Қоғам

Жастарға дерт болып тұр

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» деп үнемі ел жастарына үміт артады. Ал біздің қазіргі жастарымыз осы сенімге лайық па?! Әлбетте, көпке топырақ шашуға болмас. Дегенмен беттен қағу көрмей, бұла өскен сол жастарымыздың жүгенсіз қылықтарын көргенде жүрегіміз ауырады. Бұл жайт әрбір саналы адамды ойлантса керек.

Бірде мереке күні анаммен бір дәмханаға кірдік. Жүзі таныс 11-сыныптың екі қызы ешкімнен де именбей, темекіні бұрқыратып отыр, алдарында сыра. Бізді көрсе де, байқамаған сыңай танытты. Бұдан бұрын сол қыздардың үйлеріне қонбай, ата-аналары іздеу салып жүретіндерін білетін едім…
Жастар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ оны сол жастар оқи ма, оқыса эротикалық басылымдарды оқиды, әрине. Көретіні – батыстың әдепсіздікке баулитын, атыс-шабысқа толы, тәрбиелік мәні жоқ фильмдері.
Ендігі айықпас дертіміздің бірі – нашақорлық. Жастарға арналған дискотека мен түнгі клубтар осы дертің ұясы болып отыр.
Жақында беделді бір басылымға белгілі азамат сұхбат беріпті. «Менің қызым он алтыда. Сол қызым бөпелі болып қалды. Ешқандай ренжіп, ашуланғаным жоқ. Екі жылдан бері достасып жүрген жігіті бар екенін білетінмін. Қызыма мектебіңді бітір, 18-ге толған соң көре жатармыз деп айтқанмын. Кішкентайды анасы екеуі бағып отыр енді» делінген жарияланымда. Бұған не деуге болады? Мұндай сорақылықты қандай мұсылман халқы дұрыс санайды?! Әрине, баланы далаға тастамағаны дұрыс, бірақ қыз тәрбиесіне мұнша салғырт қарауға бола ма? «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген халық нақылын жастарымыз саналарына берік сіңіріп, көңілдеріне тоқыса дұрыс болар еді. Ата-бабамыз ұрпағын «тек» деп тежеп ұстап, жаманнан жиренуге, жақсыдан үйренуге баулыды. Бұған әлі күнге дейін құнары кетпеген даналық сөздері һәм ырым-тыйымдар-ақ айқын мысал. Сондықтан ұлттық тәрбие алмаған жастың ұлттық рухы болады деп айту қиын. Қорытындысында, «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» демекші, ұлттық уызынан нәр алған, ұлттық тәрбие бесігінде тәрбиелеп өскен, тілі, ділі таза, ойы өрелі ұрпақ тәрбиелеу қоғам болып жұмылар өзекті іс, азаматтық парыз деп түсінемін.

Ақсәуле БАЙҒАЗЫ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button