Ешқандай сыйлық талантыңа талант қоспайды
Мемлекеттік сыйлық шығармашылық тұлғаға не береді? Оны беру тәртібі қанағаттандыра ма? Біздің елімізде Мемлекеттік сыйлық беру әдебиеттің дамуына стимул болып отыр ма?

– Мемлекеттік сыйлық лайықты адамына берілсе, әрине, әдебиеттің дамуына ықпал етеді. Ал бірақ халтурщиктер таланттардың алдын орап кетіп жатса, бұл – өкініш. Біздің елімізде Мемлекеттік сыйлық әр уақытта лайықты адамына беріліп жүр деп айта алмаймын. Әрине, бұл атақты алған мықты тұлғалар бар. Марқұм Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, замандастарымыздан Мұхтар Мағауин, Қажығали Мұханбетқалиұлы, басқа да қаламдастарымызды атап айтуға болады. Бірақ осы тізімге көлденеңнен қосылып кетіп, әттеген-ай дегізіп жатқан азаматтар да бар.
Мемлекеттік сыйлыққа автор емес, шығарма ұсынылады, бірақ оның өз талаптары бар. Мысалы, 400 беттен асқан шығарманы комиссия оқымайды. Сосын, қаламгер Мемлекеттік сыйлыққа лайықты бірнеше шығарма жазуы мүмкін, бірақ біздің тәжірибемізде бұл сыйлықты екі рет алған адам болған емес. Тіпті бір рет алып, екінші рет тағы ұсынылған қаламгер болған жоқ. Әйтпесе, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыранынан» кейін «Жармағына» да, «Шыңғыс ханына» да беруге болар еді. Жалпы, шындығында, бір қаламгерге бірнеше рет Мемлекеттік сыйлық беру керек десе, қолдауға болады.
Мемлекеттік сыйлық маған не берді дейсіз, ақша берді (күледі). Сол секілді, бұл жарнамаңа көмектеседі. «Мемлекеттік сыйлық алды» дегенде оқырман қызығушылықпен қарап, шығармаңды іздейді. Қоғам болған соң, ел болған соң елеп, ескеріп, бағалап жатса қуанасың. Бірақ ешқандай сыйлық талантыңа талант қоспайды. Соны ұмытпауымыз керек.
ӨЗІМІЗДІ ЕМЕС, ҚОЛЫНА ҚАЛАМ ҰСТАҒАН
КЕЙІНГІ ЖАСТАРДЫ КӨБІРЕК ОЙЛАУЫМЫЗ КЕРЕК

– Мемлекеттік сыйлық қаламгердің өзіне сенім береді. Оны алған адамның оқырманның, елдің алдындағы жауапкершілігі артады. Бұл атаққа қол жеткізген ақын не жазушы «Мемсыйлықты алдым, болды» деп қалам мен қағазын тартпасына салып қоймайды, керісінше, жаңа шығармашылық өрлеуге бет бұрады. Ол енді өзінің сол сыйлыққа лайық екенін дәлелдеуі керек. Мемлекеттік сыйлықты алғаннан кейін де ол өзінің жазған шығармалары мықты екенін көрсетуі қажет. Үкімет тарапынан да «Мемлекеттік сыйлықтың иегері ғой» деп қоя салмай, оларды әрі қарай насихаттап, көтеру керек, оны ұлт мақтанышына айналдыру қажет. Әлемдік тәжірибе осылай.
Бірақ әдебиетті тек Мемлекеттік сыйлықты алғандар ғана жасамайды. Бұл атаққа қол жеткізбесе де, талантты, дарынды, талмай еңбек етіп жүрген қаламгерлер бар. Солардың бәріне Үкімет тарапынан үлкен қамқорлық қажет-ақ. Қаламақыны көтеру мәселесі, өте танымал, халық мойындап жатқан ақын-жазушылардың шығармаларын аудару мәселесі, солардың кітаптарын шығару, оның шет елдерге де тарауына мүмкіндік беру жағы қарастырылуы керек.
Біз қазір өзімізді емес, қолына қалам ұстаған кейінгі жастарды көбірек ойлаймыз. Оларға ең алдымен керегі – кітабын шығарып беру. Ал Мемлекеттік сыйлықты алып жатса, оның да ақшасы сәл көбірек болса, бұл марапаттың беделі де артар еді әрі қаламгерлерге біраз көмек болар еді.
ТОПШЫЛДЫҚТЫ, ЖІКШІЛДІКТІ ҚОЗДЫРАДЫ

– Өнер атаулының негізгі миссиясының бірі – оқырманға, көрерменге жету және соның ықыласына бөлену. Режиссер, актер, жазушы яки болмаса ақыннан сұрасаңыз, бәрінің айтары біреу: шығарманы халыққа жеткізу. Олай болса, сыйлықтың, соның ішінде Мемлекеттік сыйлықтың не керегі бар? Оның қаламгерге қандай қажеті бар? Ешқандай! Керісінше, осы уақытқа дейін әлі де сыйлық атаулы ақын-жазушыларды араздастырып, бір-біріне жау етіп, әдеби ортаға сызат түсіріп, жікшілдікті, топшылдықты, жершілдікті, рушылдықты қоздырып келеді. Сол дерттер әдебиеттегі жас буынға да жұқты. Олар да сыйлық, марапат, мүшәйрадан жүлделі орын алу үшін алдыңғы буын таптаған жолмен кетіп барады. Әдебиет үшін бұл – өте өкінішті нәрсе. Әуелі сыйлыққа таластан басталған өзара бақталастық кей кезде тіптен үдеп, бір-бірінің шығармашылығын қаралап «сын» жазуға дейін барады. Әдетте, мұндай қаралау, әдеби «төбелес» кампаниясында аймақшылдық, жершілдік, рушылдық араласып, жастарды сол қатарға белсене тарту жүріп жатады. Сөйтіп бұл екі адамның ғана тұтас буынның бір-біріне жаулығына айналады. Кеңес заманында әдебиеттің мемлекеттік идеологиялық ұстыны күшті болып, оған аса мән берілгендіктен де түрлі марапаттармен қаламгерлерді қолдап отырды. Мемлекеттік сыйлық – сол кеңес дәуірінен қалған әдеби дерттің сарқыншағы. Басқа түк те емес. Әйтпесе оқырман ғана бас ұруы тиіс әдебиет сыйлық үшін билікке бас ұрса, өз иесі шедевр деп есептейтін дүниесін саудаға салып жатса, оны біз қалай өнер, әдебиет дейміз? Сондықтан да әдебиеттен сыйлық атаулыны аластап, сөз өнерін жайына қалдырып, өзінің негізгі миссиясына қызмет етуіне, сөйтіп шынайы дамуына мұрсат беріп, жайына қалдыру керек-ақ! Егер қаламгер әлеуметтік жағдайын жақсартқысы келсе, онда әдебиеттен басқа іспен айналысқаны абзал. Сонда Мемлекеттік сыйлықтың қырық мың долларынан да мол қаражат табуына мүмкіндігі бар. Ал әдебиетті атақ пен даңқтың, ақшаның құрбандығына шалған қаламгердің қаламынан оқырманын ойландыратын шығарма туады дегенге өз басым сенбеймін. Өйткені әдебиет ең әуелі тазалықты, шынайылықты сүйеді.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АДАМЫНА АТАҚ ЕМЕС, АҚША БЕРСЕ ЖӨН

– Мемлекеттік сыйлық шығармашылық тұлғаға не береді? Меніңше, ешқандай сыйлықтың еш жазушыға берері жоқ. Бірақ бұл дүниеде барлығы салыстырмалы түрде анықталатынын ескеретін болсақ, бір-бірінен таланты да, шығармаларының көркемдігі де кем түспейтін кейбір классик жазушылардың бірі Мемсыйлық алып, енді бірі ала алмай қалып жатқаны біртүрлі емес пе? Осы уақытқа дейін Мемлекеттік сыйлық алған қаламгерлер арасында бұл сыйлыққа лайық еместері бар демес едім. Бірақ алмағандар арасында лайықтары толып жүр. Қазір ақшасы жоқ әңгіменің бәрі далбаса. Қанша мойындағымыз келмесе де, өмір өзі осыған алып келді. Қанша жерден классик болсаң да, шығармаң сатылмаса, өтпесе, ақша әкелмесе, демек ешкім емессің немесе ешкім оқымайды деген сөз. Бұл өте өкінішті, әрине. Бірақ шындығы – сол. Бұл сыйлықтың ақшасы бар да, даңқы бар, демек дақпырты қатар жүруі заңды. Сондықтан жалпы өнерді, әдебиетті дамытқысы келген адам шығармашылық адамына атақ емес, ақша берсе жетеді.
«Оны беру тәртібі қанағаттандыра ма?» дегенге келсек, тәртібін толық білмейді екенмін. Бірақ сыйлық авторға емес, шығармаға берілетін болса, онда бір жазушыға екі немесе одан да көп рет алуына мүмкіндік болуы керек еді. Өйткені бір жазушының бір ғана шығармасы емес, бірнеше шығармасы сәтті шыққан дүние болуы мүмкін ғой. «Бізде өткен жолы ана кісі алды, енді мына кісі алсын» деген қазақшылық араласатын сияқты.
«Біздің елімізде Мемлекеттік сыйлық беру әдебиеттің дамуына стимул бола алып отыр ма?» дейсіз. Ондайды байқамаймын. Бірақ біздің елде материалдық байлыққа жазушы болу арқылы жете алмайтының анық. Кейде ойлаймын, біздегі шығармашылық адамдары жандары нәзік, пысықайлыққа жоқ қой деп. Егер сәл пысық болса, осы жаңа заманның игіліктерін пайдаланатын болса, роман тұрмақ трилогия жазсаң да өткізуге болатын шығар деймін. Шет елдерде жазушылар бақуатты тұрады ғой. Шығармаларын кинокомпаниялар сатып алады. Жоғары қаламақы төлейді. Шығармасының желісі арқылы фильмдер, сериалдар, мультфильмдер түсіреді. Және олардағы жазушылардың қоғамдағы орны да біршама жоғары сияқты.