Елорда тынысы

Халық бірлігінің қайнар көзі

Елордада Қазақстан халқы ассамблеясының XXXII сессиясы басталды. Отырыста Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида ­Балаева мемлекеттің басты мақсаты тәуелсіздігімізді сақтау екенін атап өтті.

«Еліміздің егемендігі – барлығымызға ортақ құндылық. Ал оны қастерлеп сақтау – азаматтық парыз. Бұл орайда саяси маңызды іс-шаралар ел тағдырына қатысты ой-жоспармен бөлісуге мүмкіндік беретін ақпарат алаңы» деді Аида ­Балаева. Оның айтуынша, біз ел арасында тек рухани бірлік пен құндылықты дәріптеу арқылы қоғамды ауызбіршілікке жетелейміз. «Кез келген мемлекет бірлікте болса, онда ол одан әрі гүлдене түседі. Өздеріңіз көріп жүргендей, президенттік реформаларды жүзеге асыру процесі өте қарқынды жүріп жатыр. Қысқа мерзім ішінде біз маңызды институционалдық өзгерістерді бастадық. Егер біз оны бүкіл қоғам болып қолдап қана қоймай, өз өңірімізді дамытсақ, онда көп ұзамай жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз» деді Президент Әкімшілігінің басшысының орынбасары.

Одан кейін сөз кезегін алған ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Альберт Рау ҚХА-ның сессиясына әр өңірден жиналған жұрттың ішінде жастардың қарасы көбейгенін атап айтты. «Бүгінгі жиынға қатысуға ассамблея ардагерлері мен әр өңірден жиналған мүшелері, сондай-ақ жаңадан қосылып жатқан жастар келді. Бұл ассамблеяның жұмысы алға жылжып, өзінің тарихи миссиясын дамытып келе жатқанының көрсеткіші десе де болады» деді депутат. Сондай-ақ ол жұртты бірлікке, ынтымаққа, елдікке үндейтін ҚХА-ның алдында қыруар жұмыстар тұрғанын тілге тиек етті. «Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен ертеңі үшін бәріміз жұмылып, бірлікпен өмір сүрсек, мақсатымызға жетеміз. Бұл жерде Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы орасан. Біздің басты мақсатымыз – ол еліміздің тәуелсіздігін сақтап, халықты бірлікке шақыру» деді А.Рау.

Екі күнге созылатын сессия­ға 1300 адам, соның ішінде Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҚХА мүшелері, республикалық және облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, ғылыми, шығармашылық қауымның, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.

Биылғы сессия «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» деген атаумен өтеді. Жиынға қатысушылар Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ұлт бірлігі құндылығы, жүйелі өзгерістерге саяси және қоғамдық серпін беру, мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңіндегі ұлттық саясатты жүргізудегі әртүрлі этностың үлесі сияқты мәселелерді талқылайды. Сессияның секциялық басқосулары Назарбаев университетінде өтеді. Онда делегаттар мен сарапшылар жоғарыдағы аталған тақырыптарды ашық талқылайды. Ал бүгін сессияның Пленарлық отырысы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button