Мәдениет

Жаңа жәдігерлермен толықты

Жақында Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейі жаңа жәдігерлермен толықты. Алматыдағы Мемлекеттік орталық мұражайы қорында сақталған Сәкеннің жеке заттары бас қаладағы оның музейіне тапсырылды.

Ақынның жары Гүлбаһрам Батырбекқызы қайтыс болғаннан кейін, 1979 жылы оның немере сіңлісі Софья Абдуллақызы Сәкен Сейфуллиннің 21 дана жеке бұйымдарын Мемлекеттік орталық мұражайына өткізген. 1998 жылы сондағы Сәкеннің жеке заттарының 11 данасы бас қаладағы Сәкен Сейфуллин музейіне әкелінген. Ал Софья Батырбекова өткізген бұйымдардың қалған бөлігі бүгінге дейін орталық мұражайда болған.

Сәкен Сейфуллин музейі тарапынан жазылған тоқтаусыз сұраныстан кейін биылғы тамыз айында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың араласуымен Сәкен Сейфуллиннің жеке бұйымдары ақынның музейіне толықтай әкелінді.

Бұл қатарда сырты ойылып өрнектелген күміс тұз салғыш және 84, 875 пробалары бар алтын жалатылған қасық, Мәскеудегі Д.Кузнецов зауытында жасалған, сыртында екі басты бүркіттің суреті бар ақ фарфор бокал, сыртына иероглифтер салынған күміс сауытымен 200 грамдық хрусталь стакан, әтірді себуге арналған мельхиор пульверизатор, күміс қасық, қырлы шыны графин, қоңырауы бар механикалық үстел сағаты бар. Бұл сағатты Сәкен Сейфуллин 1925 жылы Орынбор қаласында сатып алып, 1934 жылы інісі Мәжитке сыйға тартқан.

Жаңа жәдігерлерді таныстыру шарасына қоғам қайраткерлері, сәкентанушы ғалымдар, Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназия мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Осы музейдің тұңғыш директоры Роза Асылбекова, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, ардагер ұстаз Оспан Сүлейменұлы, әнші, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов Сәкен тұлғасы жайында сөз сабақтады. Шара соңы ән-­жырға ұласты.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button