Жаңалықтар

ТУРИСТ ПЕН ҚАЛАНЫ «ДОСТАСТЫРАТЫН» МАМАН

Халықаралық  мамандандырылған  «ЭКСПО 2017» көрмесінің  басталуына  аз уақыт қалды. Сондықтан елордадағы қызмет көрсету сапасын арттыруға жәрдемдесетін жұмыстар барынша белсенді жүргізілуде. Бұл орайда қонақ үйлер мен мейрамханаларды дайындаумен қатар, шетелдік қонақтарды мәдениетімізбен таныстыратын кәсіпқой гидтердің біліктілігін көтеруге де баса назар аударылады.

1

«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС қызметкері Айнұр Жанә­білованың айтуынша, қазір гидтер мен экскурсия жетекшілерін «Recommended by EXPO 2017» бағдарламасына енгізу жоспарланып жатыр. Яғни, аталған мамандар қызмет көрсету сала­сының кәсіпорындары секілді ұсынылатын болады. Жақын арада бұл тізімге хостелдер мен көлік компаниялары кіргізіледі.

– Гидтерге қойылатын талаптар әзірленуде. Олар мемлекет пен қаланың тарихын, шаһардың көрікті жерлерін жатқа білетін, шет тілін жетік меңгерген болуы тиіс. Біз қытай тілін оқытуға ерекше назар аударып отырмыз. Өйткені, болжам бойынша, қонақтар осы елден көп келуі мүмкін. Бұдан басқа, гидтің бойында туристі қызықтыратындай әртістік қабілеті де болуы шарт. Жалпы алғанда, гидтер елорданың оң имиджін қалыптастыруға тікелей ықпал етеді, – дейді Айнұр Жанәбілова.

Бүгінде Астанада гид­тер­­дің кәсібилігін жоға­ры­­лату мақсатында түрлі тре­нинг­тер мен кездесулер өт­кізіледі. Жиындарға ға­лым­дар, өлкетанушылар, гео­графтар шақырылады. Олар қала туралы егжей-тег­жейлі мәліметтермен бө­лісіп, тарихи деректердің бұр­­­маланбауын қадағалайды.

Көрмеге дайындық аясында былтыр елордалық әуежай мен теміржол вокзалында туристерге арналған ақпараттық дүңгіршектер ашылды. Онда бірінші болып іріктеуден өткен гидтер қонақтарды қарсы алып, жатын орын, тамақтанатын жерлер мен жол жүру туралы ақпаратты ұсынады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Материалды «Астана ақшамы» газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button