Ел тынысы

Қазақстан-Қытай: Ынтымақтастықтың сенімді қадамы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Қазақстан Президенті, ең алдымен, мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

«Қазақстан үшін Қытай Халық Республи­касының орны ерекше. Біздің ынтымақ­тастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз ортақ. Аймақтық және халық­аралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңыз­ды» деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың сауда-саттық көлемін 40 млрд долларға жеткізуді ұсынды.

«Бүгінде Қытай – Қазақ­станның негізгі сауда серіктес­терінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асты. Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 млрд долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 млрд долларлық межені белгілеуді ұсынамын. Осы мақсатқа жету үшін біз өзара сауда номенклатурасын кеңейте алар едік» деп мәлімдеді Қазақстан Президенті келіссөз барысында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан Қытайға жіберілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

«Тек былтыр ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің өзара сауда-саттық көлемі 780 млн доллардан асты. Қазақстан бұршақ дақылдарын, жоғары сапалы әрі экологиялық таза мұздатылған сиыр және қой етін жеткізуге дайын» деді кездесуде ел басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халық­аралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынды.

«Экономикалық әлеуеттің жүзеге асырылуы көбінесе көлік-транзит саласына байланысты. Бұл жерде Сіздің ауқымы жағынан бірегей «Бір белдеу – бір жол» бастамаңыз­дың аясындағы табысты ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді. Осы жылдар аралығында «Бір белдеу – бір жол» жобасын бірлесіп жүзеге асыруда елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Ертең Сиань қаласының құрғақ портында ло­гистика орталығы іргетасының онлайн режимде қалануы біздің көлік-логистика саласындағы байланыстарымыздың тағы бір белесі болмақ. Көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транс­каспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынамын» деді Қазақстан Президенті.

Ол сондай-ақ елімізде Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашуға ұсыныс жасады.

«Елдеріміздің білім мен ғылым саласындағы ынтымақ­тастықты нығайтуға қызы­ғушылығы артып келеді. ҚХР-да техникалық білім сапасы жоғары екенін ескере отырып, Қазақстанда Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашуға мүдде­лі екенімізді тағы да атап өткім келеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кездесуде: «Қазақстан мен Қытайдың негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары бірдей немесе ұқсас. Сондай-ақ екі тарап бір-бірінің халықаралық бастамаларын дәйекті түрде қолдайды. Осы ретте Сіздің жаһандық қауіпсіздік, жаһандық даму және жаһандық өркениет саласындағы халықаралық бағдарламалық бастамаларыңызды қолдайтынымды айтқым келеді. Бұл бастамалардың жүзеге асырылуы әлемдегі тұрақтылыққа, қауіпсіздік пен сенімге қол жеткізуге ықпал ететініне, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдететініне сенімдімін» деген ойын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ­өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға дайын екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады.

«Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығы­мыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңыз­ды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет» деді ҚХР Төрағасы.

Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларын­дағы жан-жақты ынтымақ­тастығын дамыту, көлік-транзит ­әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Рес­публикасына мемлекеттік сапары аясында екі ел арасындағы 23 құжатқа қол қойылды. Солардың қатарында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім» және басқалары бар.

***

Президент 18 мамырда Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі және мемлекеттік сапар аясында бірқатар іс-шара өткізеді, сондай-ақ Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысады.

Мемлекет басшысы 19 мамырда «Орталық Азия – Қытай» саммитіне және еліміздің ­Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты түрде ашылу рәсіміне қатысады деп жоспарланып отыр

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button