталады.

ИСАНЫҢ ШАПАНЫ, ЖҮСІПБЕКТІҢ КІЛЕМІ

Астана күні мерекесіне орай Ұлттық архив ғимаратында «Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы» рес­публикалық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған «Астана – Алаш арманы» атты тақырыптық көрме өз жұмысын бастады. Мәдени шараға Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі де атсалысты.

«Рухани жаңғыру» аясында өткен көрме сөрелеріне көптеген құнды жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бағалы заттары,
Иса Байзақовтың шапаны мен жеке тұтынған дүниелері, Жаяу Мұсаның қобызы, Шәкен Аймановтың бөркі және басқа да дүниелер бар.
Көрме 30 күн бойы астаналықтар мен қала қонақтарына тегін жұмыс істейді. Көрер­мендер аталған жәдігерлер жөнінде архивист мамандардың пікірін де тыңдай алады. Тағы бір қосарымыз, көрмеден Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1933 жылы басылым көрген шығармаларын да көруге болады. Сондай-ақ, араб және латын қарпіндегі сирек кездесетін тарихи кітаптар да келушілер назарына ұсынылып отыр.

ОРЫС СУРЕТШІЛЕРІНІҢ ЖАУҺАРЫ

Астана күні мерекесінде Ұлттық музейде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және орыс-американ қоры, сондай-ақ, «The SonMar Group» американ компания­сының ұйымдастыруымен «АҚШ коллекцияларындағы XIX-XX ғасырдағы орыс суретшілері» атты көрме ашылды.

Шараның салтанатты ашы­луында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы министрліктің орыс-­американ қоры мен «The SonMar Group» американ компаниясының бірлесіп өткізіп отырған ірі үшінші жоба екендігін айтып өтті. Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова жиналғандарды елорда күнімен құттықтап, осы көрмені ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген Қазақстандағы АҚШ елшісіне ризашылығын білдірді.
Көрмеге XIX-XX ғасырдағы бейнелеу өнерінде қолтаңбаларын өшпестей қашап қалдырған орыстың қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды. Олардың арасында орыс кескіндемесіне тың өріс әкелген Илья Репин, Алексей Саврасов, Владимир Маковский, Константин Коровин, Петр Трубецкой, Борис Григорьев, Наталья Гончарова, Роберт Фальк секілді әйгілі суретшілердің бірегей жұмыстары бар. Әсіресе, Иван Пуниннің кенеп, майлы бояумен көркемдеген «Әмбебап дүкен», Константин Коровиннің «Түндегі Виши», Давид Бурлюктің «Күнбағыспен натюрморт» секілді картиналарына еріксіз таңдай қағасыз. Өнердің шынайы құдіреті деген осы болар.
Айтпақшы, елорданың 20 жылдық тойы аясында Нью-Йорктегі ұлттық өнер клубында Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайының коллекцияларынан қамтылған «ХХ ғасырдың жауһарлары» атты көрмесі өтіп жатыр. Қысқасы, мұның бәрінен Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәдени алмасу даңғыл жолға айналғандығын көреміз.

АСТАНАДА – КОМЕДИЯ ТЕАТРЫ

Астанада мереке күндері алғашқы комедия театры ашылды. Елорда әкімдігінің қолдауымен жұмысын бастаған өнер ошағы шаһардың 20 жылдық мерейтойына көп тартудың бірі болды. Комедия театрының директоры-көркемдік жетекшісі қызметіне белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов тағайындалды. NOMAD CITY HALL атауы берілген театр ЭКСПО көрмесі аумағындағы «Энергия холында» орналасты.

Театр репертуарына барша әлемге танымал комедиялық спектакльдер енгізілмек. Көрермендер оларды қазақ ті­лінде тамашалайды.«Астанада комедия театры ашылуының қаламыздың мәдени дамуына оң ықпалын тигізері сөзсіз. Оның қанатының астына бүкіл Қазақстаннан талантты жастар жиналады. Театр жас әзілкештерге өзін-өзі танытуға және өз өнерін паш етуге мүм­кіндік беретін бірегей алаңға айналмақ» дейді Астананың  Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажа­ғұлов.
Театр базасын­да «Әзіл әлемі», «Назар аудар», «КТА» ойындары бағ­дарламалары мен әзілкештердің авторлық өнері көрсетіледі. Бұған қоса, мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары арасында турнирлер өткізіледі.
«Елімізде дарынды жас­тар көп. Әзіл-қалжың өне­рі қазаққа жат емес. Бұ­рын әзіл-сықақ кеште­рін өткізу үшін залдарды жалдайтынбыз. Ал енді өз ғимаратымыз бар. Бұл жағдай біздің шығарма­шылығымызға оң әсер етіп, жақын арада көрер­мендерімізді театр әртіс­терінің орындауындағы әлемге танымал қойылым­дарымызбен және премьералармен қуантамыз деп ойлаймын» дейді комедия театрының директоры-­көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатов.

Бетті дайындаған
Аманғали ҚАЛЖАНОВ, Азамат ЕСЕНЖОЛ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button