Қала мен Сала

Жұмыспен қамту — басты назарда

Елордада жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрайды. Биыл қаланың Жұмыспен қамту орталығына 10 мыңнан астам адам екі қолға бір жұмыс іздеп келген. Нәтижесінде 1,5 мың тұрғын тұрақты жұмысқа, 2 мың­дай адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Тәжірибе жинақтау үшін жастар практикасына 500-ден аса жас жіберілді.

Бұған қоса, орталық қызметіне жүгінген 610 мүмкіндігі шектеу­лі азаматтың 336-сына жұмыс табылды. Сол сияқты бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан 30 адамның 13-і, пробация қызметінің есебінде тұрған 45 адамның 16-сы жұмыспен қамтылды. Кәмелетке толмай тұрып ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 10 азамат орталыққа жұмыс іздеп келіп, солардың жетеуінің өтініштері қанағаттандырылды.
Қала әкімдігінде өткен «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға арналған баспасөз мәслихатында қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Абай Баймолдин осындай статистиканы келтіріп, атқарылып отыр­ған жұмыс барысын баяндады.
– Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласының мәліметтер базасында 6 мыңнан аса бос жұмыс орны бар. Осындағы 2 мыңнан астам орынның жалақысы 100 мың теңгеден асады. Қысқа мерзімдік кәсіби оқытуға 913 адамды жіберу жоспарлануда. Бүгінгі таңда олардың 362-сі оқуға жіберілді. Төрт мыңдай адам жұмыссыздар есебінде тұр. Өткен жылдың қазан айында «Еnbek.kz» атты электронды еңбек биржасы іске қосылды. Мұның артықшылығы – кез келген адам үйлерінен шықпай, жұмыс таба алады. Жоғарыда айтқанымдай, біздің қызметімізге 10 мыңнан астам адам жүгінсе, солардың көбісі аталмыш портал арқылы жұмыс тапты. Негізінен, жұмысшы мамандықтары сұранысқа ие. Атап айтқанда, қалаға электромонтерлер, электрмен және газбен дәнекерлеушілер, сантехниктер, кран машинистері, тігіншілер, әмбебап шаштараздар керек, – деді орталық директоры.
Оның айтуынша, өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 900 отбасы ғана өтініш берсе, биыл өтініштер саны едәуір көбейген. Биылғы сәуір айының өзінде 3 мыңдай өтініш келіп түскен. Ал қазіргі кезде бұл көрсеткіш 8 мыңнан асып кеткен.
Мемлекет қазынасынан 1200 адамды қысқа мерзімдік оқытуға қосымша қаржы бөлінді. Сондай-ақ, осындай оқуды аяқтаған азаматтар үшін және «Бастау бизнес», «Жас кәсіпкер» бағдарлама­лары аясында 1 млрд теңге көлемінде 2 мың грант бөлінген.
«Жас кәсіпкер» бағдарламасына 18-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Үміткерлер алдымен кәсіпкерлік негіздерін оқып, бизнес-жаттықтырушымен бірге тиісті жобаны әзірлейді. Осы жобаны комиссияға ұсынып, ол мақұлданған жағдайда 200 АЕК – 505 мың теңгелік грантты алуға құжатты тапсырады. Қазіргі кезде бұл бағдарламаға іліккісі келген жастардан 500-ден астам өтініш келіп түскен. Олар осы уақытта алғашқы кезеңде тұр, яғни оқытудан өтіп жатыр.
Ал «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысу үшін адам жасына шектеу қойылмайды. Басқа шарт­тары «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен бірдей. Тек жоба қорғалғаннан кейін екінші деңгейлі банктерге 5 жыл мерзіміне 6 пайыздық өсіммен шағын несие алу үшін құжат тапсырылады. Осы бағдарламаға іліккен адам 20 млн теңгеге дейін несие ала алады.
Бұл туралы айтқан Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Айнұр Рахметова аталмыш ұйымның бастамасымен қалада жұмыспен қамтудың мобильді орталықтары ашылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, жоспар бойынша осындай 8 орталық ашылмақ. Қазіргі таңда оның төртеуі жұмыс істеп жатыр. Олар «Эталон», «Ұлжан», «Сапар» базарларында және ескі теміржол вокзалы маңында ашылған.
– Келесі аптада «Тұлпар» база­ры мен «Евразия» сауда үйінде тағы екі орталық ашуды жоспарлап отыр­мыз. Болашақта «Қосшы» кенті мен ауызекі тілде «Силикатный» аталып кеткен аумақтағы саяжай алабында осындай орталықтар ашылмақ, – деді А.Рахметова.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button