Әлеумет

Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер ала алады?

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – бұл жан басына шаққандағы орташа айлық табысы елордада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға немесе отбасыларға шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде мемлекет беретін ақшалай нысандағы төлем. Осындай көмек алу механизмі туралы елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья СКУБ әңгімелеп берді.

Шартсыз ақшалай көмек кімдерге беріледі?

  1. Зейнеткерлік жасқа толуына, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектікке, екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруының болуына байланысты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызілікті және (немесе) жалғыз тұратын табысы аз адамдарға шартсыз ақшалай көмек беріледі.
  2. Құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке, бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын табысы аз отбасыларға шартсыз ақшалай көмек беріледі.

Кедейлік шегі – бұл атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін айқындау критерийі ретінде белгіленетін, бір адамның ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті кіріс шекарасы.

Шартты ақшалай көмек кімдерге беріледі?

  1. Жалғызілікті және (немесе) жалғыз тұратын еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға шартты ақшалай көмек беріледі.
  2. Өзінің құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері) бар аз қамтылған отбасыларға, оның ішінде Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға, ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан және (немесе) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан жағдайда, жоғарыда көрсетілген адамдарды (отбасыларды) қоспағанда, әлеуметтік бейімдеу қажет болған кезде жүргізіледі.

Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалады?

Қазақстан Республикасында жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын адамдар санаты атаулы әлеуметтік көмек ала алады. Олар:

– ҚР азаматтары;

– оралмандар;

– босқындар;

– шетелдіктер;

– ҚР тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар.

Жан басына шаққандағы орташа табыс атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеледі.

Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер ала алмайды?

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға мына азаматтардың құқығы жоқ:

– табысы аз адамдар (отбасылар);

– еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан отбасы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан күннен бастап 6 ай ішінде;

– алушының кінәсінен бұрын жасалған әлеуметтік келісімшарт бұзылған және (немесе) әлеуметтік келісімшартта көзделген міндеттемелер орындалмаған жағдайларда адамдар (отбасы) – атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш жасаудың алдындағы 6 ай ішінде;

– атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін жалған мәліметтер және (немесе) дәйексіз құжаттар ұсынған адамдар (отбасылар) – олар ұсынылған күннен бастап 6 ай ішінде;

– учаскелік комиссияның материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша дайындалған қорытындысына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді қажет етпейтін адамдар (отбасылар).

Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері

Адамға не отбасына атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін уәкілетті орган жан басына шаққандағы орташа табыс пен белгіленген кедейлік шегінің айырмасы түрінде отбасының әрбір мүшесіне есептейді. Отбасының құрамы және табысы өзгерген жағдайда тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қайта есептеледі. Өтініш беруші 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін өзгерту үшін негіз болуы мүмкін мән-жайлар туралы хабарлауға міндетті.

Жан басына шаққандағы орташа табыс қалай есептеледі?

Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның жиынтық табысын айқындау атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасалған кезде ұсынылатын құжаттардың және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі.

Тұрғын үй көмегі мен атаулы әлеуметтік көмектен, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу шеңберіндегі мемлекеттік қолдау шараларынан басқа, белгіленген уақыт кезеңінде ақшалай немесе заттай нысанда алынған табыстардың барлық түрлері отбасының жиынтық табысына енгізіледі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button