Экономика

ЖЕР – ҰЛТТЫҢ МӘҢГІЛІК МҰРАСЫ

picture1-003

Жер – өзіне аса бір сергектікпен, қастерлі қамқорлықпен қарауды талап ететін қасиетті ұғым. Өкінішке қарай, осынау түсінікке кейбіреулердің тек қана тұтынушылық деңгейден қарайтыны бар. Шындығында, жер бәз-біреуге бизнес көзі ретінде де көрінетіні ақиқат. Ал келесі біреулер болса, жерді қорғау – атамекенді қорғау деп ұғады.

КҮТІЛМЕСЕ, ҚҰНАРЛЫҒЫН ЖОҒАЛТАДЫ
Осы ретте адамзат тарихында қоршаған ортаға тек қана тұ­тынушылық пиғылмен қарауды неге соқтырарын айғақтайтын мысалдар жеткілікті. Көптеген өркениеттердің, яғни Шумер мен Вавилон мемлекеттерінің тарих төрінен жойылып кетуіне олар тіршілік еткен жерлердің құнарынан айрылып, безерген өлі шөлдерге айналуы себеп болғаны анық.

Өкінішке қарай, бүгінгі ХХІ ғасырда да жер құнарына қарақ­шылық пиғылмен, тек қана тұтынушылық пейілмен қараудың мысалдары жетіп артылады. Сондықтан да топырақ құнарының ғаламдық деңгей­лердегі тозуының мәселесіне сергектікпен, жанашырлықпен қарайтын мезгіл жетті.

Бұл тұрғыда Елбасымыз былай дейді: «Бүгінде экономикалық тұрғыдан тек қана пайда табудың соңына түсушіліктің салдарынан айналадағы ортаны қорғаудың кешенді жайлары алдымыздан шығуда. Өткен жылы ғана Киот хаттамасының орнына келген Париж келісімі СО-2, яғни өндіріс қалдықтарын қоршаған ортаға шығаруды азайтудағы мемлекеттердің міндеттерін белгілеп берді. Осыған қара­мастан, су ресурстарын, қор­шаған ортаны қорғау мен топырақ құнарын сақтаудың және жерді тиімді пайдаланудың мәселелері болса, тек ұлттық және өңірлік деңгейлерде ғана шешімін табуда. Әзірге, өкі­нішке қарай, бұл мәселелердегі ғаламдық үнқатысулар жоқтың қасы. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметтеріне қарағанда, жер бетінің 33 пайызының құнарлы топырағы тозу шегіне жеткен. Бұл – тек қана экологияға төнген қатер емес. Жер тұрғындарының шапшаң өсуі жағдайында бұл қауіп ғаламдық азық-түлік дағда­рысына соқтыруы әбден мүмкін. Ғалымдардың пайымдарынша, құнарсыздану салдарына ауыл шаруашылығы мақ­сат­тарына пайдаланып келе жатқан жерлер көбірек ұшырауда. Осының кесірінен егістен алынатын өнім­дер мүлдем құлдырап, 5 па­йыз­дан 80 пайызға дейін төмен­­деуде. Осы себептен де, яғни азық-түліктің тапшы­лығы­нан жер бетінде жыл сайын 6 мил­лион бала мен 30 миллион ересек адам көз жұмуда. Жер­дің құнар­сыздану проблемасы Қа­зақстанның да алдынан шығуда.

Ғалымдар мен сарапшылар оның қаупі ұлғая түсуі мүмкін деп дабыл қағуда. Биология ғылымының докторы, профессор Фарида Қозыбаеваның мына пікіріне назар салып көрелік. «Ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарсыздануы жайында сөз етер болсақ, бұл – өте бір қынжынарлық жағдай. Бұрындары оның деңгейі тек қана 60-65 пайыз болса, қазір бұл цифрлар әлдеқайда өсті. Соңғы мәліметтерге көз салар болсақ, ауыл шаруашылығы жерлері құнарының кетуі 75 пайызға дейін шарықтаған». Бұл аумақтар топырақ құнарларын жоғалтып, шөлге айналған десе де болады. Келтірілген деректер расында да ойлантады.

Сондықтан ұлттық байлығымыз ретіндегі жер құнарының тозуына неліктен жол беріліп отыр деген сауалға жауап іздейсің. Ақиқатында, осынау баға жетпес байлықтың сортаңға айналуына алдымен өзіміз кінәліміз. Фарида Қозыбаева одан әрі былайша ой түйеді. «Біздер құнары кеткен, қараусыз жерлер пайда болды дейміз. Олар қайдан келді. Шындығына үңілер болсақ, әуелде молынан жалға берілген ол жерлерге шамасы жетпегендер оны өзгелерге беріп, егістік жерлерді қараусыз, күтусіз тас­таған. Тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы саласынан білім­дері таяз болуы да топырақ құна­рының біртіндеп жоғалуына әкелді.

ӘЛЕМДІК ТЕХНОЛОГИЯНЫ ҚОЛДАНУ ҚАЖЕТ
Қазақстан Республикасының Президенті бір сөзінде былай деген болатын: «Аталған сала бойынша еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалып отыр. Атап айт­қанда, отандық фермерлер әр гектар­дан орташа есептегенде, 400 дол­лар ғана тұратын өнім алуда. Бұл көрсеткіш АҚШ-та – 1,5 мың доллар, Германияда – 2800 доллар да, Францияда – 3200 доллар.

Сайып келгенде, біздің ауыл шаруашылығымыз жаңа техникалар, тыңайтқыштар мен жаңа технологиялар, суғару жүйелерін алуға және қоймалар салуға жол ашатын инвестицияларға мұқтаж. Әлбетте, аграрлық сала­ның бәсекеге қабілетті болып, жерден өнімді дұрыс алу үшін топырақ қабатының құна­рына барынша назар аударып отыруымыз керек. Өйтпеген жағдайда, топырақ құнарының құлдырауына жолығып, ғалым­дар айтып отырғандай, зор шы­ғын­дарға батуымыз мүмкін. Бақылау мен зерттеулер көрсетіп отырғандай, 50 жылдың ішінде бар болғаны 1 немесе 1,5 гектар жердің ғана құнары қалпына келуі мүмкін. Бүкіл алқаптың топырақ қабатының өнімділігі қалпына келуі үшін кем дегенде 900 жыл керек екен. Сондықтан жерге деген таза тұтынушылық пиғылдан арылып, оның қазы­насын түпсіз деп есептеуді қоюымыз керек-ақ. Жер күтіміне шаруашылық жүргізудің иннова­циялық тәсілдерін кеңінен енгізіп, әлемдік технологияларды қолдануға көшуіміз қажет. Мысалға, тамшылатып суару мен топырақасты ылғалдандыру секілді ресурстарды үнемдеуге жол ашатын технологияларды молынан пайдаланудың маңызы үлкен. Жермен жұмыс жасаудағы мұндай тәсілдер тапшылығы сезіліп отырған су ресурстарын ғана үнемдеп қоймай, сонымен қатар топырақ қабатының құнарын сақтауға да кеңінен жол ашады. Енді Қазақстандағы Топырақтану және агрохимия институтының бөлімше меңгерушісі Мәриям Ибраеваның пікіріне зейін салып көрелік. «Қазір мысалға алсақ, бір гектарға 280-300 килограмға дейін күріш тұқымы себіледі. Неге десеңіз, өнімнің шығымы бар болғаны 30 пайыз ғана. Ал тамшылатып суару кезінде тұқым үнемделіп, су шығыны азайып, тыңайтқыштар тек қана жалпы алқапқа ғана емес, әрбір өсімдікке жетеді. Сөйтіп, тұқым мен суды үнемдеуге жол ашамыз».

Осы ретте топырақтанушы ғалымдардың еңбектері аса маңызды. Тек солар ғана алқап­тардың қай тұсынан мол өнім алуға болатынын болжап, қай жерге нендей егіс себу керектігін айта алады. Нақтылай айтқанда, олар да дәрігерлер секілді жер ағзасын зерттеу арқылы оның жай-күйіне барлау жасап, жағдайын саралап, емдей алды. Тек осы жағдайда ғана бола­шақ мол өнімді нақтылап, жос­парлауға, таза өнімді болжауға мүмкіндік ашылады.

ЖАНАШЫРЫ БОЛМАСА, ЖЕР ЖҮДЕЙДІ
Ғалымдардың пікіріне жү­гінер болсақ, ендігі ретте жер күтімімен шындап айналысу керек. Бұған Қазақстанда тәжірибе де, атқарар кадрлар да жетеді. Бұл орайда Кеңес дәуірінің 80-ші жылдарын еске алсақ та жеткілікті. Бұл кезең топырақ қорғау жүйесінің өркен жайған дәуірі болғанын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Дәл осы кезеңде Кенді Алтай мен Шымкентте, Маңғыстау мен Алматы жерлерінде бүлінген егістік жер танаптарын қалпына келтірудің кең көлемді істері атқарылды. Мысалға, Алматы іргесіндегі Сайран көлінің табиғи емес, жасанды екенін екінің бірі біле бермесі анық. Бұл айдын 1971 жылы қиыршық тас пен құм алынған карьердің орнына жасалды. Бұл жер бүгінде алматылықтардың дем алатын, тамаша тынығатын жағажайына айналып отыр. Әсілі, республиканың аумағында мұндай карьерлер жетіп жатыр. Олардың көбі қараусыз қалып, маңындағы жерлерді де бүлдіруде. Топырақ қабаттарын негізінен кен қазушылар мен өнеркәсіптегілер бүлдіріп, тастап жүре береді.

Біле білсек, Топырақтану және агрохимия институтының ғалымдары аса тұз сіңген, сортаң және күріш егістігіне арналған сілтілі топырақ қабат­тарын игерудің жаңа техно­логиясын жасап шықты. Дихандар ғалымдармен бірлесе отырып, аймақтарда құнары қайтқан жерлеріне күріш пен жүгері егу кезінде осынау технологияны өндірістік сынақтан өткізді. Нәтижесінде егістіктің өнімдерін 30-дан 90 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік ашты.

Түптеп айтқанда, жер қаты­настарының мәселелері заң жүзінде анық белгіленген. Он­дағы тәртіп бойынша топырақ қабатының құнарсыздануына жол беруге болмайды. Егер олай бола қалған жағдайда, жер меншіктен алынады. Десек те, бір ғана тыйым салумен, алып қоюмен мәселе шешілмейді. Сондықтан топырақтың құнар­сыздануына жол беретін кем­шіліктерді жоюға қатысты кешенді шаралар қажет. Ол дегеніңіз – ауыл шаруашылығы дамуы­ның инфрақұрылымдарын жасау, ең жаңа технологияларды пайдалану, мол қаржы, яғни инвестициялар тарту деген сөз. Әлбетте, отаншылдыққа қанша шақырып, ел мен жер тағдырын қанша сөз етсек те, жерге нағыз қожа, жаны ашитын жан болмаса, оның барлығы тек сөз жүзінде ғана қала берері анық.

Смағұл РАХЫМБЕК,
жазушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button