Басты ақпаратЕл тынысы

Оюды оқи алсаң, ол да жазу

Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Күн мен түн теңеліп, көктемнің лебі біліне бастаған мезгілде жасалатын бұл мереке биыл елімізде жаңаша тәсілмен айрықша тойланды. Ел президентінің тапсырмасымен Наурыз тойлаудың жаңа бағдарламасы бекітіліп, мазмұны байытыла түсті. Міне, сол қатарда 18 наурыз «Ұлттық киім күні» де атап өтілді. Бас қаламыз Астанада да ұлттық киімді ұлықтауға, насихат­тауға қатысты көптеген шаралар өтті.

Елордада жастар ұйымдары Қазақстан халқының ұлттық киімдерін кеңінен дәріптеу мақсатында челлендж ұйымдастырды. Астана жастарының бұл бастамасы басқа өңірлерде де қолдау тапты. Ал ұлттық киім киінген театр, филармония, кітапхана және музей қызметкерлері Мемлекеттік рәміздер алаңында қошқармүйіз ою-өрнегі нақышымен флешмоб өткізді. Бұл – ұлттық ою-өрнекке болған үлкен қолдау.

Арда тарихымыз­ға арқау болған Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Тоқаев та бұл мәселеге арнайы тоқталып, «кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша» деді. Әрине, бұл мәселе бұдан бұрын Парламент мінберінде де көтеріліп, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев соңғы уақытта ұлттық киімге деген сұраныстың арта бастағанын алға тартып, ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім күнін» бекіту қажет екенін айтқан болатын. Бұл идея қоғам жағынан да қолдау тапты. Балабақшадағы жеткіншектерден тартып, аса таяқ ұстаған ақсақалдарымыз­ға дейін ұлттық киімдерін киіп, мереке сәнін асырды. Сонымен қатар мереке қарсаңында базарларда да ұлттық киімге болған сұраныс артып, ұлттық киім сататын дүкендердің саудасы да жандана түсті. Орайды дөп пайдаланған саудагерлер бағаны аздап өсіріп те жіберген. Бірақ сапасы сол баяғыдай. Арзанқол материалдардан тігілген киімдерге айқыш-ұйқыш ою салған. Ұлттық киім тіккеннің жөні осы деп сырмақтың оюын киімге жапсырып сатып жатқандар да аз емес. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық киімді жүйелі дәріптейміз десек, мына бірқанша түйінге назар аударған жөн сияқты.

Бірінші, келер жылы мемлекет «Ұлттық киім күнінде» танымал киім жобалаушыларының Ұлттық киім жобалау байқауын өткізуі керек. Осы арқылы Ұлттық киімнің осы замандық үлгіде жобалануына басымдық беріп, ұлттық үлгіде жобаланған киімдерді жайшылықта да киіп жүретін деңгейге жетуге құлшынған дұрыс.

Екінші, ұлттық киім өндірісіне, нақтылап айтсақ, ұлттық киім тігетін компанияларға, кәсіпкерлерге мемлекет қаржы жағынан қолдау көрсетіп, осы арқылы әдемі жобаланған, жақсы тігілген киімдердің бағасының жалпы жұртқа қолжетімді болуына кепілдік етуі; осы замандық үлгідегі киімдерді ұлттық бренд ретінде танытуға мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету керек. Бес-он жыл қуатты қолдау жасасақ, ұлттық киім өндірісі де аяғынан тұрып, «өзі жанын өзі бағып кетеді».

Үшінші, балабақша мен мектеп оқушылары ғана емес, Парламентте де депутаттардан маңызды жиналыстарда, ірі іс-шараларда Ұлттық киім киюді талап ету де орынды деп санаймын.

Төртінші, қазақ халқының тігіншілік мәдениетін, әсіресе, ою мәдениетін терең зерттеуге, ұмыт болған ою-өрнек тілінің сырын ашуға қайта талпыныс жасайтын кез келді. Қазақтың әрбір ою-өрнегінің мәні, мағынасы бар. Бірақ қазір ол мүлде көмескіленіп, бір-бірімен араласып, миша былғып кетті. Ұлттық киімді заман талабына сай тігуге ұмтылған дизайнерлер оюдың мағынасына үңілместен, оңды-солды орынсыз қолданып жүр. Ерлердің киіміне, әйелдердің киіміне салатын ою-өрнектерді де бейберекет салып, балаққа салынатын оюларды жағаға, төсенішке қолданылатын оюларды бас киімдерге салып жүрміз. Мәселен, «Ит құйрық» деп аталатын өрнек ешқашан бас киімдерге қолданылмаған. Мұның астарында «дұшпаның кеудеңнен жоғары өрлемесін» деген ырым жатыр. Ол өрнек «дұшпаның төмен болсын» деген ниетпен көбінесе ер адамдар шалбарының балағына өрнектелген. Суретші Ерлан Қожабаевтың айтуынша, тіршіліктің тоқтағанын білдіретін оюлар да бар. Тірі адамға тіршілік белгісін білдіретін өрнектер ғана салынады. О дүниенің белгісін білдіретін оюды тірі адамға салып қойып жататын жағдайлар кездеседі. Мысалы, сағат тіліне қарама-қарсы айналып тұрған кескіндер – о дүниенің белгісі.

Алтыншы, мектептерде еңбек сабағының маңызын күшейтіп, қолөнерді дәріптеу тұрғысынан қыз балаларға кесте тігудің әліппелік сауатын үйрету керек. Өйт­кені қазір «көк иненің к…ін түртпейтін» әйел, түйме қадай алмайтын қыз көбейді. Сондықтан «Ұлттық киім күнінде» аруларымыз кестелі орамал сыйлау дәстүрін қайта жаңғырт­са, нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы ою салғанның бәрі қазақы киім емес. Жоғарыда айтқанымыздай, ою-өрнектің де өз тілі бар. Керек десеңіз, жазу мәдениетіміз жоқ кезде хат-хабар алмасудың маңызды құралы да бола білді. Баяғыда бір жас жігіт пен қария алыс аймаққа сапар шегіп келе жатып, жолда бір ақбоз үйге түстеніпті. Ақ дастарқан жайылып, шай алдыға келгенде қария құран оқып, шай құйып отырған жас келіншекке көңіл айтыпты. Бұған таңданған жас жігіт былай шыға «ата, оның күйеуі өліп қалғанын қалай білдіңіз?» деп сұрапты. Сонда ақсақал «кимешегіне салған ою-өрнегінен білдім, балам» деген екен. Сол сияқты бұрын алыс жерге ұзатылған қазақ қыздары бір жылдан кейін төркініне сырмақ тігіп жіберетін дәстүр болған. Анасы сол сырмаққа салынған оюға қарап, қызының хал-жағдайын білген. «Құсмұрын» сәлемдемесі жіберілсе, құстай ерікті екенін ұғынып, уайымдамайтын болған. Қыздың қолындағы білезікте бедерленген өрнегіне қарап, оған құда түскен-түспегенін ұғынған. Демек, оюды оқи алсаң, ол да жазу. Ұмыт бола бастаған осы мәдениетімізді терең зерттеу – кезек күттірмейтін міндет. Өйткені көне көздер кетсе, бүгінгі жастар оюдың тілін ұқпақ түгілі, түрін де айыра алмайды. Екінші тұрғыдан, қазақ ою-өрнек мәдениетін зерделеу ұрпақ тәрбиесінде, әсіресе, олардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру, ұлттық өнерге сүйіспеншілігін арттыруда айы­рықша маңыз алады.

Ұлттық киімді дәріптеу жа­ғынан ақ қалпағын басынан тастамайтын қырғыз ағайындардан үлгі алған дұрыс. Біздің қазақта қазір басыңа тақия киіп жүрсең, «молласың ба?» Немесе «туысқаның қайтыс болды ма?» деп сұрайтындар көп. Бұл да – ұлттық киімдерді дұрыс насихаттай алмай жатқанымыздың бір көрінісі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button