Басты ақпаратЕл тынысы

Қосылған қос өзен секілденіп

Елордада ырысы мен ынтымағы жарасып, ауызбіршілігімен көпке үлгі болған отбасы көп. Солардың бірі – дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауының былтырғы жеңімпаздары астаналық Айнагүл және Дулат Сағитовтар.

Қазақ ұғымында отбасының орны ерекше. Адам ­баласының өсіп-­өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі саналатын киелі ортаны шайқалтпай, шыны-аяғын сылдырлатпай, шаңырақтың берекесін кіргізіп отыру оңай шаруа емес. Отбасының түтінін түзу шығарып, шаңырақтың шаттығын шалқыту жұбайлардың екеуіне де тікелей байланысты. Отасқанына он үш жылдан астам уақыт өткен Айнагүл мен Дулат Сағитовтар мұның сырын жақсы біледі.

Степногорск қаласында дүниеге келген Дулат Ералыұлы орта мектепті бітіргеннен кейін Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, елге абыроймен аман-есен оралады. Туып-өскен қаласындағы автомобиль көлігі техникумын бітірген жылы туысының тойында болашақ жарымен танысады.

Күйеу жі­гіт жақтан келген бозбала бейтаныс құдашаға бір көргеннен ғашық болады. Целиноградта дүниеге келіп, Астанадағы №27 орта мектепті, кейін жоғары оқу орнын қаржы және несие мамандығы бойынша бітірген арудың да жүрегі бір түрлі шым ете түседі. Олар қыз-жігіт болып көп жүрмеді де.

– Алғаш танысқан кезімізде мен Алматыда тұрып, жұмыс істедім. Үйлену тойынан кейін жұмысқа қайта оралдым, әр демалыс сайын Астанаға келіп тұратынмын. Қоштасу қиынға соға берді, көп ұзамай жұмыс­тан шығып, Астанаға біржола көшіп келдім. Бұл қалада одан басқа ешкімім жоқ еді. Біз бір-бірімізге тез үйренісіп, тез тіл табысып кеттік. Әлі күнге дейін бір-бірімізді қабағымыздан танимыз. Оның не айтқысы келіп отырғанын мен, менің не ойлап отырғанымды ол алдын ала біліп қоямыз. Сезіміме сенгеннен кейін, бірден ұсыныс жасадым. АХАТ бөліміне өтініш бердік. Бірнеше күннен кейін біз қала күні мерекесіне қатысуға шақырту алдық. Сол күні некелесуге ниет білдірген 30 жұппен бірге әсем Астананың көрікті жерлерін аралап, әдемі ескерткіштердің жанында суретке түстік. Көп ұзамай жас жұбайлар ретінде біздің жұп Есіл өзенінің жағалауындағы үлкен кемені іске қосу рәсіміне шақырылды. Жұбайлық ғұмырымыз осылайша салтанатты сәттермен басталып еді. Бәрін жақсылыққа жорығанмын, тек тағдыр біз ойлағандай оп-оңай емес екен. Айнагүлмен тағдыр қосқаныма еш өкінбеймін. Керісінше, оны жолықтырған Жаратқанға ризамын, – деді Дулат Сағитов.

Әдетте, жас шаңырақ иелері өмірдің тосыннан келер сынақтарына төтеп бере алмай, ортадағы балаға да қарамай, өз қарақан басының қамын күйттеп, екіге бөлініп кетіп жатады. Өкінішке қарай, бүгінде мұндайлар тым көп. Ал Сағитовтар болса тағдырдың сынағына сынбады.

Сол бір күнді еске түсірудің өзі олар үшін тым ауыр. 2010 жылдың 15 наурызы, тұңғыш қызының бірден жаңа асып, тәй-тәй басып, былдырлап жүрген кезі болатын. Ол кезде Дулат «Қазақсельмаш» зауытында жұмыс істеді. Басшылықтың тапсырмасымен 10 кВт тарату қосалқы стансасындағы ток трансформаторларын тексеру кезінде, нұсқауларды орындай отырып, ұяшықты ажыратып, оны айналдырып, кейін тексеруге кіріседі. Қысқасы, жо­ғары вольтты ток ұрып, ауыр жарақат алады. Иекке кірген ток бас пен тізе арқылы шығып, оң қолды кесуге тура келеді. Жансақтау бөлімінде 40 күн жатқанда, дәрігерлер оның аман қалатынына күмәнді еді. Екі айдан кейін ауруханадан 40 кг салмақта мүгедектер арбасымен шыққанда, бұлшық еттері атрофияланып, жүре алмай қалады. Тілсіз жау қос жанарын да жағып жіберген. Қас-қағым сәтте өмірінің астан-кестені шыққан жігіт өте ұзақ уақыт емделіп, бір-біріне қиын сәтте демеу болып, жігерін қайрап, сезіміне селкеу түсірмей, ақыры алдымен Алланың, одан соң Айнагүл Ғұмырлықызының шыдамдылығы мен табандылығының арқасында беті бері қарайды. Тері трансплантациясы бойынша көптеген операция жасалды. Балдаққа тұруы үшін қанша күш-жігер жұмсалды. Санкт-Петербургке қоңырау шалып, барлық мүмкіндікті пайдалануға тырысты. Қолына протез киді. Қысқасы, қиындыққа қасқайып қарсы тұра білді. Ақыры, бірлесіп басқа түскен ауыртпалықтың бәрін де жеңді.

Бүгінде олар алты баланың ата-анасы. Үш қыз, үш ұл тәрбие­леп отырған бақытты жандар. Өздері балаларының есіміне ерекше мән береді. Мәселен, тұңғышы – Адия. Бұл – Айнагүл мен Дулат есімдеріндегі әріптер жиынтығынан туған ат. Мағынасы да жақсы, сыйлық, сыйақы дегенді білдіреді. Шынымен де, Адия олар үшін Алланың сыйы еді. Екінші қызы – Әлия. Қазақтың батыр қызы секілді батыл әрі сенімді болсын деген ниетпен осылай атапты. Үшінші қызын атасы Нұрланның құрметіне Нұрия деп қойыпты.

Ұлдарының үлкені Алдияр – атасы мен әжесінің баласы. Бұл әрқашан күшті болу дегенді білдірсе, екінші ұлы Әбілмансұр және кенжесі Нұрислам – барлығы да спортпен шұғылданады әрі оқу озаты. Адия 4 жасынан көркем гимнастикаға барса, қазіргі уақытта оқ ату және шаңғы жарысымен айналысады. Биатлонда ойнайды. №6 гимназияның 7-сыныбында оқиды. Әлия да 4 жасынан бастап көркем гимнастикаға барады. Сонымен қатар балет және фортепианомен қосымша айналысады. №46 гимназия мектебінің 4-сыныбында оқиды. Нұрия конькимен сырғанауға барады. Сондай-ақ балетпен айналысуды жалғастыруда. №6 гимназия мектебінің 2-сыныбында дәріс алып жүр. Алдияр 5 жасынан бастап шайбалы хоккей бойынша спорт мектебіне қатысса, Әбілмансұр №4 «Аружан» мемлекеттік бөбекжайында, Нұрислам әлі кішкентай.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегендей, бұл отбасында бір сәт бос отыру деген жоқ. Қай-қайсы да тынымсыз еңбек етуде. Мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, отағасы екі жерде – «Каспий» спортты дамыту қоры параолимпиадалық жаттығу орталығында әкімші және елордалық циркте диспетчер болып жұмыс істейді. Айнагүл – есепші.

– Айрандай ұйыған берекелі отбасы болу, әрине, оңай емес. Оған ерлі-зайыптының екеуі бірдей атсалысуы керек. Отбасының берекелі болуы өзара сыйластыққа, қанағат пен ауызбіршілікке байланыс­ты. Кешірімді бола білгеннен кішірейіп қалмайсың. Қанша қиындықты бастан өткерсек те, біз ажырасу деген ұғымды мүлдем ойламаппыз. Қайғыда да, қуанышта да бірге болдық. Сондықтан да болар, әлі күнге дейін тату-тәтті өмір сүріп, бала-шағаның қызығын бірге көріп келеміз, – деді Айнагүл Сағитова.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button