Ел тынысы

Елмен бірге есейген

Биылдан бастап қазанның 25-і Республика күні болып бекітілді. Бұл – еліміз үшін аса маңызды датаның бірі.

Сол 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданған уақыттан бері еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамын жалғас­тырып, Астананы гүлдендіруге атсалысып келе жатқан жандар жетерлік. Солардың бірі – Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, 160-тан астам ғылыми мақаланың авторы Айтжан Әбдіров.

Қаз АТУ басқарма төрағасының академиялық қызмет жөніндегі орынбасары, ректор, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айтжан Мұхамеджанұлын елордалықтар жақсы біледі. Сонау Целиноградта, бүгінде өзі қызмет атқаратын сол кездегі ауыл шаруашылығы институтында оқып-білім алғаннан кейін еңбек жолын осы оқу орнында бастап, бір мекемеде табан аудармастан қырық жылға жуық уақыт табысты еңбек етіп келе жатқан ол – бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылым саласының көсегесін көгертуге арнаған дара тұлға.

Өмірдің мағыналы да мазмұнды өтуі ғұмыр иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты десек, Айтжан Мұхамеджанұлы осындай кісілік келбеті мен азаматтық тұлғасының арқасында өз биігін айқындап үлгерген адамдар қатарынан. Көпбалалы отбасында тәрбиеленгендіктен болар, ол жасынан еңбекті жанына серік етті. Ұлы Отан соғысына қатысушы, майдангер әкесінің бойындағы бар ізгі қасиеттен нәр алып, адалдықты ту етіп өскен бала тұстастары арасында ерте жасынан ерекшеленді.

Алғашқы курстарда оқып жүрген кезінің өзінде-ақ зеректігімен көзге түсіп, қазіргі профессор, ол кезде ғылым кандидаты Жәдігер Зарлықұлы Есхожиннің жетекшілігімен студенттік ғылыми конференцияда жеңімпаз атанады. Сол кезден бастап тындырымды студент институттың қоғамдық және ғылыми жұмыстарына белсене араласа бастайды.

Факультет басшылары жас та болса білімді, ұйымдастырушылық қабілетке ие жігіттің қасиеттерін дер кезінде байқап, қамқорлығына алады. Солардың бірі тәжірибелі ұстаз Анатолий Иванович Завражнов шәкіртінен жақсы ғылыми ұйымдастырушы, ғажайып педагог шығатынын ертерек сезіп, сенім білдіреді. Институттың проректоры болып қызмет атқара жүріп, Мичуриндегі жеміс-көкөніс институтының ректоры қызметіне тағайындалғаннан кейін А.Завражнов оны өзімен бірге Ресейге аспирантураға алып кетеді. Жаңа ғана отбасын құрып, тұңғыш сәбиі дүниеге келген кезде осындай тәуекелшіл қадамға бас тіккен жас маман өзінің мақсатқа жету жолындағы табандылығы мен алдағыны болжай білетін көрегендігінің арқасында үш жыл оқып, техника ғылымының кандидаты атағын алып шығады. Ол кезде Айтжан Мұхамеджанұлы отызға да толмаған еді.

Өндірістік тәжірибеден өту кезінде талай рет студенттік механикаландырылған отрядтарға жетекшілік еткені бар. Өмірлік жарымен де осы «махаббат, қызық мол жылдарда» кездеседі. Ректордың өкімімен медицина университетінің студенті, дәл осы Айтжан Мұхамеджанұлы жетекшілік ететін отрядқа дәрігер ретінде бекітіледі. Сол жерде Сәуле есімді сұлумен жолығып, тағдыр тоғыстырады. Міне, содан бері екеуі өмірдің қызығы мен қиындығын қатар бөлісіп, жұбайлық ғұмырдың жарасымын бастан бірге өткеріп келеді. Бүгінде олар өсіріп-тәрбие­леген ұлдары Қайрат пен Дәурен Әбдіровтер әулетінің игі дәстүрін абыроймен жалғастыруда.

Аз ғана уақыт ішінде жоғары оқу орнына дейінгі оқу факультетінің деканы, ауыл шаруа­шылығын механикаландыру факультетінің деканы, кафедра меңгерушісі, университеттің бірінші проректоры лауазымына дейін жоғарылайды. Әр қызметке кіріскен кезде жанын сала, қоғам игілігі жолында ізденіспен, жаңашылдықпен еңбек етеді.

Университеттің бірінші проректоры қызметін атқара жүріп, негізгі қызметінен қол үзбей, 2006 жылы А.Әбдіров докторлық диссертациясын табысты қорғап шығады. Бір жылдан соң профессор атағын алып, 2011 жылы Қазақстан Педагогика ғылымы академиясының толық мүшелігіне сайланады.

Ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Оған көптеген үкіметтік наградалары мен министрліктің, ведомстволық төсбелгілері, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хаттары куә.

Халық жазушысы, айтулы мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев «Біліммен қоса білік деген, азаматтықпен қоса кісілік деген ұғымдар бар. Халық соңғы екеуін алдыңғы екеуінен кем қадірлемейді. Өз басыңды күйттегенде қайсысына жүгіну – өз еркің, ал ел мүддесін күйттегенде төртеуіне бірдей жүгіну – шарт» деген екен. Айтжан Мұхамеджанұлы – осы қасиеттерді бойына қатар жинаған жан.

Бүгінде жетінші шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатының депутаты, мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Ел егемендігі туралы декларацияның қабылдануымен еліміздің шекарасы белгіленіп, кейін мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастағы дербестік, мемлекеттік рәміздер бекітілгеніне, жалпы сол кезден бастап ел ішінде оң өзгерістер орын алғанына куә болумен бірге, осы істердің басы-қасында жүру бақытына бөленгенін, тәуелсіздікті нығайтып, оны баянды ету жолында тер төгудің маңдайына бұйырған бақ екенін бір сәтке де есінен шығарған емес. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болып, егемен еліміздің абыройын асқақтату жолында Айтжан Мұхамеджанұлының әлі талай асуды алары анық.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button