Мәдениет

Жастар театрының жарқылы

Өнер кеңістігінде дара жолымен танылып, халықаралық, республикалық  театр фестивальдерінде үздіктер қатарынан көрінген Жастар театрының  талантты ұжымы 2024 жылдың 19-24 сәуір аралығында Шымкент қаласына гастрольдік іс-сапармен барады.

19 сәуірде Т.Ахметжанның «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» мюзиклі Шымкент қалалық орыс драма театрында қойылса, 20 сәуірде Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» спектаклі адам өмірінің ең бір аяулы шақтары мен көркем кездерінің тәтті естеліктері сағыныш болып жүрегіміздің түкпіріне жасырынған балалық кезге, өскен ортаға сағыныш, жастық шаққа, студенттік өмірге сағыныш, ғашық жанға сағыныш, алыстағы туғандарға сағыныш, тіпті өзің білмейтін, түсінбейтін беймәлім күйге, сұлулыққа сағынышты жеткізеді. Сезімді жеткізер сөз таусылған сәттегі сағыныш күйін музыкадан іздеген театр туппасының көрерменін қуантар жаңалығы көп. Шым қаланың тұрғындары жүрек пернесін дөп басып, сезімді қозғар сырласу – ностальгия жанрындағы ғаламат кештің куәсі болғалы тұр.

21 сәуірде У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы көрермен назарына ұсынылады. «Асауға тұсау» – асау қызды ауыздықтау емес, кіршіксіз махаббатты шынайы түсінуден тұратын ерлі-зайыптылар арасындағы адал достықты жыр етеді. Спектакльдердің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрқанат Жақыпбай.

22 сәуір күні көптеген режиссер мен актер шығармашылығының қиялына ерік берген Н.Гогольдің «Ревизоры» Жастар театрының сахнасында өзгеше екпінмен, ерекше шабытпен, айрықша бағытпен оңтүстік мегаполис тұрғындары үшін Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында арнайы қойылады.

23 сәуірде Т.Миңнуллиннің «Махаббат миниатюралары» спектаклі көрсетілсе, 24 сәуірде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин сахналаған Қ.Жүнісовтің «Пранк-махаббат» комедиясы көрерменге жол тартады. Студенттік шақтың қызығы мен шыжығы мол шытырман оқиғаларының куәсі барған адамды тарта түседі. Ұтқыр әзіл, әдемі әуен, шытырман оқиғаға құрылған комедия студенттер өмірінің боямасыз болмысын паш етеді.

Астаналық Жастар театрының шығармашылық ұжымына гастрольдік сапарда сәттіліктер тілейміз!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button