Әлеумет

Тұрған үйіне тақта орнатылса

Табиғатынан дабыралап-даурықпай, байыпты қалпымен үнсіз жүріп-ақ өз ортасына ғана емес, дүйім жұртқа пайдалы үлкен іс тындыратын әйел-аналар аз ба арамызда?! Солардың бірі ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанып, соны барынша дәріптеген жергілікті өлкетанушы, білім беру ісінің үздігі Клара Әмірқызы болатын.

Біздің басылымды үзбей оқитындардың ішінде ол кісіні танымайтыны ­кемде-кем. Себебі апай қазіргі «Астана ақшамы» (ол кезде «Ақмола ақиқаты») газетінің тұрақты авторларының бірі болғанын көзі­­­қарақты оқырман жақсы біледі. Арқа жерінің тарихы, есімдері ескерусіз қалған ерен тұлғалар туралы өз қолымен жазған мақалаларын редакцияға әкеліп тапсырып жүретін. Әсіресе бұрмаланған ел, жер-су аттары жайлы жазған дүниелері өзінің тарихи деректілігімен, нақтылығымен, бастысы, шынайылығымен құнды еді.

Жүзі жылы, басқан ізі білінбейтін, ақырын сөйлесе де, ақылмен ой айтатын, ішкі мәдениеті аса жоғары, соншалықты сыпайы жанды көргенде небір есерсоқ-ессіздердің өзі сабасына түсіп, ашуы тарқай қалатын. Бір-ақ ауыз сөйлеммен ойын дәл әрі айқын ұғындыратын. Адам баласына артық сөз айтпайтын. Ұлттық құндылықтарды ерекше бағалайтын.

Құндылық демекші, ол тұста қазақтың ұлттық киімін көшеде киіп жүруге екінің бірінің жүрегі дауаламайтын. Ал Клара Әмір­қызы көпшіліктің есінде сол қарапайым қазақы киім үлгісімен де есте қалды. Басынан аппақ бөртпе шәлісі мен иығынан оюлы камзолы түспейтін. Осылайша, ол қазақтың ұлттық киiмi тек қазаққа ғана жарасатынын және тіл ұлттың ішкі жан дүниесін көрсетсе, ұлттық киім сол халықтың сыртқы болмысын айқындайтынын күнделікті өмірде ісімен көрсетіп кетті.

Қазаққа ғана тән қонақжайлылығын көзі көргендер үнемі айтып отырады. Тіпті сонау бір жылдары еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» ұжымы Алматыдан Ақмолаға қоныс аударғанда, алғашқылардың бірі болып келген әріптес­терімізді алдынан шығып күтіп алып, қазақы жөн-­жобамен шашуын шашып, ерулік беріп, ерекше ілтипат көрсеткенін сол басылымда қызмет атқарған аға буын өкілдері бүгінге дейін ұмыта қойған жоқ.

1925 жылы 13 наурыз­да Ақмола облысының Атбасар ауданындағы Ерікті ауылында дүниеге келген қыз бала сол кездегі ел басына түскен ауыр нәубеттің бәрін басынан кешірді. 20-жылдардың аяғындағы конфискация, 30-жылдардың басындағы алапат аштық, одан қалды 40-жылдардың ортасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс оның балаң жүрегіне сызатын салмай қоймады. Елдегі ер-азаматтардың барлығы майданға аттанғанда, 10-сыныпта оқып жүрген оқушы жаумен шайқасуға кеткен ұстаздардың орнына мұғалім болып еңбек ете бастады. Жасынан ауылдағы көнекөз қарттардың әңгімесін тыңдап, ақ жаулықты әжелердің аузынан шыққан әр сөзді жаттап өскен қыздың бойында білімге деген құштарлық мол еді. Бойжеткен болып бой түзеп, алаңсыз айнаға қарап сылану оның маңдайына жазылмапты.

Жұмыстан қол үзбей жүріп, Көкшетау педагогика училищесін тәмамдайды. Өзі оқыған орта мектепте 17 жыл табан аудармастан ұстаздық еткен Клара Әмірқызы 1963 жылы Атбасар қаласындағы №2 кітапхананың негізін қалап, кейін оның жанынан өлкетану музейі жұмыс істей бастады. Тың және тыңайған жерлерді игеру саясатымен елге жер-жерден жиналған өзге ұлт өкілдері басым болған, ауылдардағы қазақ мектептері жабылып, көптеген елді мекеннің көне атауларының орнына жаңа атаулар қойылған сол тұста ұлттық кітапхана мен ұлттық музей ашу оңай бола қойған жоқ. Ол кезде қазіргідей машина көп емес. Жаяулап-жалпылап талайдың есігін тоздырды. Бұл жолда кездескен қиындықтарды өзінің қанында бар ұлтжандылық қасиетінің арқасында жеңе жүріп, туған өлкесі жайында дерек іздеп, архив қопарып, үлкендерден шежіре шертіп, көне мазарларды аралап, дамылсыз еңбек етті. Төккен тер де зая кетпеді. Атбасар қаласының орталығынан тарихи-өлкетану мұража­йын ашты. Одан соң әйгілі жазушы, осы маңда дүниеге келген Ілияс Есенберлиннің мұражайы бой көтерді.

70 жылдан аса ғұмыр кешкен апай саналы өмірінде қазақтың талай зиялы тұлғаларымен жақын араласа жүріп, бес баласын тәрбиелеумен бірге қолынан қаламын тастамады. Оған сол жылдарда дүниеге келген «Ауылым – атамекенім», «Қиылған ғұмырлар», «Ата­қоныс ақиқаты», «Аза тұтар ардағымыз», «Атақоныс аманаты» атты еңбектері куә.

Ғұмырының соңғы жылдары сол кездегі Ақмола, қазіргі Астана қаласының қазақылануына, ұмытыла бастаған салт-дәстүрлері­міздің қайта жаңғыруына барынша үлесін қосқан апамыз көзі тірісінде Атбасар қаласының құрметті азаматы атанды. Өмірден өткеннен кейін сол қаланың көрнекті жерінен Клара Әмірқызына көше берілді. 2015 жылы Атбасарда өлкетанушы қаламгердің 90 жылдығы кеңінен аталып өтті. Алдағы уақытта елордадағы өзі тұрған үйдің бұрышына бір ескерткіш-тақта орнатылса, ұлт болашағы үшін тер төккен жанның рухы бір шат болар ма еді…

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button