Білім

Жастар лагері шақырады

Астана қаласы  Қоғамдық  даму істері басқармасының ұйымдастыруы мен қала сыртындағы «Алтын қырғауыл» мәдени-сауықтыру кешенінің жанынан «Жастар синергиясы» атты жастардың жазғы лагері ашылды.

Салтанатты шараға Парламент мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл пен Зағипа Балиева, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов, Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин және түрлі ұйым өкілдері мен жастар қатысты. Шара барысында әншілер мен барабаншылар көпшіліктің алдында өнер көрсетті.

Жастарды отансүйгіштікке баулу мақсатында ұйымдастырылған шарада өрелі өрендердің бизнес, мәдениет және спорт, әлеуметтік салалар бойынша әзірлеген жобалары ұсынылды. Мысалы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Нұрсыйла Жұрманова «Эко қадам» жобасын әзірлепті. Өзінің жобасында ол барша замандастарын қоршаған ортаны, табиғатты аялауға шақырады. Осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған жазғы лагерьдің ашылуымен құттықтаған Данияр Есин ең үздік деп танылған жобаларды жүзеге асыру үшін қалалық әкімдік пен кәсіпкерлердің қол дау көрсететінін жеткізді.

Лагерьдің ашылу салтанатынан кейін спикерлер 16 мен 29 жас аралығындағы жастармен еркін форматта кездесу өткізді. Бизнес, спорт және мәдениет сияқты бес бағыт бойынша жоба әзірлеген жастар 22 маусымға дейін мұнда тренингтер мен түрлі шаралар ұйымдастырмақ.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button