Басты ақпаратРухани жаңғыру

Түлей түс, Түркістан!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жазда ел үшін аса маңызды тарихи шешім қабылдады. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына көшіріліп, Түркістан облысы құрылды. Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Бұл қазақы қаймағы бұзылмаған өңірдің ғана емес, біртұтас республиканың алға басып, өркендеуіне жол ашатынын әртүрлі саладағы сарапшылар айтуда. Әрине, ол үшін алда атқарылар ауқымды істер бар. Қазір аймақты түлетуге қатысты жан-жақтан түрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылуда. Сондай бір топ пікірлерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Бұл, әлбетте, сүйін­шілеуге тұратын жаңа­лық. Шымкенттің рес­пуб­ликалық маңызы бар қала болуы – үлкен қадам. Алдағы уақытта шы­райлы қала – оңтүстік өңір­дің мәдени, рухани әрі спорт бағытындағы ірі орталығына айналуы тиіс. Оған оның ресурсы да, мүмкіндігі де жетеді.

Ірі өндіріс орындары қажет

Түркістан облысына оралатын болсақ. Жаңа облыстың отау көтеруі – оң бастама. Бұл өңірде халық өте тығыз орналасқан. Адам саны көп. Басым бөлігі – жастар. Демек, еңбек ресурсы жеткілікті. Алдағы уақытта Түркістанға ең керекті дүние – ірі өндіріс орындарын ашу. Бұл ай­мақ­тағы жұмыссыздықты жоя­ды. Ең қызығы, еліміздегі ірі кәсіпорындар солтүстік өңірлерде орналасқан. Ал еңбек ресурсы, демек адамдар – оңтүстікте. Осы парадокс туралы Үкімет ойланса деймін.
Жаңа өнеркәсіптер Түр­кістан қаласының маңында бой көтерсе. Халық тығыз­дығына байланысты бұл жердегі ауылдық елді мекендер бір-біріне өте жақын орналасқан. Онда қаншама азаматтар күн көріп жатыр. Оларды жұмыспен қамту керек.
Ендігі кезек Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «5 әлеуметтік бастама» деп аталатын үндеуіне қарай ойыссақ. Бұл бастама Түркістан өңірінде жүзеге асу үшін үлкен-үлкен реформалар қажет. Мұндағы факторлардың бірі – білім. Бұл өңірде білім ордалары көп болғанымен, оның сапасы барлығымызды ойландырады. Ал соншалықты көп пайдаға келмейтін мамандар елімізге не бере алады? Әлбетте, ештеңе. Сондықтан Елбасы үндеуіндегі «жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақ­сарту» деген тапсырмасы осы орайда ерекше назарда болу керек деп ойлаймын. Сапалы білім – жарқын болашақтың кепілі.
Осы екі мәселе жүзеге ­асуын же­дел бастаса, үндеудегі тұр­ғын үй, шағын және орта бизнеске берілетін несие, салық салмағының азаюы халық жағдайының жақсарып, өңірдегі экономиканың тұ­рақты өсуіне әсер етеді деп ойлаймын.

Тарихи өлке туризм ордасына айналса…

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ,
әлеуметтік ғылымдар магистрі

Қазақстанның тарихи ту­ризм ошағы саналатын Түркіс­танның туристерді тартуға әлеуеті зор. Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында отандық ту­ризм саласын дамыту мәселесіне кеңінен тоқталған. Отандық туризм кластері Ұлт жоспары қадамынан тиісті орнын ала алады деген сөз.

Туризм – Қазақстан экономи­ка­­сындағы қарқынды сала­лардың бірі. Халықаралық са­рапшылардың пікірінше, қа­зіргі кезде туризм әлем­дік эко­номикадағы қарқыны төмен­демейтін саланың біріне жатады. Қазақ­станның әрбір аймағы – туризм кластерінің ошағы. Еуразия кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған өлкеде ертеден қала соғылды, мәдени ошақтар салынды.
Бүгінде Түркістан қаласы тұр­ғын­дарының саны 200 мыңға жақындап отыр. Түркістан шаһары – Қазақстанның тари­хи туризмінің бірегей ордасы. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Түркістан қаласы халықаралық көлік магистралінің желісінде орналасқан. Теміржол, көлік-жол қатынастары ретке келтіріл­ген. Қаланың әлеуметтік инфра­құрылымында да басты нысандар туристерге қызмет атқара алады. Ойын-сауық орталығы, заманауи қонақүйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық демалыс нысандар, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын орындар баршылық деген сөз. Шавғардан Түркістанға дейін Түркістан қаласының тарихы 2 мыңжылдықтан бері келе жатыр. Алғаш қала атауы Шавғар деген атпен араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Ол – ежелден Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістанның басты салтанаты. XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы бейітінің үстіне салынған. Бұл ғимаратты атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Бұл ғимарат – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыстарының бірі. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып отыр. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш.

ЖАҢАША ДАМУҒА БАСТАЙДЫ

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ,
экономика ғылымдарының магистрі

Әлеуметтік-экономика­лық даму факторлары, аймақ­тық демографияның оң қарқыны, өңірдің геогра­фиялық жағ­дайы, транзиттік әлеуеті оң­­түс­тік өңірдің даму траек­то­риясын қайта қарауына әкелуі сөзсіз болатын. Бұл заман талабы, өмір ағысы еді.

Мәселен, бұрынғы Оңтүстік Қа­зақстан облысы Шымкент қаласы облыс орталығы ретіндегі өз миссия­сын толығымен орындап, xалық саны облыс орталығы үшін тығыз қоныстанған, дербес экономикалық әлеуеті қа­лыптасқан, заңнамада белгі­ленген республикалық маңызы бар қалаға қойылар талаптарға толығымен жауап беретін әкімшілік бірлікке айналған еді.
Осы ретте орта ғасырлардағы көне Жібек жолының сауда-экономикалық белдеуі қызметін атқарған, транзиттік әлеуеті ерекше, даму перспективасы мен өзге де мүмкіншіліктері мол Түркістан қаласын аттас облыстың орталығы ретінде айқындау еліміздің ру­xани-мәдени бағдары ғана емес, экономикалық саясатындағы фискалдық дербестігі бар, ел бюджетіне донор аймақ ретінде қайта құрылымдауға мүмкіндік берері айқын болатын.
Ел тәуелсіздігінің бетбұрысты мезгілінде, жаңа мыңжылдықтың басында – 2001 жылы Алматы облысының орталығын Талды­қорған қаласына көшіру арқылы стаг­нациядағы қаланы ғана емес, өңірдің экономикасын өр­кен­­детіп, еліміздегі аграрлық-ту­ристік бағыттағы дамушы өңір дең­гейіне жеткізгенін ескерсек, Түр­кістанның да әлеуетті мүм­кін­діктерін пайдалану арқылы өңірде ауыл шаруашылығы, жеңіл өнер­кәсіпті дамытудың болашағы зор.
Облыс орталығында талай жылдан бері түркі әлемінің интеллектуалды орталығына айналған Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситетінің орналасқаны өңір экономикасының нақты секторы­нан өзге адами капиталды, жаңа инновацияларды дамытуына да жол ашады. Бұл тұрғыдан алғанда, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 19 маусым күні өте дұрыс шешім қабылдағаны анық. Түркі кеңесі мен Халықаралық түркі академиясы секілді халықаралық мекемелердің Түркістан қаласынан бөлімшелер ашуы – осының айқын бір дәлелі.

ТҮРКСОЙДЫҢ КӨНЕ ШАҺАРҒА ҚҰРМЕТІ

Түркі әлемінің мәдени астанасы болған Түркістан қаласында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Жиын барысында аталмыш ұйым мен Түркістан облысы арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөнiндегi өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қойылды. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев ұйымның «Құрмет» орденімен марапатталды.

«Түркі әлемінің бүгінгі за­мандағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «ТҮРКСОЙ» түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асырып, түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналды. Түркі халықтары жаһандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпей, ұлттық кодын, өзіндік ерекшеліктерін, мәдениеті, руханияты мен мемлекеттілігін сақтап қалу үшін өзара ынтымақтастығын нығайтып, бірлігін бекемдей түсуі керек. Осыны ескерсек, «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бастамасымен үйлесіп, Мәңгілік Ел мұраттарымен үндесіп келді. Түбі бір түркі түгел болса, біздің алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз көп болмақ!» деді Ж.Түймебаев.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы­ның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңесінің төрағасы Муса Йылдыз, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Әбдірасілов ұйымның маңыздылығы хақында баяндама жасады. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Өткен жылы Түркістан түркі әле­мінің мәдени астанасы атанғанда қасиетті өңірде 42-ге жуық мәдени шара өткізілгенін айта кету керек. Соның ішінде түркі әлемінің «Нау­рызнама» іс-шарасы, «Түркістан және түркология» конференция­сы, түркі әлемінің өнер иелерінің басын қосқан ақын-жазушылардың, опера және сатира саңлақтарының, суретшілердің басқосуы өткен күндерден сыр шертетін тарихи күндер тізбегіне айналды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button