Басты ақпаратЕл тынысы

Әз-Наурызды төрге оздыратын кезеңге келдік

Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келді. Осы орайда көкейіміздегі көп сауалға жауап іздеп, белгілі қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Ұласбек СӘДІБЕКОВПЕН ашық сұхбаттасқан едік.

Рамазанға құрметіміз ұлғая береді

 – Ұласбек Сәдібекұлы, өрке­ниетті елдерде Ораза үлкен мейрам, ізгі дәстүр, нағыз сауап пен қайырымдылық айына айналған. Мәселен, Түркияда Рамазан айын­да кез келген дәмхана, асхана ауызашар уақытында әр адамға есігін айқара ашып қояды, тегін ауызашар береді. Біз де неге осылай істемейміз? Ораза айында азық-түліктің бағасы, керісінше, шарықтап кетеді.

– Алдымен қасиетті Рамазан айы мен Ұлыстың ұлы күні, жыл басы – Наурыз мерекесі баршамызға құтты да қайырлы болсын! Дұрыс айтасыз, Рамазан айы – барша мұсылманды ізгілікке шақырып, жүрегіміздегі иманды нығайтуға мол мүмкіндік сыйлайтын мерейлі мезет. Бұл ай адамдарды алдағы уақытта да жақсылыққа жақын болуға дағдыландырады. Рас, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Марокко сынды мемлекеттерде бұл мерекеге бізге қарағанда айрықша мән беріледі. Тіпті Рамазан айы кезінде күндіз қоғамдық орындарда тамақ жеп, су ішсеңіз, айыппұл салып, темір торға тоғытып жіберетін елдер де бар екен. Дегенмен еліміздегі Рамазанға деген құрмет соншалықты төмен деп айтуға болмайды. Жыл өткен сайын ел азаматтарының санасы жаңғырып, діни және ұлттық мерекелердің маңызы артып келе жатыр. Осы бір отыз күнде ғана емес, жыл – он екі ай бойы тұрмысы төмендерге, жалпы ел тұрғындарына қолдау көрсетіп, мәрттігін көрсетіп жүрген жандар жетерлік.

Бірер күн бұрын Мәдениет және ақпарат министрлігі 2024 жылдан бастап Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланатынын мәлім етті. Бұл өзгеріс Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың арнайы ұсынысы негізінде орын алып отыр

Қазіргі кезде қалалар мен ауылдардағы мешіттерде күнде ауызашар беріп жатқан кәсіпкерлер бар. Тіпті бір әулеттің ұрпақтары жиналып та мешіттерде ауызашар ұйымдастырып жатыр. Қайырымдылыққа қыруар қаржы бөліп, игі істер атқаруда. Олардың көбі жақсылығын жария ете бермейді де. Ал кейбір кәсіпкерлер, өзіңіз айтқандай, осындай сәттерді пайдаланып қалғысы келетін шығар. Дегенмен мұндайлар қазақ жерінде өте аз деп ойлаймын. Бұл тұрғыда қазіргі адамдардың көзі ашық, са­уатты және әрбір азаматтың таңдау еркіндігі бар екенін де ескеруіміз керек. Бағаға бақылау жүргізетін органдар да қызмет етіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мұндай бағаны негізсіз көтеру дұрыс емес. Бұл бассыздықтың жолын кесу үшін бұқара мен билік бірлесе жұмыс істеуі қажет.

– Ораза айында еңбек ұжым­дарында қарапайым еңбек адам­дарына, ауыз бекіткен жандарға сыйақы, бір күндік сыйақы, үш күндік ауызашар, т. б. сияқты белгілі бір ынталандыру іс-шараларын жасауға бола ма? Әсіресе алғаш ауыз бекіткен жастарға қамқорлық, ізгілік тұрғысынан алсақ.

– Менің ойымша, еліміздегі көп­­теген ұжымда осындай үрдіс қалыптасқан. Мұны әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалар мен жаңалықтардан оқтын-оқтын байқап қаламыз. Сәйкесінше, бұл – кез келген ұжымның ауызбіршілігін арттыратын игілікті үрдіс әрі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Бұл тұрғыда ұжым басшыларының іскерлігі мен ұйымдастыру қабілеті ерекше рөл ойнайды. Мен еңбек ұжымдарының басшыларын осындай игі істерге ұйытқы болуға шақырамын.

Жаңа жылды тойлайтындар азайып келеді

– Жаңа жылға 2 ай бұрын да­йындалатын едік, ал Наурызға неге бұлай дайындық жасамаймыз? Мысалы, тәттілерді, дәмді тағамдарды, жеңіл сусындарды жақсы көрмейтін бала кемде-кем. Қағазына ұлттық ойындар, салт-дәстүрлеріміз бейнеленген кәмпиттер, 0,5 бөтелкеге құйылған қымыз, шұбат шығарып, 9 күн бойы мейрам өтетін жерлердің бәрінде балаларға таратып берейік. Ол үшін ұлттық кәмпиттерді, өнімдерді шығаратын кәсіпкерлерге Үкіметтен алдын ала қаражат бөлінсін. Мысалы, Қызылордада шығатын Қазалының кәмпиттерін Түркістан да, Шымкент те, Қарағанды да шығара алады. Тек өндірісін дұрыс жолға қойсақ. Ұлтын сүйетін кәсіпкерлер, қазақтың байлары мұндайда қарап қалмайды деп ойлаймын.

– Қазір біздің елімізде кәсіпкерлерге аз қолдау көрсетіліп жатқан жоқ. Бір ғана мысал, былтыр қанатқақты режимде қолға алынып, бірнеше мың бизнес-идеяның іске асуына мүмкіндік сыйлаған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Ұлттық қолөнерімізді, ұлттық тағамдарымызды кәсіпке айналдырып жатқан азаматтар да жетерлік. Кәсіпкерлердің жолындағы барлық кедергі де жойылған. Мемлекет іс бастаймын деген жандардың бетін қағып жатқан жоқ. Өңірлерге тартылып жатқан инвестиция көлемі де жыл сайын артып келеді. Наурыз мерекесінде құтыға қымыз, наурыз көже құйып, қалтаға құрт пен жент салып, алаңда өз өнімін өткізіп жүретіндерді де көріп жүрміз. Сондай-ақ, егер сіз байқаған болсаңыз, соңғы бірнеше жылда Жаңа жыл мерекесіне дайындалмақ түгілі, атап өтетін адамдардың өзі азайып кетті. Бұрынғыдай әр үйде отшашу атылмайды. Жиған-тергенін Жаңа жылда шаша салатындардың қатары сиреді. Керісінше, дәл сіз айтып отырған әз-Наурыз мерекесіне айрықша мән берілуде. Мәселен, бірер күн бұрын Мәдениет және ақпарат министрлігі 2024 жылдан бастап Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланатынын мәлім етті. Бұл өзгеріс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы ұсынысы негізінде орын алып отыр. Енді бұл мереке 14-23 наурыз аралығында 10 күн бойы аталып өтеді. Бұл кезең «Наурыз­нама» деп аталады. Бағдарламаға сәйкес, 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі; 15 наурыз – Мейірім күні; 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні; 17 наурыз – Шаңырақ күні; 18 наурыз – Ұлттық киім күні; 19 наурыз – Жаңару күні; 20 наурыз – Ұлттық спорт күні; 21 наурыз – Ынтымақ күні; 22 наурыз – Жаңа жыл және Наурыз мейрамының соңғы күні; 23 наурыз – Тазару күні болып бекітілген.

Екі кезеңнің артықшылығы да, кемшілігі де бар

 – Ұласбек аға, өміріңізде Астананың алатын орны ерекше екенін білеміз. Сонау 1987-1992 жылдары Целиноград ауыл шаруа­шылығы институтында оқыдыңыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары орысы көп, қазағы аз Ақмолада қалалық Жастар комитетін басқарып, көптеген ізгі іске ұйытқы болдыңыз. Айтыңызшы, ол кезеңдегі жастар мен бүгінгі жастардың айырмашылығы бар ғой.

– Иә, бүгінгі Астана – кешегі Целиноградтың менің өмірімде алатын орны ерекше. 80-жылдары осындағы Ауыл шаруашылығы ­институтында білім алдым. Ол кезде қала тұрғындарының басым бөлігі қазақша сөйлемейтін. Көше атаулары да Победа, Целинники, Мир секілді орыс тілінде болды. Ауылдан келген балалар орыс тілінде білім алдық. Көпшілігі тіл білмегендіктен, оқуын жалғастыра алмады. Университетте «Парасат» мәдени-ағарту бірлестігі мен «Шаттық» өнер орталығын құрдық. Бар мақсатымыз жастарды ұлттық салт-дәстүрге, тарих пен мәдени құндылықтарға тәрбиелеу болды. Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезі еді. Біз Желтоқсан көтерілісінің құрбандарын еске алу жиынын өткіздік. Көп ұзамай қазақ тілінде мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарында қатты қиналатын студенттерге қамқорлық жасау жөнінде мәселе көтердік. Қалалық партия комитетінің басшысына кіріп, жаңа ашылған драма театрының актерлеріне тұрғын үй бөлуді табанды түрде талап еттік. «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «Көктем мерекесі», «Саяси сайыс» сияқты жарыстар мен байқаулар ұйымдастырдық. Целиноград атауының Ақмола болып өзгеруіне де мұрындық болдық. Кейіннен ел тәуелсіздігін алған жылдары, дәлірек айтқанда, 1992 жылы алғаш рет қалалық Жастар ісі жөніндегі комитет құрылды. Соған төрағалыққа тағайындалдым. Сол қызметте жүріп те көптеген қоғамдық жұмыс атқардық. Бір сұраққа жауап беремін деп жастық шақтағы біраз мәселені еске алдық, рақмет. Жалпы айтар болсам, екі кезеңнің де артықшылығы мен кемшілігі бар. Айталық, өткен ғасырдың 90-жылдары замандастарымыздың бір бөлігі ел үшін жанын берсе, енді бір бөлігі құлдық санамен өмір сүріп жатты. Қандай да бір істі ұйымдастыру жолында түрлі кедергі болатын. Оған сол кездегі саясаттың да ықпалы болды деп білемін. Ал қазір бейбіт, барлығы жеткілікті заман. Сәйкесінше, өз ойын еркін айтатын, кез келген ортада көшбасшы бола алатын белсенді жастар көп. Дегенмен түрлі теріс әдетке берілген, гаджеттердің ішінде өмір сүріп, қоғамнан алыстап кеткендер де бар.

– Бүгінгі бозбалалар, бойжеткендер және жастар кешкілік кітапханаға, спорт алаңдарына емес, MEGA Silk Way мен «Хан Шатырға» барып, сағаттап уақыт «өлтіреді». Сол жерге барсаңыз, миды ашытатын, сананы улайтын жағымсыз музыка үнемі ойнап тұрады. Жеңіл әуен, жеңілтек жастар, ойсыз әңгіме деген кеселдермен қалай күресуге болады?

– Иә, дұрыс айтасыз. Бүгінгі жастарды телефон тәрбиелеп жатыр. Әлеуметтік желімен азықтанып жатқандар көп. Бұл мәселені кешегі өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы да арнайы атап өтті. «Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл, өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес» деді Президент. Қазіргі заманның шындығы – осы. Үйде «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмағандықтан, балалардың интернеттен қолы босамай жатыр. Өзіне керек дүниені әлеуметтік желіден алуда. Үлкендік жасап, ақыл айтып, кеңес беретін әке мен шеше де телефонға телміріп кеткен. Осының салдарынан бүгінде жастар мен бүлдіршіндер арасында дұрыс сөйлей алмайтын, ойын жеткізе алмайтын ауру түрі көбейіп кеткен. Біз бұл үрдіспен күресу үшін жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда санасы өсіп, білімі жетіледі. Өмірге деген көзқарасы өзгереді. Сол кезде сіз айтқан сауда, ойын-сауық орталықтарына барып, сағаттап уақыт «өлтіретін» жастар саны азаяды. Оның орнына кітапханаға, спорт алаңдарына барушылардың қатары артады. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Жалпы, қазіргі жастардың барлығы бірдей емес. Өздеріне пайдасыз іспен айналысып, өмірін құр өткізіп жүргендер бар. Көтерген мәселеңіз де өзекті. Бірақ кітап оқып, білім алатын, спортпен шұғылданып, түрлі жетістікке қол жеткізіп жүрген өскелең ұрпақ басымырақ деп ойлаймын. Ал қоғамға қауіпті кеселдерді еңсеру процесі әрбір жанұядан басталып, балабақша, мектеп, түрлі үйірме мен жоғары оқу орнында жалғасуы керек. Мұндай үрдістің салтанат құруына сіз де, мен де, өзгелер де жауапты.

Жазадан гөрі алдын алған тиімді

 – Жақында ғана әлеуметтік желілерде балабақшадағы кішкентай балалардың, соның ішінде бір қатыгез баланың өз тобындағы баланы аямай сабағаны таралды. Көргенде жаның түршігеді, қатыгездік, жауыздық, зорлықтың көкесі – осы. Басы жарылып, миы шайқалған баланың әке-шешесі полицияға арыз берген соң, сотқар баланың әке-шешесін сөгіс беріп қана жазалаған. Бұған не дейсіз?

– Өкінішке қарай, мұндай келеңсіз жайттар адамзатпен бірге «өмір сүріп» келе жатыр. Бұл тұрғыда, бүлдіршіндер психологиясының бұзылуына ата-
ананың дұрыс тәрбие бермеуі, көңіл бөлмеуі, көкөрім баланың смартфон немесе теледидардан сүзгіден өтпеген дүниелерді көруі, отбасындағы зорлық-зомбылық сынды факторлар әсер етеді. Әлбетте, әрбір кінәлі адам тиісті жазасын алуы шарт. Әйтпесе орынсыз жасалған жеңілдік өзгелердің немқұрайды қарауына соқтыруы ықтимал. Дегенмен заңсыздыққа жаза тағайындағаннан гөрі оның алдын алған тиімдірек.

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button