Басты ақпаратБілім

Жас түлектер мерекесі

Биыл елорда мектептерінен 10 мыңға жуық оқушы түлеп ұшты. 280 оқушы – «Алтын белгі» иегері, 607-сі үздік оқушы атанды. Астанада алғаш рет мектеп түлектерінің құрметіне арналған концерт өтті. Түлектер мерекесіне Астана қаласының әкімі Жеңіс ­Қасымбек қатысып, үлкен өмірге қадам басқан жастарға сәттілік тіледі.

Шат-шадыман іс-шараның барысында түлектердің көңілі көтеріліп, арман-мақсаттарымен бөлісті. Елорда әкімі жастар алдында сөз сөйледі.

«Құрметті түлектер, сіздер үлкен өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Алдарыңызда жаңа мүмкіндіктер ашылып, жарқын болашағымыздың көкжиегі көрінді. Араларыңызда болашақ ұстаздар, дәрігерлер, IT-мамандары, инженерлер, мемлекеттік қызметшілер және т.б. бар. Білім жолында ғана емес, қоғамдық өмірде де жақсы қырларыңызбен көріндіңіздер. Біразыңыз еріктілер қатарында болдыңыздар. Бұл игі істі әрі қарай да жалғастыра беретіндеріңізге сенімдімін!

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев жуырда өткен Құрылтайда өскелең ұрпақ өткеннің тәжірибесі мен болашақтың көкжиегін ұштастыра отырып, ұлттық рухты жаңғыртып жатқанын ерекше атап өтті.

Мемлекеттің міндеті – осы оң серпінді сақтап қалу және оны еселеп арттыру.

Сіздер – біздің үмітіміз, болашағымызсыздар. Өз болашақтарыңыз – өз қолдарыңызда. Тынымсыз еңбек пен білімнің арқасында биік белестерді бағындырып, армандарыңыз бен мақсаттарыңызға жетесіздер!

Қателік пен сәтсіздіктен жасқанбаңыздар. Ұлы ғалым­дардың бірі Томас Эдисон былай деген: «Мен сәтсіздікке ұшыраған емеспін, тек дұрыс емес 10 000 тәсілді қолданыппын». Үлкен өмірге басқан сәтті қадамдарыңыз құтты болсын! Бүгінге дейін жиған білімдеріңіз – ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Биік шыңдарды бағындыра беріңіздер! Біз сіздерді кез келген уақытта қолдап, жанда­рыңыз­дан табыламыз: білім алып, карьера құру үшін және қалада қолайлы өмір сүру үшін тиісті жағдайдың бәрін жасаймыз» деді  елорда әкімі түлектерге арнаған сөзінде.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button