Елорда тынысы

100 отбасы газға тегін қосылады

Астанада әлеуметтік аз қамтылған 100 отбасы газға тегін қосылады. Олардың ішінде зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы және т.б. бар. Қала әкімдігі Halyk банкімен бірлесіп Алматы және Сарыарқа аудандарындағы жүз жеке үйді тегін газдандыру туралы меморандумға қол қойды.

Жалпы бюджеті 230 млн теңгені газдандыру жобасы Halyk банкінің 100 жылдығына арналған «100 игі іс» ауқымды науқаны аясында іске асырылуда. 2023 жылы Halyk Bank қаражаты есебінен мұқтаждығы бар отбасылар арасында 230-ға жуық тұрғын үй – Астанадағы 100 үйді және Алматы қаласының Наурызбай, Алатау және Медеу аудандарында тұратын 130 үйді газға толықтай қосу үшін қаржыландыру жоспарланып отыр.

– Астана қаласындағы Алматы және Сарыарқа аудандары газбен толық қамтамасыз етілген. Мұнда шамамен 12 мың абонент болса, соның ішінде 8 мыңнан астам абонент газға қосылды. Үйлерді газға қосу шығындарын азайту үшін жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 450 мың теңгеге жуық сомаға газдандыру шығындарына өтемақы беру көзделген, сондай-ақ құны 150 мың теңгеге жуық есептеу аспаптары тегін беріледі. Бұрын банк арқылы пайызсыз несиелеу бағдарламасы іске қосылған болатын. Енді Halyk-пен елордадағы 100 үйді тегін газдандыру жобасын іске асыруға кірісеміз. Қалған аудандар бойынша газ құбырын жеткізу желілерін, кварталішілік желілерді салу жұмыстары келесі жылы жүргізіледі. Газдандыру процесі – Мемлекет басшысының бақылауында, – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Елорда әкімшілігі әлеуметтік осал топтар санатына жататын мұқтаж адамдардың тізімін ұсынды. Оларға газдандыруды өз бетінше төлеуге мүмкіндігі жоқ тұрғындар енгізілді. Банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, аталған банк бірнеше жыл бойына газдандыру мәселесін шешуге өз ресурстарын салып келеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button