Елорда тынысы

Заманға бейімдейтін білім керек

Қазтұтынуодағының жоғары сауда-экономикалық колледжінің студенттері ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары Бауыржан Сартбаев және  Елдос Абакановпен кездесті. Шара барысында колледж директоры Мырзабек Күжімов қонақтарды оқу орнымен, ондағы жабдықталған арнайы кабинеттермен таныстырып шықты.

[smartslider3 slider=2166]

«Кез келген саланы меңгеруде теорияны тәжірибемен байланыстыру маңызды. Сондықтан, жабдықталған арнайы кабинеттерде студенттер өзіндік жұмыстарымен айналысады. Сапалы білім беруде тәжірибенің маңыздылығына аса қатты мән береміз» деді колледж басшысы.

Кездесуде алғашқы боп сөз алған Бауыржан Сартбаев қазіргі таңда жастардың білім алу мәселесі басты орында екенін айтты.

«Елордада осындай белгілі бір саланы меңгеріп жатқан колледжде маман болуға білім алып жатқан жетістіктеріңізге қарап қуанып отырмын. Өндіріске барғанда да қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Себебі теориямен қатар, тәжірибені де ұштастырып отырғандарыңызды көріп отыр­мын. Бізде «Жаңа Қазақстан» құруда жастардың білім алуы мәселесі басты орында тұр. Сол үшін де сіздермен ашық диалог құруға арнайы келдік. Себебі болашағымыз сіздерге байланысты. Білім алу заманға сай жылдам өзгеріп отыр. Соған сай талап та өзгеруде. Осы ретте біз білім саласы бойынша мәселелерді көтеріп, депутаттық сауал жолдайтын болғандықтан, сіздердің де мәселелеріңізбен танысуға келдік» деді Мәжіліс депутаты.

 Елдос Абаканов та әріптесінің сөзін қолдай келе, ашық диалогқа дайын екенін жеткізді.

«Колледждің материалдық-техникалық базасын да, оқу процесін де көрдік. Сапа тұрғысынан жақсы маман болып қалыптасудасыздар деп ойлаймын. Ашық диалог құруға дайынбыз» деді.

Сұрақ-жауап барысында колледж мұғалімдерінің жалақысының төмендігі туралы мәселе қозғалды. Сондай-ақ колледж бен жұмыс беруші арасындағы келісімшарттың дұрыс жүзеге аспайтыны туралы айтылды. Себебі жұмыс берушілер жауапкершілікті дұрыс сезінбегендіктен, студенттерге де тәжірибеден өтуге қиындық тудырғанын айтып өтті.

«Қазіргі таңда мұғалімдердің жалақысы басты мәселе болып отыр. Мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушыларының жалақысы біртіндеп көтеріліп жатыр. Сіздер айтқан мәселе бойынша, жекеменшік оқу орындары мен колледж мұғалімдерінің жалақысы туралы міндетті түрде ұсыныс беретін боламыз. Ал жұмыс берушілер бойынша да сұрақтарыңыз өте орынды. Мұны да шешуге тырысамыз» деп жауап берді Елдос Абаканов.

Студенттер тарапынан көтерілген тағы бір мәселенің бірі – колледж бітірген соң жоғары оқу орнына түсе алмау туралы болды. Себебі 9-сынып бітірген оқушы 2 жылдан соң колледж түлегі атанады. ЖОО білімін жалғастыру үшін колледжде тағы 1 жыл ақылы оқу керек болады. Оларға мемлекет тарапынан грант бөлінбеген. Ал колледж бітірген түлек кәмелет жасқа толмағандықтан, жұмысқа да қабілетсіз болады әрі ЖОО-на да тапсыра алмайды. Осы тұрғыдан депутаттарға тиімді жолды ұсыну туралы сұрақ қойылды.

«Бұл мәселені ескерту ретінде өзімізге жазып алайық. Себебі өте маңызды мәселе көтеріп отырсыз. Мұндай шешімді екіжақты қарастыруға тырысамыз. 9-сынып бітірген оқушылар үшін жұмыс істеуге де, грантқа оқуға түсуге де тиімді жағын қарастырамыз. Осы сұрақты өз тарапымыздан Білім министрлігіне жолдаймыз. Жақын уақытта жауабы беріледі деп ойлаймын» деді Мәжіліс депуттатары.

Жиын барысында студенттер жатақхананың ескі әрі жөндеу жұмыстарын қажет ететіні туралы да мәселе көтерді. Бұл мәселе бойынша колледж басшысы Мырзабек Күжімов оқу орны жыл сайын өз қаражатынан жөндеу жұмыстарын жүргізетінін айтты.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button