Басты ақпаратДенсаулықЖаңалықтар

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЖЕТІ МИНУТТА ЖЕТЕДІ

erm_4171

Кеше Астанада қала әкімі Әсет Исекешев Орталық жедел медициналық стансасының жаңа ғимаратын салтанатты жағдайда ашты. Шараға елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Есіл ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісов және жаңа жедел медициналық жәрдем стансасының бас дәрігері Сапарбек Дүйсенов қатысты.

Былтыр шілде айында басталған нысанның құрылысы биыл қарашада аяқталды. Астана әкімі Әсет Исекешев
өте аз уақыт аралығында зәулім ғимаратты пайдалануға тапсырған құрылысшылардың еңбегін ескерді.
– Елбасы халықтың денсаулығына жақсы көңіл бөліп отыр. Осындай жаңа нысандардың ашылуы – соның айғағы. Қазір жедел жәрдем көліктерінің бәрі толықтай ақпарат­тандырылған, діттеген жеріне 10-15 минут аралығында жетеді. Бұл – 1, 2 және 3-санаттағы шақыртулар бо­йынша бару уақыты. Осы көрсеткішті келесі жылы 7 минутқа дейін жет­кізуді көздеп отырмыз. Соған сәйкес жаңа техникалар алдыртамыз. 2017 жылы жедел жәрдем стансаларына кемінде 30 көлік тапсыру жоспарлануда. Екіншіден, бірыңғай Call-орталық іске қосылады. Қазір жүйе тестілік режимде жұмыс істеуде. Тұрғындар «103» нөмірі арқылы дәрігерге жазылуға болады немесе денсаулығына қатысты сауалдарын жолдай алады, – деді елорда әкімі.
Шаһар басшысы жаңа нысанның аумағын аралап, бірыңғай дис­петчерлік қызметтің жұмысымен танысты.
Төрт қабатты жаңа орталықтың жалпы ауданы 5 мыңнан аса шаршы метрді алып жатыр. Нысан бас және өндірістік ғимараттардан тұрады. Орталық автопарк және реанимациялық, желілік сани­тарлық машиналар кеше­німен жаб­дықталған.
Медициналық мекеменің қуаттылығы тәулігіне 274 шақыруды қабылдай алады. Мұнда жалпы саны 1561 адам қызмет етеді. Оның 118-і – дәрігер, 858-і – фельд­шер, 179 маман – кіші медициналық қызметкерлер. Сондай-ақ, 331 жүргізуші мен 75 қызмет көрсетуші тұлға бар.
Астана әкімі Әсет Исекешев ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында жаңа медициналық орталықтың басымдық беретін мін­деттерін атап көрсетті. Алдымен, мекеме жедел медициналық қызмет көрсету сапасын халықаралық стандарттарға сәйкес көтеру керек. Осы мақсатта Канададан арнайы мамандар шақыртылыпты.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button