Елорда тынысы

Балабақша қауіпсіз бе?

Қазір балабақшаға баратын балақайлардың қауіпсіздігі – түйткілді мәселенің бірі. Себебі соңғы уақытта балабақшада балаға қатысты жазатайым оқиғалардың жиі қайталануы ата-ана­ларды алаңдатып отыр. Осыған байланысты кеше елорданың №89 мектеп-лицейінде «Мектепке дейінгі мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында елорданың жекеменшік балабақшаларының меңгерушілерімен жиналыс өтті.

Жазатайым оқиғалар мен балалар жарақатының алдын алу және болдырмау, тәрбиешілердің, қызметкерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған жиынға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қаладағы жекеменшік балабақшалардың меңгерушілері қатысты.

«Елорданың жекеменшік балабақшаларында балаларды ұрып-соғу деректері жиілеп кеткенін айту керек. Мұның себептері, әрине, көп. Алайда бірінші кезекте балабақшалардағы тәрбиешілердің кәсібилігіне тоқталғым келеді. Бұл – кез келген істің қозғаушы күші. Бірақ кейінгі кездері қоғамда педагогика саласы мамандарының беделі төмендеп кетті. Көбі оны тиісті ұпай жетпегендіктен, әйтеуір бір мамандық алып шығайын деген ниетте амалсыздан таңдайтын болды. Мұндай маман иелерінде балаға деген сүйіспеншілік пен махаббат болуы керек. Ал бізде ондай мамандар, өкінішке қарай, аз» деді Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина.

Іс-шарада Астана қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы Айгүл Ережепова, қалалық Полиция департаменті ювеналды полиция бөлімінің басшысы Нелля Дощанова, Астана қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Шағалтаева, Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Лейла Күленова сөз сөйлеп, мектепке дейінгі мекемелерде балалар үшін қауіпсіз жағдай жасау, мектеп жасына дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жай-күйі мен қабылданып жатқан іс-шаралар жөнінде кеңірек тарқатты.

Қатысушылар әсіресе жаз мезгіліндегі балалардың жол-қауіпсіздік ережелеріне жете мән беруге, ата-аналарды зорлық-зомбылық фактілеріне жедел әрекет ету алгоритміне сүйенуге шақырып, мектепке дейінгі мекемелердің басшылары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсынысымен бөлісті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button