Жаңалықтар

Юнустың таңдамалысы қазақша сөйледі

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада елордадағы Юнус Эмре түрік мәдениеті орталығы мен Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы қазақ тіліне аудартып, кітап етіп басып шығарған «Юнус Эмренің таңдамалы өлеңдері» атты жинақтың таныстырылымы өтті.

[smartslider3 slider=2389]

Кітап түрік профессоры ­Эрдоған Боз дайындаған мәтінді негізге ала отырып тәржімаланды. Ақынның 13-14 ғасырларда жазған «Насихаттар кітабы» және «Диуан» жинағының 72 өлеңін аудармашы қазіргі түрік тіліне ыңғайлап,  мәтін түрінде дайындап шықты. Аталған мәтінді жолма-жол Юнус Эмре түрік мәдениеті орталығының директорының міндетін атқарушы, Ph докторы Алмагүл Исина қазақ тіліне аударды. Ал 19 қазақ ақыны осы мәтінді өлеңге айналдырды.

Диуан жинағы Юнус ақындығының шыңы деп саналады. Жарық көрген кітапта қазақша аударма мен 13-14 ғасырлардағы түрікше түпнұсқасы бірге ұсынылған. Юнус Эмре – Анадолы жұртында Ясауидің мектебін жалғастырушы ақын, өлеңдерін Ясауи жолымен түсіндіріп жазған. Өлеңдерінің идеясы адамзатты сүюге, ақиқатқа, сабырға, яғни адамзаттық құндылықтарға үндейді.

– Юнус Эмре жылына байланысты Түркияның Юнус Эмре институты мен Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы бірлесіп, Юнустың 72 өлеңін қазақ тіліне аударып, кітап етіп басып шығарды. Бұл жобаға Қазақстанның ең талантты 19 жас ақын аудармашысын қатыстырдық. Себебі жаңа ақындар, жас ақындар – қазіргі Еуропаның да, Батыстың да, Шығыстың да өлең өрнегін білетін ізденімпаз, бүгінгі әдебиетке өзіндік қолтаңбасымен келген ақындар. Юнус Эмре жырларының аудармасына ерекше өрнек береді деп ойладық. Юнустың жырларын ертеден қазақ тіліне аударып жүрген айтулы ақындардың арасында Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, өткенде ғана Юнустың жырларын жеке кітап етіп шығарған Светқали ­Нұржан есімдерін ерекше атап өтуге болады. Бұл аға ақындар аудармаларының орны бөлек, – дейді Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Нұр- Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы.

1000 дана болып жарық көрген Юнустың таңдамалы өлеңдер жинағы Қазақстанның облыс орталықтарындағы барлық кітапханалар мен университеттерге тарту етіледі.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button