Басты ақпарат

ЖЫЛАШАР ЖИЫН

Кеше Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен V шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясы өтті. Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында Елбасы депутаттар алдында тұрған міндеттерді айқындап, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

ҚР Парламентінің құрамы биылғы жылдың қаңтар айында қайта жаңартылғаны белгілі. Бүгінде Сенатта – 47, ал Мәжілісте – 107 депутат бар. Парламенттің төменгі палатасы құрамындағы халық қалаулыларының 83-і – «Нұр Отан» париясынан болса, 8-і «Ақжол» партиясынан, ал 7-еуі Қазақстанның халықтық коммунистік партиясынан сайланған. Бұдан өзге, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған 9 депутат жұмыс істейді.

Парламенттің осы сессиясы өзінің жұмысын жаңа әлеуметтік-саяси жағдайда бастағалы отырғанын алға тартқан Елбасы Қазақстан барынша қарқынды дамып келе жатқанын, ішкі жалпы өнімнің өсімі 5,6 пайызға жеткенін, мемлекеттік бюджеттің түсімі 25 пайызға жуық өскенін, еліміздің халықаралық қоры 15 пайызға артып, 83 миллиард доллардан асқанын атап айтты.

Сөз кезегінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев үшпартиялы Парламенттің жұмысын жақсы бағалап, оның жұмысы кезінде 36 заң қабылдағанын атап өтті.

Парламент депутаттарының алдында тұрған міндеттерді жіктеген Мемлекет басшысы қазіргідей жаһандық экономиканың күрделі жағдайында бюджеттік шығыстардың үнемділігі мен олардың тиімді жұмсалуына басты назар аудару қажеттігін айтты.

– Осы сессия барысында жаңа үш жылдық бюджетті әзірлеу міндеті тұр. Үкімет биылғы жылдың бюджетін нақтылағанда, менің тапсырмам бойынша бюджет шығыстарын 57 миллиард теңгеге қысқартты. Сонымен қатар мен әлі де қысқарту мен бюджеттік үнемдік резервтері бар деп санаймын. Экономикалық өсім мен халықты еңбекпен қамтуды қамтамасыз етпейтін шығыстар қарастырылмауға тиіс, – деді Н. Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы экономикалық өсімнің құқықтық базасын жақсарту, таяудағы жылдарда заңдық құжаттарды реттеп, олардың ел азаматтарына түсінікті әрі қарапайым тілде болуын қамтамасыз ету және мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртудың тиімді жолдарын қарастыру мәселелеріне мән беруді тапсырды.

– Біздің бүгінгі табыстарымыз өздігінен келе салған жоқ, деді Елбасы өз сөзінде. – Бұл барша халқымыздың 20 жылдық қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әрбір қазақстандықтың жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетін тірек еткенде ғана біз XXI ғасырда елімізді өркендету мақсатына қол жеткізе аламыз. Жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетсіз тиімді экономика да, ел игілігіне жұмыс істейтін заңдар да, алға қарышты қадам басу да болмайды. Өркениетті экономика мен құқықтық мемлекетті тек заңға сөзсіз бағынатын, елінің заңын сыйлайтын азаматтар ғана дамыта алады.

Ендеше, міндет – айқын, тек жұмысқа белді буып, білек сыбана кірісу ғана қалды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button