Қоғам

Құзыреті кеңейген Конституциялық сот

Өткен жылы Ата заңымызға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2023 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде Конституциялық сот (КС) жұмыс істей бастады. Осыған байланысты «Бұл орган тікелей кімге бағынады? Оған кімдер жүгіне алады? Аталған соттың судьяларының қабылдауына жазылуға бола ма?» деген төңіректе көптеген сауалдар түсіп жатады.    

Расы керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Конс­титуциялық соттың құрылуы – құқықтық жүйеге тың серпіліс әкелді. Өкілеттігі бойынша аталған орган кең құзыретке ие. Ол өз мүддесі бұзылған азаматтар жүгінген жағдайда олардың өтініштерін Ата заң нормаларына сәйкес қарастырып, қорғайды.

Жыл басынан бері азаматтардан бір жарым мыңға тарта өтініш келіп түсті. Жасыратыны жоқ, олардың көбі Конституциялық сот туралы заңның талаптарына сәйкес келмей жатады. Мұндай хаттар қателіктері түсіндіріліп, жауап жазылып, азаматтарға кейін қайтарылады.

Мәселен, келіп-түскен арыз-шағымдардың ауқымды бөлігі сот үкіміне наразылық, тағайындалған жазаға келіспеу, оны азайтуды сұрау немесе тергеудің дұрыс жүрмегендігіне шағымдану, судьялардың іс-әрекетіне баға беру сияқты болып келеді. Бірден айтайын, мұндай жайлар біздің құзыретімізге жатпайды.

Конституциялық сот тек азамат судья қолданған нормалардың Ата заң талаптарына сәйкестігіне күдіктенген жағдайда ғана мәселені шешуге араласуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, өтініш беруші сот қолданып отырған нақты заң талаптары мен актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеруді талап ете алады. Сондықтан сот шешіміне, оның шығарған үкіміне біздің еш ықпал ете алмайтынымызды әрбір азамат түсінуі керек.

Кейде бізге мойындарындағы несие қарыздарын өтеп беруді немесе баспана сатып алып беруге көмектесуді өтінген хаттар келіп жатады. Бұл, енді, азаматтардың құқықтық сауаттылығының қай деңгейде екенін анық байқататын жағдай.

КС-тің сот ісін жүргізу аясында анықталған түйткілді мәселелерді жыл сайын Парламентке, Үкіметке, Президентке жолдап отыратын мүмкіндіктері бар. Онда біз судьяларға жетпеген тек мемлекеттік органдар шешуі тиіс бірақ олар атүсті қаралған жолданымдарды саралайтын боламыз. Сонымен қатар Конс­титуциялық сот Президент жолданымдарын; Соттардың жолданымдарын; Азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің сәйкестігін тексеруді өтінген жолданымдарды қараймыз.

Конституциялық сотқа азаматтар екі түрлі жағдайда жүгіне алады. Біріншісі – судья азаматқа заңды дұрыс қолданбаған жағдайда. Екіншісі – апелляция кезінде сот актілерінің конс­титуцияға сәйкес келмеуі анықталса, азамат КС-қа жүгіне алады. Қалған уақытта барлық арыз-шағымдар мен хат-хабарлар КС туралы заңның 45-бабына сәйкес қаралады

Конституциялық сотта 11 судья жұмыс істейді. Әр судьяның өзіне берілген жүктемесінен бөлек, айналысатын басқа да жұмыстары бар. Баршаға аян, КС – жаңа құрылым. Сондықтан осы бағытта бізде басқа да органдардың  зерттеулері мен жарияланымдарына тек соттарға ғана емес, халықаралық ұйымдарға да қолжетімді нормативтік базасы қалыптастырылуда.

Бізге жеке қабылдауға жазылуға келіп, өтініш білдірген азаматтар болды. Олар «КС неге азаматтарды жеке қабылдамайды?» деген сауалдар қойып жатады. Біз азаматтарды жеке қабылдай алмаймыз. Неге десеңіз, адам елдегі құзіретті органның қабылдауына келгесін ол тек айтылған сөзді тыңдап қана қоймайды, өзінің көкейтесті мәселесінің шешілуін талап етеді. Ал бізде төраға да, судьялар да кез келген жеке мәселеннің шешілуіне кепіл­дік бере алмайды. Өйткені Конс­титуциялық сотта шешім судьялардың көпшілік даусымен қабылданады. Әрі қандайда бір мәселені КС жан-жақты зерттеп, саралап барып қолға алады. Оған, әрине, біраз уақыт қажет.  Бажайлап қарасақ, Конституция­лық соттың тарихында басқа елдерде де азаматтарды жеке қабылдау тәжірибесі жоқ екен.

Жасыратыны жоқ, бізде жазба хаттардан гөрі, электронды түрде келетін хаттардың легі көп. Негізінен, олар e-Otinish. тұғыр­намасы арқылы келіп түседі. Электронды пошта арқылы келген хаттарды оқу оңайлау, сондықтан оларға тез жауап беріледі. Ал қағазға жазылған хаттар уақыт алады. Көбінің жазулары түсініксіз болады. Оны ежіктеп, мағынасын түсініп болғанша біраз уақыт кетеді. Оған қарағанда түрмеден жазылатын қағаз хаттар анық, әрі әріптерді тайға таңба басқандай әдемі көрінеді.

«Конституциялық соттың мәжілістері интернеттен неге көрсетілмейді?» деп сұрап жатады. Біз бұл мәселені ойластырудамыз. Қазір осы негіздегі басқа елдердің конституция­лық соттарының тәжірибесін оқып-үйреніп жатырмыз. Трансляция деген – үлкен мәселе. Сондықтан оған асықпай, байыппен жан-жақты дайындалып, осы жылдың аяғына қарай кірісу жоспарлануда.

Азаматтардың Конституция­лық сотқа жүгінуі хақында көптеген сауалдар түсті. Біреу­лер «соттың бірінші, екінші сатыларынан өтпей-ақ бірден сіздерге жүгінуге бола ма?» деп сұрайды.

Басқа мемлекеттерде азаматтар барлық инстанциялардан өтпей, Конституциялық сот олардың өтініштерін қабылдамайды. Ал бізде заңда анық көрсетілгеніндей, Конституциялық сотқа азаматтар екі түрлі жағдайда жүгіне алады. Біріншісі – судья азаматқа заңды дұрыс қолданбаған жағдайда. Екіншісі – апелляция кезінде сот актілерінің конституция­ға сәйкес келмеуі анықталса, азамат КС-қа жүгіне алады. Қалған уақытта барлық арыз-шағымдар мен хат-хабарлар КС туралы заңның 45-бабына сәйкес қаралады.

Егер Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы Конституцияға сәйкес келмейтіні анықталса, әрі осы бойынша азаматтар бізге шағым түсірсе, онда КС оның күшін жоя алады. Әрине, бұл бірден бола қалатын іс емес. Оны әуелі өндіріске алуымыз қажет, содан соң ол жан-жақты зерттеліп, сосын барып шешім қабылданады.

Парламент депутаттары қабылдаған заң туралы да осыны айтуға болады. Онда да келіспеу­шіліктер туындап, Конституцияға сәйкес емес деп бізге жүгінген жағдайда Мемлекет басшысы қол қойғанға дейін біз оны қарастыра аламыз. Президент сайлауы, Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы, рес­публикалық референдум өткізу туралы мәселелерді Конституциялық сот тек «Конституцияға сәйкестігіне күдіктеніп, адамдар тікелей жүгінген жағдайда өндірісіне ала алады.

Жақында бір хатта Алматы қаласындағы бір еңбек ұжымы екі-үш айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүргендерін айтып, шағым түсіріпті. Мұндай жағдайда Конституциялық сотқа бір кәсіпорын ұжымының атынан емес, азамат А., азамат Б., азамат С., деген сияқты жекелеген адамдардың атынан өтініш түсуі қажет. Өйткені КС субъекті ретінде тек тікелей жүгінген азаматтардың мүддесін, олардың жеке құқықтарын қорғайды. Сондықтан азаматтар жалпылама мүдде мен жеке мүдденің аражігін ажыратып алулары қажет.

Біз еліміздегі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын жақсы түсінеміз. Олар үнемі уақытпен санаспай күн демей, түн демей еңбек етеді. Егер олар өздерінің құқықтары мен бостандықтарына қатысты КС-ке жүгінетін болса, ол міндетті түрде қаралады. Азаматтар мынаны түсінген жөн: ол кім болса да, мейлі, құқық қорғау органы қызметкері болсын, журналист болсын, дәрігер, педагог немесе тіпті судья болсын, әңгіме жеке құқының бұзылуына қатысты болса, Конституциялық сотқа кез келген уақытта жүгіне алады.

Бақыт НҰРМҰҚАНОВ,

Қазақстан Республикасы
Конституциялық соты төрағасының орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button