Sport

Жеңіске жетелеген жігер

Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатында бұрнағы күні 1-турдың ойындары ойналып бітті. Ал 20 маусымға қараған түні Санкт-Петербургте Ресей мен Египет арасындағы кездесумен құрамалар келесі турдың ойындарына кірісіп кетті. Есепті кезеңде 5 ойын ойналды. Бұлардың арасында Сенегалдың Польшаны 2:1 етіп ұтуы турнирдің күтпеген нәтижелері қатарына жатады. Ал Ресей Египетті 3:1 етіп тізе бүктіруі арқылы келесі кезеңге шығудың берік негізін қалады.

Маусымның 19-ы күні Волгоградта Тунис және Англия құрамалары кездесті. Бұл есепті кезеңдегі ең қызықты матчтардың бірі болды. Онда «футбол отанының» ұландары барынша басым ойнады. Алайда ағылшындар өздерінің осы артықшылықтарын оншалықты тиімді пайдалана алмады. Сондықтан ұшырасудың соңғы минутына дейін таблодағы есеп 1:1 болып тұрды. Дегенмен кездесудің ақырына дейін жеңістен үміттерін үзбеген Альбион жігіттері сол дегендеріне жетті.

Ағылшындар ойынды өте қарқынды бастады. Олар 2-минутта-ақ есеп ашып кетуге сәл қалды. Британиялықтардың қарсы қақпаға қарай лекіте жасаған шаппа-шап шабуылдары қауіпті бола түсті. Алдымен Деле Алли қапталдан суырылып шығып, қарсы қақпаға солқылдата доп ұрды. Бірақ онысы қорғаушылардың бірін жанап өтіп, аутқа кетті. Бұдан кейін берілген бұрыштама добын Гарри Магуайр баспен соғып, маңдайша жанынан жіберді. Арада бір минут өткенде, Рахим Стерлинг баған түбінде Джесси Лингардтан алған добын ұтымды пайдалана алмай қалды.

Мынадай жойқын қысымды тунистік голкипер Муэ Әссеннің жүйкесі көтере алмады. Сол себепті 16-минутта оны Фарук Бен-Мустафамен алмастыруға тура келді. Бұған дейін ол бір доп жіберіп те алған еді. Гол 11-минутта салынды. Әуелі Джордан Хендерсон алыстан жүгіріп келіп, допты қақпаға қарай жөнелтті. Мұның соңы бұрыштамаға апарды. Ал стандартты жағдайда берілген допты Джон Стоунз қақырата соқты. Оны дарбазашы қайтарғанымен, тым алысқа ұзата алмады. Сол сәтте допқа бұрын жеткен Харри Кейн есеп ашып үлгерді.

ТУРНИР ТАБЛОСЫ

I тур

18 маусым
Сочи. Бельгия – Панама 3:0

Голдар: Дрис Мертенс (47), Ромелу Лукаку (69, 75)

19 маусым

Волгоград. Тунис – Англия 1:2

Голдар: Феруджани Сасси (35, пенальти) – Харри Кейн (11, 90+1) Саранск.

Колумбия – Жапония 1:2

Голдар: Хуан Кинтеро (39) – Синдзи Кагава (6, пенальти), Юйа Осака (73) Мәскеу, «Спартак».

Польша – Сенегал 1:2

Голдар: Гжегож Крыховяк (86) – Тьяго Сионек (37, автогол), М’Байе Ньянг (60)

II тур

20 маусым

Санкт-Петербург. Ресей – Египет 3:1

Голдар: Ахмед Фатхи (47, автогол), Денис Черышев (59), Артём Дзюба (62 (3:0) – Мохамед Салах (73, пенальти)

Ағылшындар гол соққаннан кейін біршама басылып қалғандай көрінді. Бірақ ахуалды бақылауда ұстауын тоқтатқан жоқ. Олар қарсыластарының ойын жүйесін оқтын-оқтын бұзып тұруын жалғастыра берді. Англиялықтар қапталдан құйғытып келіп, қақпа маңында дүрбелең туғызуды жиілете бастады. Ал тунистіктер ара-тұра қарсы шабуыл жасауға көшті. Солардың бірінде ағылшын қорғаушысы Кайл Уокер қарсыласын шынтағымен қағып түсірді. Колумбиялық төреші Вильмар Рольдан сөзге келместен бірден пенальти белгіледі. Оны 35-минутта Ферджани Сасси қақпа торынан шығарды. Сөйтіп, күтпеген жерден есеп теңесіп кетті.

Алаңдағы ойын болса бір жақты ағылшындардың қолында еді. Содан болар-ау, ахуалдың бұлайша өзгеріп кетуі оларды басында біраз абыржытып тастады. Осыдан барып, тағы бірнеше қарсы шабуылдың орын алуына жол беріп қойды. Сол жөңкілістер мәурітінде тунистік Вахби Хазри тіпті таразы басын өз командасына қарай аударып кете жаздады. Бірақ көп ұзамай Англия футболшылары өз-өздеріне келіп, матчтың тағдырын шешудің қамына қайта кірісті. Әдеттегіше, Стерлинг қапталдан алға қарай зулады. Оны жолай қарсы жақ қағып құлатты. Содан соң берілген допты қақпа алаңында Стерлинг шалқалай ұрып, қақпаға бағыттап еді, әрекеті босқа кетті. Сәлден кейін оның кемшілігін Стоунз та қайталады. Ал тунистіктердің енді алға ұмтылуға мұршалары да келмей қалды.

Алаңдағы бұл көрініс екінші таймда да көп өзгермеді. Ағылшындар тағы кең ауқымда шабуылға көшті. Африкалықтар мұны прессинг жасау арқылы залалсыз етуге күш салды. Сондай текетірес мезеттерінің бірінде Кейн қақпа алаңы ішінде шалып құлатылды. Бірақ арбитр бұл үшін 11 метрлік белгілеуге тәуекел ете алмады. Мұның есесіне, Харри өзінің ойындағы келесі добын тартыс үстінде салды. Бұл кезде кездесудің негізгі уақыты бітіп, қосымша бірінші минут жүріп жатыр еді. Гол бұрыштамадан доп берілгеннен кейін соғылды. Оны Магуайр жеткізді. Ал Кейн аяғына доп тиісімен қақпаға қарай қатты ұрды. Бұған тунистік қақпашы тосқауыл қоя алмай қалды. Сөйтіп, ағылшындар ең соңғы сәтте есепті 2:1-ге жеткізіп, жеңіс биігінен табылды.

ҚЫСҚА-НҰСҚА

* Маусымның 20-сына дейін чемпионатта 17 матч ойналды.

* Бұл ойындарда ең көп кез дескен есеп – 1:0. Ол 6 рет тіркелді.

* 17 матчта 42 гол соғылды. Сонда әр матчқа орта есеппен 2,47 доптан келіп тұр.

* Осы аралықта 1 футболшы алаңнан қуылып, 52 футболшы ескерту алды.

* 17 матчты 811970 адам тамашалады. Бұл – әр кездесуде орта есеппен 47790 көрермен болды деген сөз.

* Жанкүйерлер «Лужникиде» өткен Ресей – Сауд Арабиясы, Германия – Мексика арасындағы ойындарға ең көп жиналды. Оларға 78011 адам келді.

* Ең аз көрермен Екатеринбургте өткен Египет – Уругвай арасындағы кездесуде тіркелді. Бұл ойынды стадионда 27015 адам көрді.

* Осы кезге дейін 10 пенальти белгіленіп, олардың 8-і қақпаға түсті.

* Чемпионатта 1 хет-трик, 4 дубль жасалды, 5 автогол соғылды.

Серік ПІРНАЗАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button