Елорда тынысы

Жәрмеңкеден жұмыс тапты

Елордадағы «Жастар» сарайында жұмысссыз азаматтарға арналған жалпықалалық бос орындар жәрмеңкесі ұйымдас­тырылып, онда 50-ден астам жұмыс беруші қатысты.

Жәрмеңке жұмыс іздеушілер үшін де, жұмыс берушілер үшін де тиімді. Іс-шара барысында олардың алғашқылары тұрақты жұмысқа орналасса, ал кейінгілері мекемелеріне қажетті мамандар тапқандарына қуанышты.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыс берушілермен өзара байланыс жасау бөлімінің басшысы Бақыт Ракишеваның айтуынша, биыл елордада өткен бос орындар жәрмеңкесіне барлығы 2 мыңнан астам жұмыссыз азамат келген. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 мыңнан астам адам кеңес алды.

– Биыл жоспар бойынша 10 қалалық бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыр­дық. Ай сайын ұйымдастырылған жәрмеңкеге шамамен 200-400 адам қатысып келді. Оның ішінде қалаған жұмысын тауып, еңбек етіп жатқан адамдар да бар, – деді бөлім басшысы.

Қалалық Полиция департаменті бос орындар жәрмеңкесіне тұрақты қатысуда. Себебі елордадағы жедел ден қою арнайы жасағында 168 бос жұмыс орны бар. Инспектор Ж.Мұсабековтың айтуынша, қалалық бос орындар жәрмеңкесінен кейін 4-5 азамат жұмысқа қабылдауға өтініш білдіреді екен.

– Бізде инспектор және жүргізушіге бос орындар бар. Талап бойынша жоғары білімді, заңгер мамандығы бар, әскерге барған және спорттан бірінші разрядты қызметкерлер қажет. Егер құжаттары сәйкес келсе, әрі қарай медициналық тексерістен өтеді, – деді инспектор.

Бүгінгі таңда жұмыс берушілер ұсынған ең сұранысқа ие мамандықтар: тәрбиеші, кассир, фармацевт, слесарь, бухгалтер, сәулетші, инженер-жобалаушы, әртүрлі санаттағы жүргізуші, сату жөніндегі менеджер, қаржы кеңесшісі, кредиттік менеджер. Кадрлардағы ең үлкен тапшылық денсаулық сақтау, сауда, құрылыс және өндіріс салаларында байқалды.

Бос орындар жәрмеңкесін өткізу барысында әңгімелесуге 480-нен астам адам шақырылды, оның ішінде 276 жұмыс іздеуші тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Мұнда келушілер жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, Жұмыспен қамту орталығының мамандарынан өздерін қызықтыратын мәселелер бойынша кеңестер алды.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button