Мәдениет

Үсеновтің үні

«Астана» концерт залында белгілі күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсеновтің шығармашылығына арналған «Ғасырлар толғауы» атты концерт өтті. Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясына қарасты «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек ұйымдастырған концертте 20-ға тарта шығарма орындалды.

Атақты Нұрғиса Тілендиев­тің тәлім-тәрбиесін көріп, «Отырар сазы» оркестрінен қанаттанған Ермұрат Үсенов – таным-талғамы жоғары музыкант. Ол Жезқазған музыка училищесінде қарапайым оқытушы болып жүргенде Нұрғисаның көзіне түсті. Талантын тап басып таныған Нұрағасы оны Алматыдағы аталмыш оркестрге алдырды. Ермұрат ұстазының үмітін ақтады. Ұлттық музыканың дәстүр-қалпын бұзбай, ­боя­уын солғындатпай, эстрадаға елік­пей, шығармаларын таза қазақы колоритте ұсынып келе жатыр. Бұл туындыларды Үсеновтің үні десек те болады.
Осы күндерге дейін ұлт аспаптар және симфониялық оркестрлерге, ансамбльдерге, хорларға, домбыра, қобыз, сазсырнай, сыбызғы сынды жеке аспаптарға арналған шығармаларды жазды. Ал оның музыканы өңдеп, оркестрге түсірудегі шеберлігін бірнеше әріптесінен естідік. Шынымен де, Ермұрат Үсеновтің төл туындыларында артық-ауыс иірімдер жоқ.
Әуезділігімен, сырлылығы­мен, саздылығымен халықты баурайтын ән, күйлерді кеш барысында естіп, құлақ құрышымыз қанды, жансарайымыз ашылды.


Көрнекті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сейдолла Бәйтерековтің көп шығармалары өзімізге ұнайды. Соның ішінде сазсырнайға арналған «Кішкентай» атты күйді ерекше жақсы көреміз. Ермұрат Үсеновте де осындай «Көңілді арбакеш» аталатын күй бар. Балалық шақтағы көріністі күйге айналдырған автор бәрімізге аяулы сол кезеңге жетелей жөнеледі. Кеште бұл туындыны сазсырнайда Аяна Құрманова әсерлі орындады.
«Қуаныш», «Шыңырау құс», «Күзгі әуен», «Майра», «Кербез сұлу» секілді шығармалар көрермендердің ықыласына бөленді. «Қойлыбайдың сарыны» атты күйді қобызда сарнатқан Шолпан Шарапатова кешке арнайы қатысқан Ермұрат Үсеновтің батасын алды.
Майталман музыкант Се­рік Тұрғынбекұлы, Несіпбек Айтұлы, Ерғожа Тілепбер­диев сынды ақындармен шы­ғармашылық одақ құрып, олардың өлеңдеріне ән жазды. Сол әндер де шырқалып, концертті шырайландырды. Перизат Тұрарова «Туған жер», Күнсұлу Тұрлыбекова «Өмірім – өзің», Гүлзира Бөкейхан «Тілеп баба қобызы» ән­дерін салды.
Ермұрат Үсеновтің әнде­рінің ішінде белгілі әнші Гүл­мира Сарина шырқайтын «Жалт-жұлт еткен дүние» әні ха­лықтың арасына кең тарап кетті. Гүлмира осы әннің, осы ән Гүлмираның бағын ашты. Әнші осы кешке қатысу керек еді, алайда белгілі бір себепке байланысты келе алмады. Өкінішке қарай, халық күткен бұл ән де айтылмай қалды. Осы бір ғана олқылықты байқадық. Ал жалпы жып-жинақы болып өткен кеш соңында сахнаға көтерілген Ермұрат Үсенов астаналық филармония ұжымына, әншілерге, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобына, Шолпан Қорғанбекке ризашылығы мен алғысын жеткізіп, бес томдық партитуралар жинағын сыйға тартты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button