Мәдениет

Ұлттық музейде суретші, «Семей-Невада» антиядролық қозғалысының белсенді мүшесі Кәріпбек Күйіковтің көрмесі өтті

Суретшінің туындыларымен алыс, жақын шетел таныс екенін айта кетейік. Оның қоржы­нында 200-ден астам сурет бар.

13240485_1739231439695237_3434416874070318846_n

Кәріпбек Күйіков – Семей ядролық полигонының зардабын шеккен адам. Полигонмен шекаралас Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген ол туғанынан тағдырдың тауқыметін тартты. Қос қолсыз туған баланы төрт жасында әкесі Телтай Шымкенттегі протез жасау институтына, кейіннен Санкт-Петербургке апарады. Ақырында Нева жағасындағы қалада оқуға қалған Кәріпбек сол жерде бейнелеу өнеріне әуес болып, суретті аяғымен немесе тісімен сала бастайды.

y3
Суретші көп шығармашылық адамдары сияқты тақырыпты алыстан іздемей, өз басынан өткен қасіретті бейнелейді. Яғни, салған суреттерінде ядролық сынақтардың барлық залалын ашуға тырысады. Оның «Жарылыс» атты картинасын биыл өткен антиядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обамаға сыйға тартқан. Кәріпбек Күйі­ковтің өзі халықаралық антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі, «Атом» жобасының құрметті елшісі екенін айта кетейік. Ядролық сынақ­тарға қарсылығын ол өнері арқылы танытады.
– Нұрсұлтан Назарбаев су­ретімді Барак Обамаға сыйға тартты дегенде ерекше әсерге бөлендім. Шындығын айтқанда, оны күтпеген едім. Бұл туындымда мен ядролық бомба жырылысын көрген өзімнің әкемді бейнеледім. Осы сурет менің ғана емес, Қазақстан халқының ұстанымын көрсетеді деп ойлаймын. Бүгіндері полигон тақырыбынан бөлек пейзаж, автопортрет сынды жанрларындағы суреттерді де саламын. Мені әлеуметтік тақырыптар, соның ішінде қазіргі жастардың тәрбиесі алаңдатады. Бір мақсатым – туындыларым арқылы соларға ой салу, – дейді Кәріпбек Күйіков.

4
Бұған дейін қазақ суретшісінің көрмелері Хиросима мен Нагасакиде, Нью-Йоркте, «Менің сіздерді құшақтайтын жүрегім бар» деген атпен Ослода және Германия, Түркия, Австрия, Голландия елдерінде өткен. Оның өнерін БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар өте жоғары бағалады. Суретшінің туындылары Астанадағы жұрттың назарына алғаш рет ҚР Ұлттық академиялық кітапханада өткен көрмеде шығарылған.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button