Құқық

Заң қайткенде орындалады?

Бүгінде құқық қорғау органдарының халықпен өзара байланысты етене дамытып, соған орай қоғамдық қауіпсіздікті талапқа сай қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұған халықпен тығыз байланыста қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы да нақты дәлел. Алайда қоғамдық қауіпсіздіктің халық күткен деңгейде сақталуы мен әр адамның жеке құқығының талапқа сай қорғалуы тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті деу қаншалықты нәтиже бере алмақ?

Бұл орайда әртүрлі пікірталас көп-ақ. Тіпті кейбір мемлекеттік органдардың өз міндетіне салғырт қарау нәтижесі құқық қорғау органдарының, әсіресе полицияның беделіне сын екені анық дейді. Өйткені қандай да бір саланың солқылдақ ісіне наразы болған жандар сол наразылығын ашық түрде білдіруге көшеді. Баспана жыры, жұмыстың жоғы, тұрмыстың ауыр ахуалы, т. б. өз шешімін толыққанды табуы қиын өзекті мәселелер қазандай қайнайды. Ақыры мұндай шешімін таппаған мәселелер ашынған жандардың ашу-ызасын туғызады. Алайда күрделі тұрмыстық мәселелерді шешудің заң жүзінде нақты жолдары мен өз уақыты және орны бар екені ескерілмейді. Сондықтан олардың қалайда өз үнін естірту және талап етуге құқылы екенін айқындау мақсатын көздеген іс-әрекетте заңсыздыққа да жол беріледі. Ал біздің елімізде қандай болмасын заңсыз іс-әрекеттің алды алынуы тиіс. Полицияның міндеті – оны болдырмау.

Бірақ қоғамда орын алатын осындай заңсыз әрекеттер сол қоғамның назарын бетпердемен көлегейлегендей күйге жеткізеді. Себебі қоғамның назары тұмшалана бастағанда, оның көлеңкесінде небір ұсақ теріс қылықтар да бас көтереді. Әсіресе ұрлық, тонау, қарақшылық, алаяқтық, зорлық-зомбылық, т. б. ауыр қылмыстар етек алады. Мұның бәрі ел болып күресетін келеңсіз жайлар екені сөзсіз. Және оны қоғам құқық қорғау органдарымен өзара тығыз байланыста, серіктестікте ғана жүзеге асыра алады. Аталмыш өзекті мәселе ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығы Бақытжан Малыбаевтың өткізген кеңесші орган отырысында да айтылды.

«Қазақстан полициясы бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында қоғаммен тығыз байланысқа құрылған модельге көшуде. Бұған азаматтық қоғам мен полиция арасында тұрақты өзара іс-қимыл жасау арқылы ғана қол жеткіземіз. Онсыз полиция қызметі тиімді болмайды» деді ведомство басшысы.

Міне, кез келген қылмысқа қарсы бірлесе күресудің заңды мәні бар. Тек оны әр адам білуге тиіс. Десек те осы орайда нақты айтарымыз, құқықтық сауаттылықтың төмендігінен заңның толыққанды орындалу деңгейі шет қалады. Ал заң қайткенде орындалады?

Заң адамды жазаға тарту үшін емес, сол жазадан алдын ала ада ету үшін керек. Мұның мәні мен мәнісі еліміздің Конституциясында түбегейлі баян етілген. Ата Заңымыздан бастау алатын өзге де салалық заңдарымыздың көздегені – жеке адамның құқығына сай мемлекет мүддесі. Алайда оны түсініп жатқандар аз. Соның салдарынан заң солқылдақ деген жалған сенім бой алып отыр. Ал ондай жалған сенімнің пайда болатыны заңның солқылдақтығында емес, оның орындалу және орындалмауына байланысты. Бірақ осы заңның орындалуы мен орындалмауы дегенді де көпшілік екіұдай ұғады.

Әлбетте, көпшілік заң болса, оны орындайтын құқық органдары бар деп есептейді. Құқық қорғау органдарының, әсіресе полицияның заңды орындауы – басты міндетінің бірі. Оған дау жоқ. Бірақ заңдарымыздың бәрі тек құқық қорғау органдары үшін ғана жазылмайды. Мақала басында айтқанымыздай, заң әр адам үшін жазылады. Адамның бәрі бірдей. Сол заң бойынша біреуді ұруға, тонауға, азаптауға, т. б. болмайды. Ал нақты айтқанда, біреуді емес, өзіңді біреудің кенеттен келіп ұруына, тонауына, азаптауына болмайды. Бұл – заң бойынша қылмыс. Қарапайым сөзбен айтқанда, сіздің конституциялық құқығыңызды таптау. Ол үшін қатаң жаза бар. Ендеше әр адам бұл қатаң жазаға тартылып, түрмеге тоғытылмауы үшін өзінің құқығын ешкімнің бұзуына заң жол бермейтінін, жол берілсе – жауап­қа тартылатынын білген жөн. Ал сол білгенін үнемі жадында ұстауы және соған сәйкес ала жіптен аттамауы – заңды орындауы. Демек, әр адам өзінің құқығын қорғауы үшін ең алдымен өзі заң талаптарын білгені жөн. Ол үшін өзгенің құқығын бұзуы өзіне жаза тағайындауы екенін ескергені жөн.

Егер әр адам осы қағидаттан аяғын қия баспайтын болса, өзінің ғана емес, өзгелердің бейбіт тірлігін қамтамасыз еткені. Демек, бұл жағдайда заңның орындалуы жүзеге асады. Мұндай жандар көбейген сайын салауатты қоғамның да көздегені сындарлы, ісі тәртіпті бола түседі. Тәртіп бар жерде тәрбие басталады. Кіреберіс алдына қоқыс тастап кететін жандардың іс-әрекетінен бастап, аула ішіндегі келеңсіздіктер тезге салынып, заңның салтанат құруын көздеген қоғамның көзімен ұры-қараларға жүген тағылады. Бұл орайда, әлбетте, көпшілік үшін заңның сақталуы ғана алаңсыз өмір сүрудің айғағы екені етене кіріге түседі. Әрине, он саусақ бірдей емес дегендей, жұрт ішінде ала да, құла да кездесетіні анық. Жазадан құтылып кетем дейтіндер баршылық. Ондай заң бұзушының жанында үнемі бір полиция қызметкері еріп жүрмейтіні тағы белгілі. Міне, осындайда заң бұзуға бейім жандардың теріс әрекеті мен қылмысты жасамауына қоғам ғана тұзақ құра алады.

Ал қоғамның заңды орындауға, сақ­тауға мүдделі бола алуы тек көпшіліктің іс-әрекетіне ғана байланысты емес. Бұл мәселеге тереңірек және жан-жақты қараған жөн. Сансыз проблеманы мемлекеттің бар саласы бірігіп атқаруға тиіс. Тәртіпті, тыныштықты бір ғана құқық қорғау органдарынан талап ету – өзге мәселелердің ушығуын басады деу қателік. Бір сөзбен айтқанда, тұрмыстық ахуалдың түзелуі ғана қоғамның бейбіт өзара келісім бірлігінен айырылмауына нақты кепіл. Тұрмыс күйі жақсарған жан сол күйінің баянды болуы үшін тәртіптің де қатаң күйде сақталғанын қалайды.

Александр ТАСБОЛАТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button