Мәселе

Үйрен дегенім өзіңдікінен жирен дегенім емес қой

Жап-жақсымыз. Барлық жаңалықтарға құлағымыз түрік жүреді, жүрегіміз ашық. Ортаға тез икемделеміз. Өзгенікін де тез қағып аламыз. Кейде өзімдікі мен өзгенікінің арасын ажырата алмай, әсіре қызыл әсершіл, тез еліктегіш халықпыз. Жеті тілді де жылдам меңгереміз. Несі жаман дейміз ғой. Меңгеріп қана қоймай, сол тіл иесі ұлттың адамына айналамыз.

[smartslider3 slider=1311]

Өткен жолы юбка киген баланың қайғылы қазасы қабыр­ғамызды қайыстырып кетті. Баланың жазығы үйренген тілі мен мәдениетін бойына сіңіріп, өзінің қазақылығын білмегенінен де болар. Ажалына көрінген шығар, алайда жас өлім жастарға тіл үйретудегі кемшілікті меңзегендей болды.

Осы күні орыс тілінде сөйлеп, орысша ойлап, өзін «орыс» сезінетіндерді де түсінуге болады. Өйткені тіл ділді билейтін секілді.

Ендігі жерде орыс тіліне қарсы шығып емес, тілімізбен қатар ділімізді сақтап қалу үшін әрекет еткеніміз жөн-ау. Төңірегіміздегі тіл біткенге қарсы шығып, әлемге ашылатын есікті тарс бітеп тастауға да болмайды. Орыс тілін де, ағылшын тілін де, керек болса, қытай тілін де үйрен. Бірақ ағылшын болма, орыс болма, қытай болма, осы тілдерде еркін сөйлейтін қазақ бол дегеніміз дұрыс болар.

Қалай қазақ боламыз? Оңай емес, ең жаманы, орыс тілінде сөйлеп, орысша ойлайтындар «қазақ» болуды өз дәрежесінен төмен сезінеді. Оның ықпалы артып тұрғанда, қазақ болуы қиын. Бірақ ол қиындықты қалай жеңуге болады? Бұл ата-анасының ұрпағы алдындағы басты таңдауы әрі міндеті болмақ.

Баланың бойына «қазақылықты» сіңдіру үшін көп жұмыс керек. Туғаннан қазақша тәлім беріп, қазақ екенін айтып отыруы тиіс. Қазақша сөйлеп, қазақтың тәттісін беріп, ұлттың аңызы мен ертегісін айтып дегендей өресінің көкжиегін кеңейте берген дұрыс. Қазақ болу үшін қазақ отбасында қазақ болып туу аз, қазақы тәрбие керек. Ол болмаған күнде теледидардағы «Маша» «нянка» болып, ағылшынның монстрлары балаларыңыздың санасын улайды. Одан кейінгі қателік, көбіне ата-аналардың өзім білмесем де балам білсін деген қағидамен баласының өзге тілдерді игеруіне күш салып, соның жолында жанын құрбан етеді. Өз тілін, өз ұлтын, шыққан тегін құрбандыққа шалып жібергенін білмей қалады. Қазақ болса күнін көре алмайтындай, жаман орыс, жартылай еуропалық болуға пейілді. Ақырында ағылшынша сайрап тұрған баласының жат бауыр болғанын, қазақы жолды түсінбейтініне ­таң-тамашамыз. Көшеден үйренгенін айтып, бала ата-анасын орысша боқтайтынына таңғаламыз.

Еврейлер баланың тәрбие­сіне мықты дейді. Бұрыннан белгілі, анасына қарап баласының ұлтын анықтайтын елдің бірі еді. Қазіргі күні ондай талап өзгерген сияқты. Израиль азаматы болуы үшін әкесі де еврей болса болады, тіпті таза қанды болмай-ақ, сол елдің жігітіне тұрмысқа шығып, сол елдің қызына үйленген өзге ұлттың ұрпағы еврей болып кете береді екен. Бірақ мәселе мынада: егер ұрпағыңызды еврей болдырғыңыз келсе соларша тәрбиелейсіз, күнде оған еврей екенін айтып, мерекелерін қалдырмай атап өтіп, салт-дәстүрін қатты қадағалайсыз. Ұлттық негізге сүйенген тәрбиесі жоқ адам мықты іргетасы жоқ үйге ұқсайды. Қабырғасын жел ұшырып әкетуі мүмкін немесе табанынан сыз өтіп омырылып қалады, жел-жауын үстінен мүжиді.

Балаңыз қай жерде жүрсе, сол жердің адамына айналмауы үшін іргетасы мықты болуы тиіс. Ол іргетас – ұлттық сана, дәстүр. Ол болмағанда алған тілі мен мәдениетінің бояуын алған іші қуыс денеге айналады.

Қазақтың баласы тіл білсін, ілім үйренсін, бірақ сол тілдің құлына айналмасын, керісінше, білгенін мол мүмкіндіктердің есігін ашатын құралына айналдырсын. Сол қақпа ашылғанда табалдырығын қазақ болып аттасын. Менің айтпағым осы еді.

Сөзімнің соңында тағы қосарым бар. Жақында таныс бір апаммен кездесіп қалдым. Құдағимыз деуге болады. Жалғыз ұлы қазақтың қызына үйленіпті. Қыз керемет болатын, жеті тілде сайрап тұр. Химик. Бірақ құдағидың қабағы қатулы. Сөйтсем, апамыз асүйдегі қызы екеуінің әңгімесінің үстінен түспей ме? Келіні қайынбикесіне «шай ішкің келіп тұр ма?» деп сұраған. Ол да шөліркеген болса керек, «иә» деп жауап береді. «Онда шай қойып, маған да құйшы» деп келіні қайынбикесін жұмсапты.

«Сіздердің дәстүрде жасы үлкен апасын сыйламаушы ма еді?» деп маған сызданып сыр тартты құдағиымыз.

«Рас, қазақы дәстүрде келін барған жерінде ізетін көрсетіп, құрметке бөленеді. Құдағи-ау, сіздің тілде сөйлеп, сізше ойлайтын, сіздің балаңызға тиіп, бала туып отырған қазақтың қызын өзіңіздің бір балаңыз­дай көрмеске амалыңыз жоқ. Одан қазақылықты күтпе» дедім. Құдағидың ренжігенін байқадым. Өзінің тілінде сөйлеп, бірақ қазақша ойлайтын, ұлттық дәстүрден, ата-баба жолынан жаңылмайтын қазақы келін керек еді. Амал қанша?! Ондайлар өзгеге кетпейді.

Шынында да, адамның ділін қалай анықтауға болады? Ол ұлтына деген мақтаныш, тілі, мәдениеті, дүниетанымы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігінде алдыңғы толқындар ұстанған жолмен жүріп, солардың мол мұрасын тірлігінде пайдаланып, қазақ болып дүниеден өтетінімен ерекшеленеді. Осылайша адамдардың белгілі бір этникалық қауымдастығына жататындығымен айырықшаланады. Бұл ретте қауымдас­тықтың ұлт болып сақталуы шыққан тегінде ғана емес, тәрбиесінде, әсіресе, туғаннан, жастайынан бойына сіңірген рухани мұрасында жатыр. Бұл заңдылық өзгерген кезде қасиетінен ажырап, басқа болмысқа айналады.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button