Басты ақпарат

ТҮСІНБЕУШІЛІК ТУЫНДАМАУҒА ТИІС

Жылу жөніндегі жыр қай кезде де болған. Бірақ, елордамыздағы ПИК-тер соңғы жыл­дары көңіл тоғайтатын жетістіктерге қол жеткізді. Ал биылғы жылу беру маусымына жа-уапты құрылымдардың дайындығы қандай де­ген сауалды алға тартып, Астана қаласындағы ПИК қауымдастығының төрағасы Мейзамбек Кенжебаевқа жолықтық.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, қаламыздағы пәтер иеленушілер тарапынан туындаған мәселе әлі күнге дейін пышақ жүзінде тұр. Заң бойынша әрбір адам көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерінің бір шаршы метріне кем дегенде 25 теңге төлеуі тиіс. Осыны төлеуге келгенде кейбіреулер сырыққа құрық бойлатпай, бой тасалап жүр екен. Әсіресе, белшеден батқан қарыздың басым бөлігін пәтерін жалға бергендер құрап отыр. «Қарызды өтемеу салдары бізге орасан кедергі келтіруде. Қаншама рет тұрғындарды жинап, арнайы жиын да өткіздік. Еш нәтиже жоқ. Сөйтеді де «менің пәтерімнің техникалық қауіпсіздігін талапқа сай әзірлеп беріңіздер» деп ескерту жасайды. Қаражат өз дәрежесінде жиналмаса, біз де қимылдай алмай­мыз ғой», – дейді шарасыз күйге түскен Мейзамбек Қабылбайұлы.

Мысалы, 100 пәтерлік тұрғын үйді қысқа дайындау үшін 150 мың теңге қажет. Ал әлгі қаражат өтелмегендік салдарынан ПИК-терге тығырықтан шығуға тура келеді. Оның бер жағында баға жыл сайын құбылып тұр. Асылы, басты кемшілік – тұрғындар мен ПИК арасындағы түсініспеушіліктен орын алып отыр.

– Былтыр қыс мезгілінде жылу беру мәселесіне байланысты қаламызда айтарлықтай кемшілік орын алған жоқ. Сонау тың иге­ру кезінде бой көтерген тұрғын үйлердегі ескі құбырларды да кезең-кезеңімен жаңартып келеміз. Қазір 300 үйге автоматика құрылғысы орнатылды. Яғни, дала жылы болса, жылу қысымын реттейді. Жасыра­тыны жоқ, кезінде құбырлардың дұрыс орналаспағандығы себепті, бірқатар үйлерге жылу жеткілікті келген жоқ. Осыларды біз жаңамен ауыстырып, ауа қысымын реттедік, – дейді әңгіме арасында М.Кенжебаев.

Алайда, әлі шешімін таппаған мәселе бар. Басқа өңірді қайдам, М.Кенжебаевтың айтуынша, Аста­на қаласына жылу құбырлары сырт­тан тасымалданады. Дәл қазіргі кез­де Челябинскінікіне сұраныс артып отырған көрінеді. Бірақ, олардың қағаз жүзіндегі 20 жыл кепілдік мерзімі 10 жыл ішінде сыр береді екен. Екіншіден, кей құбырлары орнатылған бойда-ақ су жіберіп қояды. Өйткені, челябинскілік әріптестер зауыт басында құбырды тексеріп алуға келісімін бермейді. Мұндай кереғарлықтан біздегілер таяқты екі есе жейді. Дегенмен, бүгінгі таңда қаламыз жылу беру маусымына 84 пайыз дайын. 1 қыркүйекке дейін бұл төңіректегі жұмысты толық аяқтап шығуды межелеп отыр.

Жыл өткен сайын елордада тұрғын үйлер қатары көбейіп келеді. Осыған орай, ЖЭО-1-дің маңайынан жылу тарататын жаңа қазандық салынуда. Жалпы, мем­лекет бар жақсылықты көпшілікке жасаудан аянып қалған емес. Ал біз болсақ, қарызды өтемей, есе­леп қарымта қайтарғымыз келеді. Бұл енді – еш ақтауға жатпайтын әрекет.

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button