Саясат

Жаһандық ауқымдағы саясаткер

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» деген тақырыппен халықаралық конференция өтті. Конференцияда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі рөлі мен халықаралық бастамалары жайында сөз болды. Жиынға отандық мемлекет және қоғам қайраткерлері, әлемдік деңгейдегі белгілі саясаткерлер қатысты.

Конференцияда сөз сөйлеген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет қалыптастыру ісіндегі маңызды шешімдеріне назар аударды. Сондай-ақ ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі ішкі ахуалдың күрделі болғанын, Елбасы сол тығырықтан шығар жолды тауып қана қоймай, өзіне жүктелген тарихи миссияны артығымен орындағанын атап өтті. «Елбасы тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрып, егемендіктің ең басты тұғырларын тас-түйін бекітіп берді. Ең алдымен, шекарадай күрделі мәселе кемеңгерлікпен шешіліп, халықаралық құжаттармен біржола шегенделді. Шекара мәселесі түпкілікті шешілмесе мемлекеттің тәуелсіздігі баянсыз, болашағы бұлыңғыр болады. Оны бүгінде бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы бұл істе дау-дамайға емес, салиқалы дипломатияға арқа сүйеді» деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат төрағасы Елбасының мемлекеттік басқару институттарын қалыптастыру жолындағы ерік-жігеріне тоқталды. «Ел дамуына тың серпін берген Ата Заңымыз – Конституциямыз қабылданды. Соған сәйкес, билік тармақтары қалыптасып, қос палаталы кәсіби Парламент, Үкімет, тәуелсіз сот жүйесі құрылды. Жергілікті әкімдіктердің жұмысы жолға қойылды. Сол арқылы мемлекеттік басқару институттары жүйеленіп, әрқайсысының мақсат-міндеттері нақтыланды» деген Сенат төрағасы Тұңғыш Президентіміздің қажыр-қайратының арқасында Қарулы Күштеріміз құрылғанын, экономика саласында кешенді реформалар іске асырылып, аса маңызды және тарихи шешімдер қабылданғанын айтты.
Елбасының кемеңгер шешімдерінің бірі астананы Арқа төсіне көшіру екені сөзсіз. Сол кездегі экономикалық қиындықтарға қарамастан қабылданған бұл шешім нағыз стратегиялық қадам болды. Мәулен Әшімбаев бұл батыл шешімді тәуелсіздіктің бір тұғыры деп атады. «Нұрсұлтан Назарбаев астананы көшіру арқылы қазақтың жаңа замандағы ұлы көшін бастап берді. Расымен, елорданың өсіп-өркен­деуі тұтас Қазақстанның дамуына даңғыл жол ашты. Отанымыздың абыройын асқақтатып, беделін өсірді, бүкіл қазақстандықтарды жаңа мақсат-мұраттарға жетеледі. Бүгінде елордамыз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттік дамудың нағыз темірқазығына айналды» деді ол.
Сондай-ақ ол Елбасының Түркістан облысын құрып, Түркістан шаһарына жаңа мәртебе беру туралы шешімнің маңызы зор екенін айтты. «Тарихты тарлан тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Шын мәнінде, Елбасының елдік мүдде жолында қабылдаған әр шешімі ұлт тарихының жаңа тарауы болып жазылады. Солардың ішінде Түркістанға қатысты шешімнің орны бөлек. Түркістанды түлету – өткеннен өнеге ала отырып, кемел келешекке ұмтылудың озық үлгісі» дей келе, Мәулен Әшімбаев осы жолдағы «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының да айрықша мәнге ие екенін сөз етті.
«Тарихтан тағылым алу кейін шегіну емес, ол – ұлттық кодты сақтау­дың жарқын көрінісі. Расында, ұлттық кодсыз мемлекет болмайды. Сол себепті, бұл салада Елбасы ұлттық тұтастықтың кепілі ретінде батыл шешімдер қабылдаудан қаймыққан жоқ» деді Сенат төрағасы. Мәулен Әшімбаев Нұрсұлтан Әбішұлының жасампаздық пен жаңашылдықты тоғыстырған осындай стратегиялық қадамдарын еліміздің сыртқы саясатынан да байқауға болатынын айтты. Бұл ретте Елбасының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы игі бастамаларына тоқталып өтті. Оның айтуынша, Тұңғыш Президентіміз сыртқы саясатта білекке емес, білімге, ақыл-парасатқа, диалог пен өзара сенімге табан тірей отырып, батыл шешімдер қабылдады. Өркениетаралық және дінаралық келісімді нығайту арқылы Қазақстан жаһандық қауіпсіздікке өз үлесін қосты.
Мәулен Әшімбаев Елбасының Еуразиялық интеграцияны дамытуға қатысты жаңашыл қадамдарына тоқталды. Тұңғыш Президентіміздің әлемдік ынтымақтастықты сақтау жолындағы тың бастамалары өміршең және олар ХХІ ғасырда жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің берік негізі ретінде қызмет ете беретінін атап өтті. Халықаралық конференцияға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының (АӨСШК) атқарушы директоры Қайрат Сарыбай, Сенат жанындағы Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова, Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу, қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев қатысты. Сондай-ақ іс-шара барысында бірқатар шетелдік қатысушылардың бейнебаяндамалары тыңдалды. Олардың қатарында Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы бас хатшысы, Жаһандық жасыл өсім институтының қазіргі президенті Пан Ги Мун, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) бірінші президенті Жак Аттали, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр, Түркияның бұрынғы президенті Абдолла Гүл, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Станислав Зась бар.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button