Басты ақпаратМәдениет

Ұлт мейрамы: ұлылардың көзімен

«Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ да мейрам етеді. Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, айрықша дәлелді. Өйткені Наурызда күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі,

Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-­жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге саяды. Дұрысында, қазақтың тамағы да, киімі де, үйі де, күйі де, көлігі де, отарбасы да, телеграфы да, телефоны да мал емес пе?! Малсыз қазақтың күні бар ма? Сол малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып, қыс қандай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын шаруашыл, еңбекшіл қазақ қыстың өткеніне, жаздың жеткеніне қалайша өзгелерден артық қуанбасын, жаздың басы жаңа күн – Наурызды қалайша мейрам етпесін?!» дейді алты Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатов.

Ұлы Абай Наурыз туралы былай жырлайды:

Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,

Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.

Анамыздай жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

 

Жаз жіберіп, жан берген қара жерге,

Рахметіңе Алланың көңіл сенер.

Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,

Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.

 

Қара тастан басқаның бәрі жадырап,

Бір сараңнан басқаның пейілі енер.

Тамашалап қарасаң Тәңір ісіне,

Бойың балқып, ериді іште жігер.

 

Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар,

Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.

Жыршы құстар әуеде өлең айтып,

Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.

Мақтымқұлы Наурыз туралы ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың аудармасында былай дейді:

Жеткен кезде Наурызымыз

жапан біткен жаңғырар,

Тұман орап, тау басын

аспан үрпі салбырар.

Жансыздарға жан бітіп,

әуен билеп маңды бар,

Жер көгеріп, шөп қаулап,

мерейін бір қандырар.

Күнге тосып арқасын

жан-жануар албырар,

Аунап-қунап барлығы

жерге түгін қалдырар.

Келе сала наурызым

жоқ нәрсені бар қылар…

Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы осы ұлт мейрамы туралы толғанып, жазды.

«Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде hәр елде Наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-­ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, хұты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында hәр түрлі сөйленеді. Біреулер Наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, hәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді. Русьтің жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді; біздің жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындығын сезініп, көңілденген жаңа жылымыз – Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді» дейді Ахаң өзінің жазбаларында.

Шәкәрім Құдайбердіұлы Наурыз туралы былай дейді:

«Ескі қазақта (ескі түрікте) Жаңа жыл күнінің аты – Ұлыс. Жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар» депті ескі мақал.

Ұлыстың ұлы күнінде,

Бай шығады балбырап,

Қасында жас жеткіншек,

Тұлымшағы салбырап,

Бәйбіше шығар балпиып,

Күндіктері қайқиып,

Келіншек шығар керіліп,

Сәукелесі саудырап,

Қыз шығады қылмиып,

Екі көзі жаудырап,

Бозбала шығар бұрқырап,

Ақбөкендей сырқырап,

Құл құтылар қырықтан,

Күн құтылар сырықтан.

Кетік ыдыс, шөміштің,

Түтіні шығар бұрқырап.

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button