Басты ақпаратЕл тынысы

Ұлу көк бөрі жылы ма?

Биыл қазақ елі 2024 жылды «Ұлу жылы» деп атап жатырмыз. Тағы ұлуды орысша «улитка» деп қазақ үшін белгісіз бір жәндік деп түсіндіреді. Бұл туралы көптеген деректер бар екен.

Қазақ халқында жыл санау­дың негізіне мүшел алынады. Бір мүшел 12 жылдан тұрады. 12 жылдық қайталама негізінде мүшелмен жыл есебін жүргізуді қазақ халқы «жыл қайыру» деп атайды. Жыл есебін бұлай жүргізу ежелгі кезден басталған.

Мүшелдегі жылдар 12 түрлі жануардың атымен аталады: 1 – тышқан, 2 – сиыр, 3 – барыс, 4 – қоян, 5 – ұлу, 6 – жылан, 7 – жылқы, 8 – қой, 9 – мешін, 10 – тауық, 11 – ит, 12 – доңыз жылы.

Бұлардың алтауы – үй жануа­ры, алтауы – түз тағысы.

Мүшелдік жыл санау – тышқан жылынан бастау алады. Жыл аттары не себепті жануарлардың атымен аталатыны және жыл басы неге тышқаннан басталатыны туралы халық арасында екі аңыз-ертегі бар.

Қазір бүкіл әлем қолданып жүрген 365 күндік күнтізбенің иесі де, мүшел санауға жануарлардың атын берген де – түркілер. Түркі әлемінің қара шаңырағына ие – қазақтар. Әрі бүкіл түркі ғалымдары ең көне түркі тіліне ең жақын, көне түркі тілінің түбір сөздері ең көп сақталған қазақ тілі деп, қазақ тілін түркі әлемінің ортақ тілі деп қабылдады

1) Аңыз бойынша, осы он екі жануар жыл атына ие болуға таласқан. Сонда тышқан тұрып: «Дауласатын дәнеңе жоқ, таңертең бәріміз шығып келе жатқан күнді аңдимыз. Сонда күннің көтеріліп келе жатқанын кім бірінші көрсе, сол бірінші жылдың, одан кейін көргеніміз екінші жылдың атын аламыз. Осылай өз кезегімізбен барлық жылды бөліп аламыз» деп ұсыныс жасаған.

Бұған келіскен жануарлар демалып жатқанда тышқан түйенің басына шығып алады. Осылайша ол күнді бәрінен бұрын көріп, жыл басы атанған. Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты деседі.

2) Түйені санаттан қалдырмайтын да аңыз бар.

Аңыз бойынша, жануарлардың бәрі жиналып, түйенің мүшелерін бөлісіп алған. Шынында да, түйе­нің құлағы – тышқандікіндей, тұяғы – сиырдікіндей, кеудесі – барыстікіндей, ерні – қояндікіндей, мойны – жыландікіндей, шудасы – жылқының жалындай, жоны – қойдікіндей, бөксесі – мешіндікіндей, төбесі – тауықтікіндей, сандары – иттікіндей, құйрығы доңыздікіндей емес пе?!

Бірінші аңыз бойынша бесінші тұрған жануар­ды Ұлу деп атапты.

Ал екінші аңыздағы түйенің мүшелерін бөліскен жануарлар ішінде ұлу жоқ, тек 11 жануарды ғана беріпті.

12 жылдық мүшел атына кіретін жануарлардың ішіндегі бесінші жануардың аты әр халықта әртүрлі аталады. Қазіргі біздіңше – Ұлу, моңғолша – Балық, қытайларда – Айдаһар.

Екінші аңызда түйе мүшелерінің тізіміндегі бесінші жануар тіпті аталмапты, 11-ақ жануар аталған. Себебі…

Бәрін басынан бастайық. Календарь – астрономиялық түсінік. Ал қазір астрономия саласының атасы болып Өзбекстанда дүниеге келген Әбу Райхан әл-Бируни саналады.

Әбу Райхан әл-Бирунидің басшылығымен 1010 жылы Хорезм әкімі Мамун ибн Мұхаммед ұйым­дастырған Үргеніштегі ғылыми орталықта Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Әбу Саһл Массих, Әбу-л-Хасан ибн Хаммар, ибн Мискуайх, т.б. көрнекті ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Әбу Райхан әл-Бирунидің ғылыми мұрасының бірсыпырасы бізге жетпеген, сақталып қалған шығармаларының көпшілігі толық жиналып жарияланбаған. Жалпы алғанда, ол жүз елу еңбек жазған, олардың қырық бесі астрономия мен математикаға арналған. Астрономиялық шығармаларында Әбу Райхан әл-Бируни дүниенің гелиоцентр­лік жүйесін (Коперниктен 500 жыл бұрын), денелердің Жерге қарай тартылуын (Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын) болжаған.

Ал Еуропа ғалымдарының өздері ғылымды арабтардан үйренгенін мойындайды. Ал арабтар Мұхаммед пайғамбардың заманында өте артта қалған ел болатын. Араб ғылымының басында Орталық Азияның түркі текті ғалымдары (әл-Хорезми, әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Бируни және т.б.) тұр.

Түркілердің ертеде өте жоғары өркениетке қол жеткізгені қазір даусыз. Египет жеріндегі алғашқы өркениетті салған атланттар да, Месопотамия жеріндегі жоғары өркениетті салған шумерлер де түркі халықтары екенін бәрі біледі. Жердің қарсы беті Америка құрлығындағы түркі тектес халықтар Еуропалық жаулап алушылар барғанға дейін өркениеттің жоғары сатысында болғаны, Майя аталатын халықтың астрономдары жасаған болжамдары қазіргі заман ғалымдарын қайран қалдырып жатқанын бәріміз білеміз. Майя­лар түркі тілінің қазақтарға өте жақын қыпшақ диалектісінде сөйлегені дәлелденді.

Орталық Азия түріктерінің ертеде өте жоғары өркениеті болғанын Тибет ғұламаларының құпия ғылымымен жақсы таныс атақты орыс ғалымы Еле́на Петро́вна Блава́тская өзінің «Тайная доктрина» атты еңбегінде жақсы көрсеткен.

Қазақстанға жақын Оңтүстік Орал маңынан жасы 4000-4800 жылдарға кететін Арқайым, Сынтасты мәдениеті аталған «қалалар елі» аталған 19 көне қала табылған. Қаланың кей жерлерінде үш қабатты құрылыс­тар да кездескен. Сол кездің өзінде олардың өркениеті өте жоғары болған.

Алтай тұрғындарының ертеде жоғары өркениетке қол жеткізгенін археология ғылымы да дәлелдейді.

Осының бәрін қорыта келе, қазір бүкіл әлем қолданып жүрген 365 күндік күнтізбенің иесі де, мүшел санауға жануарлардың атын берген де – түркілер. Түркі әлемінің қара шаңырағына ие – қазақтар. Әрі бүкіл түркі ғалымдары ең көне түркі тіліне ең жақын, көне түркі тілінің түбір сөздері ең көп сақталған қазақ тілі деп, қазақ тілін түркі әлемінің ортақ тілі деп қабылдады.

Енді мүшел атауына кіретін жануарларды талдайық. Бұл атаулардың 11-інде дау жоқ. Тек тізімдегі 5 атау түсініксіз. Қазақша – Ұлу, моңғолша – Балық, қытайша – Айдаһар.

Айдаһар дегеніміз – жылан. Тек өте үлкен жылан. Халық ертегілерінде өте қорқынышты болып суреттеледі, тіпті қанаты бар ұшатын айдаһар деп те баяндалады. Бірақ, анығына келгенде, бұл ертегі-аңыздардағы әсірелеу ғана. Қанша үлкен болса да, ол – кәдімгі жылан. Гректердің түріктерді атқа жабысып қалған адам – Кентавр деген сияқты әсірелеу.

Ал жылан бұл мүшел күнтізбеде бар. Онда неге бір жануар екі рет енген?

Мәселе, Шыңғысхан бастаған моңғол шапқыншылығынан кейін бар ғылым-білімінен, өркение­тінен, барлық жазбаларынан айрылып қалған түркілердің тарихын, салт-дәстүрін бұрмалаған орыс пен қытайлардың қулығында.

Қытайлар тізімдегі бесінші жануарды айдаһар дейді. Бірақ, бұл атау қазақтың атауына еш келмейді. Бір кезде түріктер жасаған күнтізбеге қытайдың тотеміне айналған құбыжық қалай еніп кеткен?

Қазір Қытай жерінде Египеттегіден де көп, әрі ірі пирамидалар бар екені анықталған. Бірақ, Қытай үкіметі бұл пирамидаларды зерттеуге тыйым салып, бұл өлкелерге шет ел азаматтарының баруына тыйым салған.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қытайлар Мао Цзе Дунның басшылығымен өз мемлекетін құрғаннан соң, мәдени революция дегенді ұйымдастырып, қытай жеріндегі өздеріне тиесілі емес, көне жазбалар сақталған мыңдаған еңбектерді отқа жағып жіберген деген пікір бар.

Қытайлардың қазіргі бар тарихы үш мың жылға жетпейді. Арғы жағы аңыз сияқты, бұлыңғыр. Ал қазір Қытай жерінен өте көне тарихтың куәсі түрлі жәдігерлер табылып жатыр.

Қытай елі Цин Ши Хуан ди патшаның мазар кешенін зерттеуге рұқсат бермейді. Керісінше пирамида төбесіне топырақ төгіп, тасты ойып, тез өсетін ағаштар егіп тастаған. Өз замандастары оны «жабайылар патшалығының князі» деп атаған.

XX ғасырдың басында екі авс­тралиялық саудагер Қытайдың орталық бөлігіндегі Сычуань жазығынан жүзден аса пирамиданы көреді. Моңғол шекарасына жақын жергілікті монастырьдағы монахтан сұрағанда ол бұл пирамидалардың «өте көне» екенін айтқан. Монахтың айтуынша, бұл пирамидалар туралы жазылған жазбаларға 5000 жылдан асқан. Сондықтан бұл пирамидалардың жасы одан да арыға кетеді деп есептейді.

«Қытай жеріндегі пирамидаларды салған кім?» деген сұраққа, монах, көне жазбаларда «өздерін «темір айдаһарға мініп, аспаннан күркіретіп Жерге түскен Көктің ұлының» ұрпақтарымыз деп атаған императорлар» деп жауап берген. Пирамидаларды салған осы көктен келгендер делінеді.

Түрік билеушілері өздерін «Көктің ұлымыз» (Құдай тектіміз – Көк Тәңірінің ұрпағымыз) десе, тәңір діні бойынша Көк Тәңірінің мекені көкте – аспанда, сондықтан да өздерін көктегі Көк Тәңірінің ұрпағымыз, аспаннан түскенбіз деген.

Қазіргі қытайлар осы алғашқы императорлар туралы түрік аңызын Айдаһарға айналдырып алған, қытайдың тотеміне айналдырған.

Күнтізбедегі «Ұлу» дегеннің орнына өздерінің айдаһарын қойып, қытай күнтізбесі деп жүргендері шындығында түріктерден алынған.

Ал Ұлу дегеніміз – кәдімгі түріктің тотемі қасқыр, көк бөрі.

Түріктер аңыз бойынша, өздерін көк бөрінің ұрпағымыз деп санайды. Бір жаугершілік заманда аяқ-қолы кесіліп жалғыз қалған баланы көк бөрі емізіп, бағып аман алып қалып, қазіргі түріктер осы баладан, Алтай тау­ларынан өсіп шыққаны туралы аңыз бар.

Сондықтан ақындар «Бөрілі – менің байрағым» деп жырлайды.

Түркі халықтарының бұл аңызын жақсы білетін қытайлар қасқырдан бойын аулақ салады. Сондықтан да олар өз күнтізбесіне қасқырдың орнына өз тотемдерін – айдаһарды енгізіп, қытай күнтізбесі деп жүр.

Ал түрік, қазіргі қазақ күнтізбесіндегі Ұлу – қасқырдың атауы.

Көк бөрі Ананы қатты құрметтейтін көне түріктер, қасқырды атын атамай Ұлу, Бөрі деп атаған. Осыны білмейтін қазіргі қазақтар Ұлу дегенді күнтізбеге енбек түгілі, көпшілігі біле де бермейтін бір бейшара жәндікпен шатастырып жүр. Бұл мүмкін түркілердің тарихын бұрмалағандардың әдейі жасаған әрекеті де болуы мүмкін. Неге десең, «ертеде ғылымнан мақұрым» түріктер осындай күнтізбе жасапты, оған түріктердің тотемі қасқырды енгізіпті деген оларға ұнамайтыны анық.

Қорыта келгенде, биылғы жыл Ұлу жылы – түріктердің қасиетті пірі көк бөрі жылы.

Бүгінгі күн Жаңа дәуірдің де басы болып, баяғы Майя көріпкелдері айтып кеткен «21-ғасыр – Түркілердің дәуірі» басталатын кезең, түркілердің қара шаңырағын ұстап отырған қазақтарға әулие Мәшһүр Жүсіп айтқан елге адал, иманды, іскер басшылар келіп, «Қазақтың қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» дәуірі басталып, береке-бірлігі мықты, тоқшылық дәуірінің басы болсын! Әумин!

 Бекжан БЕЙСЕНБАЙ,

өлкетанушы-зерттеуші

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button