Басты ақпаратҚоғам

Жұлдызы жанған жан

Ертеректе еңбек адамы ерекше дәріптелді. Сіз малшысыз ба, сауыншысыз ба, әлде зауыттың қарапайым жұмысшысысыз ба, мәселе онда емес. Өз ісіңіздің шебері болсаңыз, ел алдында мерейіңіз өсіп, абыройыңыз асқақтады. Кеудеңізге жарқыратып орден таға­сыз. Одан әрі сам­ғасаңыз, еңбек шыңына шыққан азаматқа берілетін жоғары атаққа қол жеткізесіз. Әрине, оны екінің бірі алған жоқ. жүзден озған жүй­ріктерге ғана бұйырды. Сондай бағы жанған асыл жанның бірі – бас қаланың байырғы тұрғыны, атақты сауыншы, Социа­лис­тік Еңбек Ері Сағила Есенжолова.

 

ЕРТЕ ЕСЕЙГЕН ҚЫЗ

Сағила апамыз – соғыс жылы өмірге келген ұрпақтың өкілі. Сол жылдардағы ел тартқан тауқыметті бала күнінен сезініп өседі. Анасы Бибіжан он екі құрсақ көтеріпті. Бірақ тағдырдың жазуы ма, содан бес баласы ғана тірі қалған. Әкесі Әбдірахман соғыс уақытында еңбек армиясына алынады. Жалпы, халқымызда «қыз бала анасына тартып туады» деген тәмсіл бар. Бибіжан шешеміз де күні-түні колхозда жұмыс істейді. Жай емес, озат сауыншы болды. 1940 жылы еңбегі еленіп, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысады. Міне, осындай жанның ақ сүтін емген Сағила бесіктен белі шықпай еңбекпен көзін ашады. Он үш жасынан анасымен бірге сиыр саууға барып, соның қыр-сырын үйренеді. Каникулда балалармен бұзау бағады. Одан қалды үйдің шаруасымен айналысады. Қысқасы, анасының қолғанаты болды. Елуінші жылдардың басынан Арқада «тың игеру» науқаны басталғаны мәлім. Оның алғашқы зардабын ауылдардағы қазақ мектептері тартты. Ана тілімізде білім беретін оқу ордаларының есігі тарс жабылды. Ол оқып жүрген Көкталдағы қазақ мектебі жабылып, балалар қаладағы бүгінгі Жамбыл атындағы №4 ана тілімізде білім беретін орта мектепке жаяулап қатынайды. Содан 7-сыныпты бітіргеннен кейін кейіпкеріміз одан әрі оқуды жалғастырғысы келмей, анасының қасына сауыншы болып орналасады.
Соғыстан кейінгі ауыр кезең. Ел тұрмысы әлі оңала қой­ған жоқ. Ауыл шаруашы­лығы онша дамымаған. Техни­калар қат. Жұмыстың бәрі қол­­мен атқарылады. Бірақ еңсесі тү­сіп жүрген адам­ды көрмейсіз. Ертеңге деген, еңбек етуге деген сенім күшті. Он бестегі Сағила да жұмысқа жан-тәнімен кіріседі. Таң бозарып атпастан фермада жүреді. Сауын сиырлардың орындарын әзірлейді. Бұзауларды байлайды. Жем-шөп дайындайды. Күніне үш мезгіл сауын. Бір сауыншыға он бес сауын малдан тиесілі. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Қандай ауыр мехнат. Бірақ апамыз оны еш ауырсынған емес. Қайта, жұмыс десе жанын салады. Берілген жоспарды асыра орындайды. Жас сауыншының аты шыға бастады. Оған колхоз басшыларының ықыласы түседі. Он сегіз жасында тұрмысқа шықса, он тоғыз жасында кеудесіне «Еңбектегі ерлігі үшін» деген медаль тағады. Сөйтіп, он бесінен сауыншы болған қызды еңбек ерте есейтті.

ҮЗДІКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ

Бүгінде сауыншы деген сөз көп айтылмайды. Бір кездегі қадірлі мамандық естелікке айналып барады. Баяғыдай шаруашылығы теңіздей шалқып жатқан кеңшарлар жоқ. Малдың да басы азайған. Сондықтан сауыншылардың қажеттілігі аз болып тұр. Ал біздің Сағила апамыз бір фермада 40 жылдан астам озат сауыншы болып еңбек етті.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардан бастап ел экономикасы түзеле бастады. Ауылшаруашылық саласына да жаңа технологиялар келді. Солардың бірі болып сиыр сауу автоматтандырылған жүйеге көшті. Ол сауыншылардың жұмысын жақсартты. Бұрынғыдай екі қолға салмақ түспейтін болды. Сауын малдарды да асылдандыру процесі жүргізілді. Оның нәтижесі жаман болған жоқ. Сол кезде фермада 1200 сауын сиыр болған. Сағила апамыздың бір өзі 30-35 сиыр сауған. Бір сауыншыға бір сауыннан 2500 л сүт алу керек болса, бұл кісі 3000 л сүт алып, берілген жоспарды артығымен жүзеге асырған. Жылына бір сиырдан 4000 литр сүт өндірген. Бұл деген – үлкен көрсеткіш. Есенжолова бес жылдық жоспарды үш жылда орындап, қатарынан оқ бойы алға шықты. Оның тәжірибесі басқаларға үлгі ретінде ұсынылды. Мәртебесі де жоғарылап, 1975 жылы сүт фермасының бригадирі болып сайланады. Жұмыс одан әрі қазандай қайнады. Сол уақытта Киров («Көктал») совхозы Ақмоланы етпен, сүтпен және көкөніс өнімде­рімен қамтамасыз етіп тұрған шаруашылық еді. Күн сайын ферманың сауыншылары шаһарға 10-12 тонна сүт тап­сырады. Еңбек ете жүріп, Целиноград ауданына қарасты Новоишим техникумын сырттай тәмамдайды. 1976 жылы компартияның ХХV съезіне делегат болып сайланды. Екі рет қатарынан Целиноград облыстық халық кеңесінің депутаты болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты да атанды. Сол жетпісінші жылдардың аяқ кезінде Сағила Әбдірахманқызы басқарған сауыншылар бригадасының атағы республика көлемінде дүркіреді. Оның дүбірі Одаққа да естілді. Еңбекқор жан үздік қызметі үшін «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Апамыз қайда барса да, елдің жағдайын есінен шығарған емес. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып жүргенде Көкталдың орталығынан 240 орындық балабақша салдырды. Совхозға бір кран көлігі мен сауыншыларды таситын автобус алдырды. Тағы басқа маңызды мәселелерді шешуге жәрдемін тигізді.

КРУЧИНАНЫ ТАҢҒАЛДЫРҒАН КҮШ

Бұл кісінің ең жоғарғы атақ алуы да бір айта жүретін оқиға. Оны ешкім ондай марапатқа ұсынбаған. Өзі де алам деп ойламаған. Бірақ адал еңбек пен төгілген тердің өтеуі далаға кетпейді ғой. Алпысыншы жылдардың басы болса керек. Жас сауыншы бірде жұмысқа ерте келіп, дәу қанарды арқалап сиырларға жем төгіп жүреді. Дәл сол кезде ферманы Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Ефимович Кручина келіп аралайды. Облыс басшысы үлкен қапты көтеріп жүрген сауыншының қасына келіп: «Сағила, андағы қап саған ауыр емес пе?» деп сұрайды. Апамыз да еш қысылмастан: «Николай Ефимович, өзіңіз көтеріп байқаңыз» деп оған күле жауап береді. Қырықтағы еңселі азамат қапты қолымен қапсыра ұстағанымен, орнынан қозғалта алмайды. Бірақ жалынды жасқа ризашылығын білдіреді. Міне, сол кезден Сағила апаның жанкешті еңбегін білген Кручина кейін өзі Мәскеудегі Орталық Комитетте жұмыс істеп жүргенде Қазақстаннан Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылған азаматтардың тізімінің арасынан Сағила Есенжолованың жоқ екенін көріп, облысқа қоңырау шалады. Облыс басшылары ол кісіге: «Қазір Есенжолова сауыншы емес, сүт фермасының бригадирі» деп жауап берсе, Николай Ефимович: «Мен Сағиланы он бес жасынан білемін. Нағыз жоғары атаққа лайық азаматша. Тез құжаттарын дайындап, маған жіберіңіздер» деп бұйрық түсіреді. Сөйтіп, аз уақыт ішінде апамыздың Мәскеуге жолы түсіп, Кручинаның қабылдауында болады. 1981 Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қолынан «Алтын жұлдыз» медалін алып, Социалистік Еңбек Ері атанды. Ел басшысы Сағилаға: «Қарындасым, бақытты бол!» деп батасын береді. Міне, осылай қазақтың бір қажырлы қызының еңбектегі жұлдызы жанды.

***

Бүгінде Сағила Әбдірахманқызы жетпісті орталаса да, қайратынан таймаған. Қазір арамызда жоқ өмірлік серігі Темірғали аға екеуі бақытты ғұмыр кешіп, үш бала тәрбиелеп өсірген. Олардан бес немере, жеті шөбере сүйген бақытты әже. Қоғамдық жұмыс­тардан қалып көрген емес. Елбасымен де жүздескен. Біздің білуімізше, қазір елімізде қазақ қыздарының арасынан шыққан екі ғана Социалистік Еңбек Ері қалды. Оның біреуі бұлбұл көмей әнші Бибігүл Төлегенова болса, екіншісі – Сағила апамыз. Ендеше, арамызда жүрген, еңбектің қаһарманы атанған асыл тұлғаны қалай ардақтасақ та, артық болмайды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button