Қоғам

Жасан жүрсе жаныңда….

Жасан Зекейұлы – соңғы 20 жылда Қазақстанның қоғамдық өмірінде ерекше көрініп жүрген қайраткер тұлға.

Ол – Қытай Халық Рес­публикасынан келіп, «туған жерге туын тіккен азамат».

[smartslider3 slider=3117]

Медициналық жоғары білімді Алматыда алды. Атақты академик Мұхтар Әлиевтің шәкірті. Кандидаттық диссертациясын да академиктің жетекшілігімен қорғаған.

Одан кейінгі қызмет жолын түйіндей айтсақ, төмендегідей:

Жасан Зекейұлы – медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик.

Ол заманауи құндылықтар өзгерген кезде халықаралық «Жас-ай»   медицина орталығын құрды. Өзі – бас директоры. Инемен, шөппен емдеудің өзіндік жолын қойды. «Жас-ай» ғылыми-сараптамалық және танымдық журналын ашты. Өзі оның бас редакторы.

Бір жағынан өзі емдесе, екінші жағынан журнал арқылы оқырман сұрақтарына жауап беріп, дәрігерлік кеңестер жүргізеді.

Дәрігер: «Мың қытайды емдегенше, бір қазақты емдеймін» деген ұстаныммен ұлтына қызмет етіп келеді.

Қазір Жасайдың бас офисі – Нұр-Сұлтанда, екі орталық – Алматы мен Шымкент шаһарында.

 Жасан Зекейұлы жастардың рухани кемелденуіне ерекше ден қояды. Жиі-жиі мақалалар жариялап, теледидардан, радиодан зерделі сөз айтады.

 «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ұстанымға сәйкес қызмет істеп келе жатқан дәрігер құрметке бөленіп отыр

Күйзелгенді көтеріп, тұра алмағанды тұрғызып, бала сүйе алмағанға ем жасап, оларға әкелік-аналық қуаныш сыйлаған асыл жүректі, алтын инелі жігіт.

Жасанның өмірі әрі өнегелі, әрі қызық. Ол Қытайдың Тарбағатай өңірінде дүниеге келген. Бірақ ол – баяғы қазақтың өз жері, өз өңірі. Патшалық Ресей кезінде Қытайға өтіп кеткен қазақ жері.

Жасанның әкесі Зекей 42 жасында жол апатынан қаза болады. Анасы Шәрипа – 5 баланы өмірге әкелген ардақты ана. Үлкені – Сайра, одан кейін Серік – дәрігер, үшіншісі – Жасан, одан кейін Сержан, Ержан деген інілері бар. Бәрі де – білім алған кәсіби маман. Олар Шәрипа ананың тәрбиесімен өсті. Алыста жүрсе де Қазақстан деген Отанға оралу бақыт деп, құлақтарына құйып тәрбиеледі.

Шәрипа жай ана ғана емес, ол ақын да, өлең кітабы шыққан. Өте елгезек, айналып, толғанып сөйлейтін кісі.

Иә, Шәрипа анамыз өз жары Зекейдің атын шығарған ұл-қыз тәрбиеледі. Бәрін туған топырақ – Қазақстанға алып келді.

– Алтай, Тарбағатайдан байырғы отанымызға жеттік. Анамызға мың да бір рахмет, – дейді Жасан Зекейұлы сырласқан сәттеріміздің бірінде. – Оңай болды деп айта алмаймын, бірақ білім мен еңбек бізді барлық қиындықтардан алып шықты.

Жасан – атағы шыққан Тибет медицинасының Қазақстандағы ірі маман. Ол ұлы ғұламалардың өсиеттерін әркезде жадында сақтайды. «Тән ауырса – жан да ауырады» деген әл-Фараби сөзі, «Ойыңның тазалығына жұмыс істе, сонда ісің де таза болмақ» деген Конфуций ілімі, «Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытты ете алмайды. Дені сау кедей, ауру патшадан бақыттырақ» деген Сократ сөзі, «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген ұлы Абай сөзі – Жасанның көңілінде жүретін ұғымдар. Сондықтан болар, ол өзінің үш қаладағы офисіне төмендегідей сөздерді жазып, іліп қойыпты.

«Қазақты құртатын негізгі төрт кемшілігі:

Жалқаулық, рушылдық-жершілдік, намыссыздық, жігерсіздік, күншілдік». Бұл – Жасанның өз сөзі. Ем алуға келген әрбір адам осы сөздерді оқымай кетпейді. Бұдан Жасан Зекейұлының ұлтжандылық қасиеті айқын көрінеді.

Емшілік – атам заманнан бар мамандық. Соның ішінде Шығыс – тибет медицинасын таңдап алуының өз сыры бар. Қытай халық республикасында оқып жүргенде Қытайдың атақты профессоры 17 атасынан дәстүрлі шығыс емдерін зерттеген Коң Суңмен танысады. Оның ғылыми мектебінен тәжірибеден өтеді. Бүгінде жүзден асқан ұстазымен хабарласып, ақыл-кеңес алып тұрады.

Ресми мекемелерден, ем алып, одан сауыға алмай жүрген жандардың біразы Жасанға келіп, ем алып, айығып кеткендерді өз көзіммен көргеннен кейін, дәстүрлі Шығыс емдеу тәсілдерінің күш-құдіретіне көз жеткіздім.

Бұл күнде «Жас-Ай» медицина орталығы 90 мыңнан астам науқасқа медициналық қызмет көрсетті. Оның ішінде, 25 мың адамды тегін емдепті. 5000 отбасы бала сүю бақытына ие болды. 7 мыңға жуық сал ­ауруына (ДЦП)  шалдыққан бала жазылыпты. 4 мыңнан астам инсультпен ауыр­ған адам қалыпқа түсіп, еңбекке қайта оралды.

Алтын инелі Жасанның үлкен арманы бар. Ол – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жанынан «Дәстүрлі Шығыс медицинасы» мамандықтарын медициналық және фармацевтикалық мамандықтар номенклатурасына енгізу жобасы болатын. Мұндай дәстүр Жапон, Корея, Қытай, Малайзия сияқты мемлекеттерде орнықты жұмыс істейді. Міне, осыны Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі жанынан ашуды көздейді. Үкімет осындай ұсыныстарға селқос қарамай, оны жүзеге асыруға көмек береді ғой деп ойлаймыз.

Әлемді жаулаған коронавирус індеті кезінде, профессор Жасан Зекейұлы халық арасында насихат жұмыстарын жүргізді.

Жасан Зекейұлы жастардың рухани кемелденуіне ерекше ден қояды. Жиі-жиі мақалалар жария­лап, теледидардан, радиодан зерделі сөз айтады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ұстанымға сәйкес қызмет істеп келе жатқан дәрігер құрметке бөленіп отыр.

Ол ұлттық мұраларымызды, жәдігерлерімізді көп оқиды. Оқып қана қоймай, оны жүрегіне тоқиды. Жазып алып ұлт тәрбиесіне пайдаланады.

Жасан Зекейұлының «Қанатты сөздері және ғұламалардан жинаған ғибратты сөздер», «Тәуелсіздік – тағдыр сыйы» атты кітаптары соның айғағы болып табылады.

«Тәуелсіздік – тағдыр сыйы» кітабының ішінен «Бәрінен де еліміздің елдігі, қазақтың тәуел­сіздігі қымбат», «Мемлекет пен халықтың ара байланысы тыныштық көзі, бейбіт дамудың кепілі» атты публицистикалық мақалаларының орны бөлек.

Жасан Зекейұлы – «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің, БҰҰ «Құрмет белгісі» орденінің иегері.

Жақында ғана Жасан ­Зекейұлы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі болды.

Бүгінде ер жасы 55-ке ­толып отырған Жасан Зекейұлын туған күнімен құттықтап, ұзақ ғұмыр тілеймін!

Жасан жүрсе жаныңда,

От ойнайды қаныңда, – деп айтып жүремін.

Халқыңның Жасаны болып жүре бер, жақсы іні!

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ҰҒА академигі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button