Басты ақпаратБілімЖаңалықтар

ҮЗДІКТЕР ҮЙЛЕСІМІ

Білім бәйгелерінде елорда мәртебесін асқақтатқан мектеп түлектерін салтанатты түрде марапаттау дәстүрге айналды. Осыған орай, жаңа Оқушылар сарайында дарынды балаларға арналған «Триумф» балы өтті.

«Астана дарыны» орталығының мәлімдеуінше, 2013-2014 оқу жылында 362 оқушы АҚШ, Бразилия, Голландия, Грузия, Индонезия, Ресей, Түркия, Қытай, Кипр, Корея, Индия елдерінде өткен халықаралық олимпиадаларға қатысып, нәтижесінде 234 медальді қоржынға салған. Ал, Астана қаласының командасы сегіз жыл қатарынан жалпы топтық сайыста «Үздік команда» атағына ие болып отыр.

«Триумф» балына осы жылы жалпы орта білім беретін пәндер бойынша өткізілген халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба сайыстарының 200-ден аса жеңімпазы қатысты. Бас жүлде иегерлері мен оларды сайысқа дайындаған ғылыми жетекшілер балдың салтанатты бөлімінде марапатталды.

«Еліміздің маңдайалды универ­ситеттерінің біріне экономика саласы бойынша оқуға түсу ойымда бар. Қазақстан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосуды армандаймын» дейді №38 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы, география пәнінен республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері Нұғман Алмас. Алтын ұя мектептерімен қоштасқан түлектердің мерекелік көңіл-күйі сазды әуенге тербелген вальс биімен үндесті. Ал, эстрада әншісі Маржан Арапбаева «Қазақ елі осындай!» әнін орындағанда жеңімпаздардың жеңіске ұмтылған рухы одан әрі биіктей түскені анық.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button