Басты ақпаратЕл тынысы

Ұлттық спорт – ұлт рухының қайнары

Тұңғыш рет елімізде Ұлттық спорт күні аталып өтті. «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Қонақтарға қазақы тазы және бүркіт көрсетіліп, құсбегілік өнер таныстырылды.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев құттықтау сөзінде:

– Ұлттық ойындар – мәдени-патриоттық тәрбие берудің құралы. Әрі денсаулықты нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға елеулі септігін тигізеді. Бүгін ел ішінде өткізіліп жатқан ат жарыстар, құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту сияқты турнирлер азаматтарға шынайы мереке салтанатын сезінуге мүмкіндік беруде, – деді.

Ұлттық спорт түрлері қауым­дастығының президенті ­Исламбек Салжанов сөзінше, Наурыз мейрамының жаңа тұжырымдамасы дайындалып, соның аясында 20 наурызды ұлттық спортқа арналуы – қуа­нышты жаңалық. Күзде V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Ауқымды халықаралық іс-шара ұлттық спортты одан әрі дамытуға тың серпін береді.

Астана қаласы мәслихатының төрағасы, елордалық Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов тереңнен тамыр тартатын ұлттық спорт түрлері қарқынды даму жолына түскенін сөз етті.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мереке күндері елорданың барлық ауданында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыс өтетінін атап өтті.

Көкпардан Астана мен АҚШ құрамасы арасындағы жолдастық кездесу көрермендер үшін керемет тосынсый болды. Көкпар – шабандоздың рухын көтеріп, күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін шыңдап, ат үстінде мығым отыруын қалыптастыратын спорт түрі. Елімізде көкпарды спорт ретінде ғана емес, өнер тұрғысында бағалап, дамуына үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Өңірлерде көкпар командасы құрылып, елшілік чемпио­наттар тартысты өтеді. Қазір көкпардың қалың жанкүйері бар. Мұндай жылы атмосфераны Астана мен АҚШ-тың көкпар командаларының арасында өткен кездесуде сезіндік.

Мерекелік кеште ұлттық спортты дәріптеп жүрген азаматтардың еңбегі аталып, оларды марапат биігіне шығарды. Көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев, тоғызқұмалақтан Қазақстанның екі дүркін чемпионы Мейрамқұл Ноғайбаев, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Мейрамғалиев, белгілі спорт журналисі, жазушы Несіп Жүнісбайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушы Құламхан Жақыпов, асық атудан ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанов және атбегі Мейрамбек Чакеновтің мерейі артты.

Ұлттық спорт қауымдас­тығының құрамына 10 федерация: бәйге, көкпар, аударыспақ, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, асық ату, «Joryq» және тағы басқасы кіреді.

Сурет авторы: Сұлтан Сейіт

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button