Жаңалықтар

«Жасыл аймақ» тұжырымдамасы

2050 жылға қарай елдегі баламалы және жаңартылатын энергия үлесі 50 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы кеше ҚР Президенті жанындағы ОКҚ ұйымдастырған брифингте ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлімдеді. 

30 мамыр күні Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. «Жасыл экономика» еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құрал­дарының бірі болып саналады. Аталған тұжырымдама аясында 2050 жылға қарай ЖІӨ 3 па­йызға артып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашы­лады деп жоспарланып отыр. Ми­нистрдің айтуынша, «жасыл эко­но­микаға» көшу үшін қажетті инвестициялар көлемі жыл сайын ЖІӨ-нің шамамен 1 пайызын құрайды. Бұл 3-4 млрд АҚШ долларына тең.

– Энергетикада біз баламалы және жаңартылатын энергияның үлесін 2030 жылға қарай – 30, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу мақсатын қойып отырмыз. Энергия тиімділігін жоғарылатуға бағытталған шараларды жүргізу нәтижесінде электр қуатын өндіру қажеттілігі 2030 жылға қарай – 13, ал 2050 жылға қарай 10 пайызға азаятын болады, – деді министр.

Сондай-ақ, сала басшысы тұжы­рым­дама көздеген бірқатар міндеттерді жіктеп берді. Біріншіден, «Жасыл эко­номикаға» көшу 2050 жылға қа­рай 500 мың жұмыс орнын ашуға мүм­­­кіндік береді. Екіншіден, аталған тұ­­жырымдама Қазақстан әлемнің да­мыған 30 елінің қатарына кіру жө­­нін­дегі мақсатына қол жеткізуін қам­тамасыз етеді. Үшіншіден, 2030 жыл­ға қарай қазақстандықтардың электр энергиясының 11 пайызын жел мен күннен, ал 8 пайызын атомнан алуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, елі­мізде бірқатар жылу электр стансалары көмірден газға көшірілетіні де белгілі болды. Бүгінде елімізде 3,8 трлн текше метр газ қоры бар екендігі дәлелденген. Оны министрлік «көмір мен жаңаратын энергия көздері ара­сындағы көпір сынды» транзиттік қор ретінде қарастырады.

Айнұр САНАБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button