Басты ақпарат

Журналист қоғамның жүрек дүрсілін тыңдайды

Саналы ғұмырын ұлттық журналистика мен ғылымды дамытуға арнаған тұлға, ұлағатты ұстаз, абайтанушы, абылайтанушы және мағжантанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның құрметті журналисі, баспасөз тарихшысы және теоретигі, өлкетанушы, ұлт мәдениеті мен өнерінің жоқшысы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай сексеннің сеңгіріне шықты. Кемел жасына жеткенге дейінгі ғибратты ғұмырының 30 жылдан астамын шәкірт тәрбиелеуге арнаса, журналистикадағы шығармашылық, қаламгерлік қызметіне 62 жыл толыпты. Осы айтулы датаға орай Зарқын Тайшыбайдың журналистік лабораториясына үңілмек ниетпен қолыма қалам алдым.

[smartslider3 slider=2863]

Қабырға газетінің редакторы

62 жыл қасиетті қаламымен, ұшан-теңіз білімімен ұлтына, туған еліне адал қызмет етіп келе жатқан Алаштың ардақты ақсақалы мерейлі жасына үлкен жетістіктермен жетіп отыр. Тәуелсіз Қазақ елінде Зарқын Тайшыбайдай бірнеше салада ұлт ғылымына, руханиятына олжа салған, екі өңірде – Орталық және Солтүстік Қазақстанда журналистік мамандықты ашып, жүздеген шәкірт тәрбиелеген ғалым жоқ. Ұлттық журналистика қайраткері өзінің шығармашылық еңбек жолын 1960 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық (ол кезде Қу ауданы деп аталған) «Ленин туы» газетінен бастаған. Осыншама уақыт қолынан қаламын тастамаған қаламгердің сүйікті мамандығына, сөз өнеріне деген адалдығына қайран қаласың!

Бірде әңгіме-дүкен құрып отырып: «Зақа, сіз журналистік мамандықты қалай, не үшін таңдадыңыз? Қиындығы мен қызығы, азабы мен ғажабы көп мамандыққа қалай келдіңіз?» деген сұрақ қойдым. «Мен мектепте қабырға газетін шығаруға жауапты болдым. Журналистиканың тілімен айтсақ, «қабырға газетінің редакторы».

1959 жылдан бастап мектеп өмірі, оқушылар мен ­ата-аналардың қарым-қатынасы туралы жазған шағын мақалалары аудандық газетке басылып тұрған. Егіндібұлақ ауылындағы №1 қазақ орта мектебін бітіріп, колхозда тракторшы-механизатор болып жұмыс істейді. Өйткені сол уақыттың «заңы» бойынша аттестат алу үшін мектеп түлектері ауылда екі жыл жұмыс істеуге міндеттелетін-ді. Бір жыл трактордың рөлінде отырған Зақаң Қу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Валентина Пронинаның қабылдауына кіріп, журналистің оқуына бара алмай жүргенін жеткізеді. Мектепте іс-шаралар өткізіп, көзге түскен қара баланың орысша білетінін, белсенділігін жақсы танып алған хатшы аудандық газетке жолдама береді. Ал аудандық газет редакторының болашақ журналисті танитыны жас жігітті одан сайын қанаттандыра түседі.

Мектептегі кезінен журналист болуды армандаған жігіт сауатты және оқырманның талғамына сай жазуды сезіне білді. Сол арман-мұратына жетіп, кейіннен аудандық кеңес атқару комитетінде бөлім меңгерушісі, аудандық газет редакторының орынбасары, редактор, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бөлім бастығы қызметіне дейін көтерілді. Практика мен теорияны қатар алып жүруді жөн көріп, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, «журналистика тарихы» бо­йынша аспирантурасын бітіреді. 1970 жылдан бастап қазақ журналистикасының майталманы, профессор Қайыржан Бекхожиннің жетекшілігімен «Қазақтың төңкеріске дейінгі демократ-журналистері» деген тақырыпта зерттеу жүргізді. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, есімі ұлттық журналистика ғылымының іргетасын қалаушылармен бірге мақтанышпен айтылатын Қ.Бекхожиннің көзі тірісінде қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына арналған 60-тан аса ғылыми мақала, «Қазақ баспасөзінің даму жолдары», «Қазақ журналистикасы тарихының очерктері» атты құнды монографиялық еңбек жазғанын білеміз. Зарқын Тайшыбай 1972 жылы Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімінде оқыды.

Журналистика филологияға жатпайды

Зарқын Тайшыбайдың есімі еліміздегі орталық және солтүстік өңірлерде журналистика мамандығын ашу тарихына алтын әріптермен жазылды десем қателеспеймін. 1992 жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де журналистика мамандығын ашып, кафедраға басшылық етті. 90-жылдардың басында Қазақстанда БАҚ саласы дамып, жаңа газет-журналдар, радио және телеарналар ашылды. Журналист мамандарға деген сұраныс көбейді. Сол кезде журналистерді тек Алматыдағы ҚазМУ ғана дайындайтын. Зақаң еліміздегі екінші журналистика мамандарын дайындайтын бөлімді ашуға қос білегін сыбанып кірісті. «Оқытушылық қызметке 30 жылдық еңбек өтіліммен келдім. 1992 жылы мен ­Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де журналистика мамандығын ашу туралы ректорға өтініш айттым. «Оны қалай ашамыз? Оқытушыларды, материалдық базаны қайдан аламыз?» деп қарсылық танытты оқу ордасының басшысы. Мен әуелі өзім шәкірттерге дәріс оқып, кейін ҚазМУ-дің үздік түлектерін, практик-мамандарды шақыратынымды айтып, райымнан қайтпадым. Сол күні Білім және ғылым министрлігіне жазған хатыма ректор қол қойды. Тәуекелшіл және мемлекетшіл адам еді. Сөйтіп, министрлік ұсынысымызды қолдап, 1992-93 оқу жылына 1-курсқа қазақ және орыс топтарына 20 студентті оқуға қабылдадық. ҚарМУ-де деканат деңгейіндегі журналистика бөлімі құрылды. Айтпақшы, мен іс жүзінде журналистиканы филологиялық мамандық деп санамаймын. Бұл – әлеуметтік-саяси, ағартушылық-тәрбиелік қызмет. Сол себептен ҚарМУ-де филологиядан бөлек бөлім аштым, ал М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де журналистиканы филологиядан бөліп алуға ондаған жылымды жұмсадым. Сөйтіп, журналистика өз алдына жеке кафедраға айналып, университеттің әлеуметтік-экономикалық блогына қосылды» деп еске алады қиыншылығы мен қызығы мол жылдарын ұстазым.

2000 жылы З.Тайшыбайды сол кездегі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов арнайы шақырып, оқу орнында тұңғыш рет қазақша журналистика мамандығын ашып, магистратура ұйымдастырды. Журналист және ғалым боламын деген қаншама жастың арманына қанат бітірді. Солтүстіктегі жастардан 200-ден астам журналист, 30-дан аса магистр даярлап шығарды. Мамандыққа қажетті 10 монография, 12 оқу құралы мен оқулық, 250-ден аса мақала жазды. Университетке сіңірген еңбегі еленіп, 2012 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды.

Мансапқұмарлық бұл мамандыққа тән қасиет емес…

«Журналистің мұраты, ұстанымы және тұғыры не болуы керек?» деймін сыр суыртпақтап сұрақ қойып, сонда Зақаң: «Мансапқұмарлық журналистке тән қасиет емес. Тіпті әу бастан-ақ бұл сөзді ұнатпаймын. Журналистика өнер, борыш, Отанға адал қызмет ету деп түсінемін. Оған қабілеті барлар ғана баруы керек. Әр журналист күнделікті өмірінде өзінің атқаратын миссиясын, қызметін, міндетін жоғары бағалауға тиіс. Өзінің әрбір айтқан сөзі, жазған дүниесі теледидар экранына, газет-журналдар бетіне шыққанда ұялмайтындай дәрежеде болуы тиіс. Әр ісімен оқырманға, елге адал қызмет етуді мұрат қылғаны жөн. Өзінің мамандығын сүйе­тіні әрбір жазған дүниесінен байқалып, ол журналистік борышымды атқарғаным деп түсінгені абзал» деп ағынан жарылады.

«Мен шәкірттерімді қалай оқытамын? Оларға мақала, сценарий жазуды немесе теледидар экранынан қалай сөйлеуді үйретемін бе? Жоқ. Қалай жазу мен оқу, сөйлеу деген – жүре келе жиналатын дағдылар. Нағыз шеберлік көп жылдан кейін, тәжірибеге байланысты қалыптасады. Мен ең алдымен адамды, одан кейін ғана журналисті тәрбиелегім келеді. Өз шәкірттерімнің бәрі мұндай ұстанымымды бірден байқайды деп ойлаймын. Біріншіден, сен адамның жанын, жүрегін, ойын, арманын, қажетін, мүддесін зерттейтін мамандығыңды жан-тәніңмен сүюге тиіссің. Өзіңе үміт, сенім артып, көмек сұраған жандарға таяныш бола алуға міндеттісің. Максим Горкийше айтқанда, «адам жанының инженеріне айналуға» ұмтылуың қажет. Бұл қанатты сөзді сәл өзгертіп: «Журналист адам жанының инженерінен де артық, ол – әділ кеңесшің, сенімді досың, адал әрі қатал сыншың» дейді Зарқын Сыздықұлы мамандық туралы өзінің ойын сабақтап.

Одан әріде сыр-сұхбатымыз былайша қысқа сауал, нұсқа жауаптармен өрілді.

– Журналистика қандай өнер?

– Журналистика – қоғам өмірінің жүрек соғуын ­дәлме-дәл өлшейтін өнер. Ал тірі ағзаның жүрек соғысын алдай алмайсың, ол қалай соқса, денсаулығың соған байланысты.

– Мамандығыңыздағы табыстың сыры неде?

– Журналист деген ұғымға табыс деген сөз сәйкес келмейді. Менің жауабым – осы.

– Негізгі оқытушылық мұратыңыздан басқа не нәрсеге қатты қызығасыз?

– Мені өз халқымның тарихы қызықтырады, сол тарихтан сабақ алғанын қалаймын.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button