Қоғам

ТҮТІНІ ШЫҚҚАН ҮЙ ЖЫЛЫ

Баспана кезегінің тез жылжымағанына налып, уақытын сарғая күтіп жүргендердің қатары аз емес. Оның сыртында бас шаһарымыз Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келушілердің легі де күн өткен сайын арта түсуде. Саусақпен ғана санарлық аз мерзім ішінде елорда тұрғыны миллионнан асып, кешегі шағын қала үлкен мегаполиске айналғаны – сөзіміздің айқын дәлелі.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолдан келгенше баспана кезегінің тезірек жылжуына ықпал ететін бар мүмкіндіктерді қарастырып келеді. Ағымдағы жылдың 31 шілдесіндегі көрсеткіш бойынша Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж жандар қатары 47099 адамды құрайды. Мамыр айында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы көпбалалы отбасылар жеке топқа бөлінгені қуанарлық жағдай болды. Бұл дегеніміз – көпбалалы отбасылардың баспана зарының аз уақыт аралығында шешуіне оң ықпалын тигізбек.
Үстіміздегі жылы коммуналдық тұрғын үй қорынан 1634 пәтер беру жоспарланған. Оның 731-і – жалға, 233-і – көпбалалы отбасыға, 105-і – жетім балаларға, 277-сі – халық­тың әлеуметтік осал тобына, 115-і мемлекеттік қызметшілерге және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне ұсынылмақ. Оның сыртында 2020 жылы тағы да 1640 пәтер үлестіріледі деген жоспар бар.
Осы аталған жоба көлемінен тысқары толық емес және көпбалалы, мүгедек балалары бар отбасылар үшін «Бақытты отбасы» атты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жеңілдетілген несие беру бағдарламасы да іске қосылды. Бұл да көптен қордаланып қалған баспана мәселесінің түйінін тарқатуға сеп болмақ. Бағдарлама бірнеше жыл жалғасатын болады. Баспананы кезекте тұрғандар өз еркімен таңдай алады. Бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін 1 млн теңге мөлшерінде тұрғын үй сертификатын алуға мүмкіндігі бар.
Осы орайда тілге тиек ете кететін жайттың бірі – тұрғын үй кезегін сараптау, реттеу кезінде бірнеше адам тізімнен алынып қалғаны рас. Оған себеп – ол адамның тұрғын үй кезегінде тұру негізі жойылғандығы. Тиісінше, кезек бірнеше адамға алға жылжыды. Баспана алу кезегінен шығарылған жан бұл шешіммен келіспеген жағдайда сотқа шағымдануға құқылы екенін еске саламыз. Егер сотта бәрі дәлелденіп, жеңіске жететін болса, сот шешімі бойынша қайта есепке алынады. Көңіліңізді күпті еткен кез келген сауалды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ келіп егжей-тегжейлі мағлұмат алуға әбден болады. Әзірге бір қуанарлығы, сең бұзылды. Кезек жылжыды. Баспана мәселесі қолға алынды. Алдағы уақытта көптеген отбасы «Түтіні шыққан үй жылы» деп жылы әрі мұнтаздай таза, жаңа баспанаға кіріп, шаңырақ иесі атанады деген үміт бар.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button