Имантаразы

Жат ағымның жетегі

Діни экстремистермен күресудің қиындығы неде? Қанша қазақстандық діни көзқарасы үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылды? Осы және өзге де мәселелер мемлекеттік қызметкерлер мен имамдарға арналған семинарда талқыланды. Астана қаласы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығы ұйымдастырған шарада қазіргі деструктивті діни ағымдардың алдын алу жолдары мен оңалту шараларына кеңінен мән берілді.

Қоғамдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 23 мыңнан аса адам жат ағымның жетегінде кеткен. Оның ішінде 800 адам заңсыз әрекетке барғаны үшін сотталған. «Терроризмге қарсы комитет» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Аманжол Оразбаевтың айтуынша, қазіргі таңда жалған діни ағым өкілдерімен жұмыс жүргізудің тиімді механизмі қолға алынған. Мәселен, деструктивті діни бірлестіктердің мүшелерін анықтау, есепке алу және оңалту мақсатында Қоғамдық даму министрлігі, ҮЕҰ және Астана қаласының әкімдігі бірлесіп жұмыстар атқаруда.
«Өткен жылы дәстүрлі исламға дес­труктивті діни ағымның 940 мүшесі қайтарылған. Бірақ өкінішке қарай, оны растайтын құжат жоқ. Біз қазір деструктивті діни бірлестікке тартылғандардың әрбірін растайтын база жасағымыз келеді. Онда біз құжат арқылы ол адамның дәстүрлі исламның өкілі екенін дәлелдей аламыз. Барлығына бір өлшеммен қарауға болмайды. Шын мәнісінде, көбісі – кәдімгі діни киініп жүретін мұсылмандар» дейді қоғамдық бірлестік жетекшісі.
Жалпы, жат дінге өтіп кетудің түрлі жолдары көп. Жастар мен тәжірибесі жоқ азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік желі арқылы таратылатын жалған насихаттарға еріп кетеді. Сол үшін еліміз бо­йынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Сонымен қатар, «Пікір» діндерді қолданбалы зерттеу орталығының директоры Асқар Сабдин және Нұр-Мүбарак Мысыр ислам университетінің PhD докторанты, дінтанушы Бауыржан Әлиұлы елордалық имамдарға мемлекеттің дін туралы саясатының басым бағыттары мен діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу жолдары туралы кеңінен түсіндіріп берді. Семинар соңында шара қатысушыларына арнайы сертификаттар табысталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button