Қала мен Сала

Суға түскенде сақ болыңыз!

Астана қаласының аумағында қауіпсіздік талаптарына сәйкес шомылуға арналған үш учаске бар. Олар: орталық жағажай, «Три пескаря» және «Астаналық аула» демалыс аймағы. Қаладағы су айдындарының басқа учаскелері шомылуға жабдықталмаған және санкция­ланбаған, мұндай жерлерде шомылуға болмайды.

Шомылу кезеңі басталар алдында тиісті қызметтер жағажайларды тексеруі тиіс. Шомылуға болатын арнайы шекара белгіленеді, балалар үшін шомылуға арналған жеке орындар жабдықталады. Құтқару құрал-жабдықтары және бақылау мұнаралары орнатылады.

Жыл сайын жаз мезгілінде елорданың су айдындарында жазатайым оқиғалар тіркеледі. Бұған көбіне жұрттың тыйым салынған орындарда шомылуы, су қоймаларының жанында алкоголь ішуі және балаларды қараусыз қалдыруы себеп болады. Белгіленбеген су орындары қауіпті. Себебі оның түбі зерттелмеген. Түбінде сынған әйнек, балық аулау торы, сым, арматура, тас секілді қауіпті заттар болуы мүмкін. Сондықтан мұндай орындарда шомылу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

Әсіресе жағадан ұзап кеткен адамның абай болғаны жөн. Жағалаудан неғұрлым алыс болса, өзеннің ағысы су бетінде де, астында да қатты болады. Сондай-ақ су құйылған тастанды қазаншұңқырлар да қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай орынға кіруге және ойнауға қатаң тыйым салынады. Арнайы жабдықталған жағажайлар қауіпсіз саналады.

Балаларға қатысты жазатайым оқиғалар, негізінен, ересектердің қарауынсыз қалуынан, денесі құрысып қалғанға дейін салқын суда ұзақ шомылуынан болады. Сондай-ақ жүзе алмауы, қауіпті ойындар, арғы жағасына дейін жүзіп өтуге ұмтылуы және жүзе алмағандықтан түрлі заттармен жүзуі де қайғылы аяқталып жатады.

Су айдындарында мынандай әрекеттерге рұқсат етілмейді:

1) «Шомылуға тыйым салынады» белгілері орнатылған жерлерде шомылуға;

2) жүзу шекарасын белгілейтін белгілерден тыс жүзуге;

3) катерлерге және басқа да жүзу құралдарына жүзіп жетуге;

4) қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, қоршаулардан және басқа да орындардан суға секіруге;

5) осы мақсаттарға бейімделмеген орындарда спортпен айналысуға, оның ішінде спорт ойындарын ойнауға;

6) жалған дабыл қосуға;

7) су айдындарын ластауға, кір жууға, отын жаруға, шомылуға бөлінген орындарда 500 метрге дейін көлік жууға және жөндеуге;

8) шағын көлемді (оның ішінде ескекті) су көліктеріне кіруге және жағажайлар мен акватория учаскелерінде (адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кемелерді қоспағанда) маневр жасауға тыйым салынады;

9) су айдындарында қауіпсіздік белгілерін өз бетімен алып тас­тауға, бүлдіруге немесе орнатуға жол берілмейді;

10) алкогольдік және есірткілік масаң күйде шомылуға;

11) тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге;

12) жүзуге арналмаған заттармен жүзуге;

13) демалушыларға жарақат әкелуі мүмкін қоқысты жағалау­да және шешінетін бөлмелерде қалдыруға;

14) су айдындарындағы қауіпсіздік белгілеріне шығуға;

15) балаларға ересектердің қарауынсыз суға түсуіне жол берілмейді.

Осыны есте сақтаңыздар. ­Өйткені әркімнің қауіпсіздігі – өз қолында!

Руслан СЕРІКОВ,

Астана қаласы ТЖД

Алматы ауданы ТЖ ­басқармасының аға инженері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button