Мәдениет

Қанат бітіретін қала

Кеше Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Суретшілер одағының мүшесі, Президент стипендиясының иегері, Мәдениет қайраткері Жеңіс Кәкенұлының елорданың 20 жылдығына арналған «Астана суретші көзімен» атты жеке көрмесі ашылды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында сурет өнерінің түрлі бағыттары бойынша байқауда Жеңіс Кәкенұлы CITYSCAPE («Қала пейзажы») аталымында топ жарды. Онда Астананың күз мезгіліндегі көріністері әлемдік қылқалам шеберлерінің назарын аударды.

Жеңіс Кәкенұлы

Осы жолы қаланың әртүрлі жыл мезгілдері көріністерімен қатар «Зүбаржат орамы», «Солтүстік шұғыласы», «Қазақстан темір жолы», «Астана заңғары», «Транспорт Тауэр», «Неке сарайы», т.б. ғимараттардың кескіндері көрмеге қойылды. Бұл көрмеде қылқалам шеберінің 50 картинасымен танысуға болады.

Жалпы, суретші «Живопись», «Графика», «Компьюарт» бағыттарында жұмыс істейді. Осы күнге дейін оның картиналары Қазақстан ғана емес, Ресей, Молдова, Түркия да жеке жидаларға алынған.

Мәдениетті қолдау жылының эмблемасы (2000 жыл) Жеңіс Кәкенұлының туындысы екенін айта кету керек. Суретші елімізде шығып жатқан көптеген кітаптар мен журналдарды да көркемдеген. Белгілі қылқалам шеберлері жайлы оның «Ақзер» атты кітабы жарық көрген.

Көрмені 10 шілдеге дейін тамашалауға болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button